5 июля 2022 г.

Мы в соц сетях:



Ғылым - білім мен мінездің тұздығы

12 август 2021, 12:13
Ғылым - білім мен мінездің тұздығы
Бақыттың биік шыңы – ұлттың жайын уайымдау. Мен қазақ ботаникасының осы тарихи кезеңдегі уайымдаушысы болғаныма бақыттымын дейді белгілі ғалым, академик, биология ғылымының докторы, профессор Нұғман Күлдәрбекұлы Аралбай!


- Нұғман Күлдәрбекұлы! Биыл мерейлі 60 жастың үстінде екенсіз. Белгілі ғалымсыз, азаматтық позицияңыз бар, елге, қоғамға айтарыңыз бар қайраткерлігіңіз де жоқ емес. Тіпті танымал публицист-блоггерсіз. 60 – жылдық мерейтойыңыз неге аталып өтпеді?

- Мерейтойды салтанатты атап өту ойда болған, тіпті нақты жұмыстар жүргізіліп, дайындықтар жасалған екен. «Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы» ҒЗИ-ның ұжымы және Қазақ ұлттық университеті география факультетінің ұжымы Матрица.kz сайтының ақпараттық қолдауымен жеміс – көкөніс ҒЗИ-ның салтанатты кеңейтілген ғылыми кеңесін өткізу жоспарланған.

Ғылыми кеңестің тақырыбы: «Бүгінгі Қазақстанның өсімдіктер нәсілдік қорының заманауи проблемалары». Осы кеңейтілген салтанатты ғылыми кеңестің күн тәртібі белгіленіп, өткізу сценариі де дайындалып қойған екен. 2020 жылдың 11 қарашасында өткізу жоспарланған бұл ғылыми кеңестің күн тәртібінде 5 ғылыми баяндама жасалуы тиіс еді:

1. «Қазақстандағы өсімдіктер нәсілдік қорының мәселелері және профессор Н.К.Аралбай : идеялар мен ұсыныстардан нақты істерге» - баяндамашы ҒЗИ-ның басқарма төрағасы Садықов С.Т.

2. «Рухани жаңғыру» ұлттық бағдарламасының ботаникалық кескіндері немесе Н.К.Аралбай ғалым, қоғам қайраткері» баяндамашы Матрица кз тобының жетекшісі С.Б.Мәмбетов.

3. «Н.К.Аралбайдың кейбір ғылыми идеяларына пікірлер»- баяндамашы ҚазПҒА –ның мүше корр.,б.ғ.к. Қуатбаев А.Т.

4. «Н.К.Аралбайдың биологиялық қауіпсіздік туралы ғылыми ойларына сын пікір» - баяндамашы б.ғ.к. Аманов С.Б.

5. «Профессор Н.К.Аралбай – биогеограф, эволюционист ғалым ,педагог»-баяндамашы г.ғ.к.,профессор Түгелбаев С.С.

Бірақ қазан айының соңында COVID-19-ға байланысты елде қатаң шаралар ұйымдастырылып, карантин жарияланып күшейтілді де, жиналыстар мен жиындарға тиым салынды. Сондықтан аталған салтанатты ғылыми кеңес өтпей қалды.

Ғылыми кеңестегі ұйымдастырушылар оның материалдарын менің қолыма ұстатты. Сол материалдардың ішінде негізгі баяндаманың қазақша, орысша мәтіндері, ғылыми кеңесті жүргізу сценарийі және т.б. бар. Ғылыми кеңестің өтпей қалғанына қарамастан Қазақстанның әр өңірлерінен құттықтаулар алдым.

Ол құттықтаулардың барлығы мен үшін өте бағалы,қымбат. Олардың ішінде Әл-Фараби атындағы ұлттық университеттің биология және география факультеттерінің ресми құттықтаулары, Ақтөбе университетінен, С.Сейфуллин атындағы Қазақ аграрлық техникалық университетінен келген құттықтаулар,телефон арқылы келген әріптестердің жылы лебіздері менің 60 жылдық мерейтойым ескерусіз қалды деген сөз емес.

- Дегенмен, жоспарланған ғылыми форумның өтпей қалуы былайғы жұртты талай маңызды, бағалы ақпаратсыз қалдырды – деген пікірмен Сіз келісесіз ғой деп ойлаймын. Сондықтан қолдағы бар материалдан негізгі баяндаманы берсеңіз, осы интервьюдің аясында жариялап қояйық.

- Жарайды, алыңыз:
«Садықов С.Т. «Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ҒЗИ» ЖШС-нің басқарма төрағасы.

Баяндама: «Қазақстандағы өсімдіктер нәсілдік қорының мәселелері және профессор Н.К.Аралбай: идеялар мен ұсыныстардан нақты істерге» (Проблемы генофонда растений в Казахстане и профессор Н.К.Аралбай: от идей и предложений к конкретным делам)

Құрметті әріптестер!
Қымбатты қонақтар!


Бүгінгі мерейтой иесінің бізде жұмыс істегеніне көп уақыт бола қойған жоқ, дегенмен де, институттың тыныс-тіршілігіне және ғылыми жұмыстарына ол кісі көптен бері тығыз араласып келеді деуге болады. Институттың мұрағатында 1999-2000 жылдары Дүниежүзілік Банктің, Ғаламдық экологиялық қордың және ҚР Үкіметінің «Тау агробиологиялық алуантүрлілігін қорғау» атты жобасының нәсілдік қорлар жөніндегі ұлттық сарапшысы, биология ғылымдарының докторы Н.К.Аралбаевтың сол кездегі ҚР «Жеміс және жүзім шаруашылығы» ҒЗИ-мен ынтымақтастықта жұмыс істегені туралы құжаттар сақталған.

Ұлттық сарапшы ретінде Алматы өңірінде тау агробиоалуантүрлілігін (жабайы алма [жеміс] ормандарын) қорғау мен таулы жерлердегі бау-бақша шаруашылығын дамытуды үйлестіру қағидасының ғылыми-әдістемелігін негіздеді.

Осы жобаның орындалу барысында Н.К.Аралбай академик А.Ж.Жаңғалиевтің творчестволық ұжымымен тығыз байланыста болып, бірігіп жұмыс істеді. Өткен жылы Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ҒЗИ А.Ж.Жаңғалиевтің ғылыми істері мен мұраларына арналған ғылыми конференция өткізді.

Осы конференцияны дайындауға және өткізуге профессор Н.К.Аралбай белсенді араласып, атсалысты. Бұл ғылыми форумды дайындау барысында Н.К.Аралбайдың өсімдіктер нәсілдік қорын икемдеп, парықты пайдалану кескініндегі жеміс-жидек және көкөніс шаруашылығының қыр-сырына қанық екеніне барлығымыздың көзіміз жетті деуге болады.

Автобиографиялық анықтамалықтардан белгілі болғандай, профессор Н.К.Аралбай өзін халықаралық деңгейдегі ботаник ғалым, ҚР ҰҒА академигі И.О.Байтулиннің ғылыми жетекшілігімен қалыптасқан ортодокс ботаникпін деп есептейді.

Солай бола тұра, бүгінгі мерейтой иесін біз халықаралық деңгейдегі ғалым, «Алманың атасы», ҚР ҰҒА-ның академигі А.Ж.Жаңғалиевтің ізбасары, үзеңгілес әріптесі ретінде де мойындаймыз.

Мұндай тұжырым жасауға болатын бірнеше себеп бар. Әдетте, өсімдіктер интродукциясы яғни табиғи ортадағы өсімдікті мәдени жағдайға қоныстандырып өсіру немесе қолға үйрету – эксперименталдық ботаника ретінде қарастырылады.

Бұл тұрғыдан алғанда жеміс-көкөніс шаруашылығы қолданбалы ғылыми зерттеу бағыты және маңызды нәсілдік қор (генетикалық ресурс) болып табылады. Н.К.Аралбай» 1990 жылы жарық көрген «Растения природной флоры Казахстана в интродукции» атты анықтамалық – монография авторларының құрамында болды.

Ал 2012 жылы күнгейлік, субтропикалық өсімдіктердің Қазақстандағы белсенді, мақсатты интродукциясы туралы ой-тұжырымды негіздеп ұсынды. Н.К.Аралбайдың өсімдіктер интродукциясы саласындағы басқа да ғылыми идеялары үлкен қызығушылық тудырып отыр деуге толық негіз бар. Бұл ғылыми идеялардың негізгі бағыттары мынандай:

• Интродукция – өсімдіктер нәсілдік қорын (генофондын) икемдеу-игерудің жолы;
• Интродукция өсімдіктерді ex-situ жағдайында қорғап сақтауды қамтамасыз ету;
• Интродукция – Қазақстанның жабайы жеміс ормандары популяцияларын қалпына келтірудің ғылыми – практикалық негізі.

Профессор Н.К.Аралбайдың бұл идеялары мен ой-тұжырымдары ғылыми жобалар мен ұлттық және аймақтық деңгейлердегі ғылыми бағдарламалар болып институттың келешегіне мол мүмкіншіліктер ашып отыр. Ерекше атап өтетіні, Н.К.Аралбайдың ғылыми идеялары институттың мазмұнын байытып нақтылай түсетіні сөзсіз.

Қазақ Жеміс және көкөніс шаруашылығы ҒЗИ Н.К.Аралбайдың «Қазақстан бүткіл құрлықтық Азиядағы биотаның және азамат өркениетінің бесігі(шығу орталығы) » деген тұжырымы да назарға алуға тұрарлық маңызға ие.

Бұл ғылыми тұжырым Қазақстанның эндемик өсімдіктерін талдау кезінде анықталып, негізделді. Сонымен , оны Қазақстан алма мен қызғалдақтың Отаны деген тұжырымның тағы бір ғылыми дәлелдемесі деп қарастыруға болады.

Қазақстан жер аумағындағы алғашқы, ежелгі өркениеттердегі бастапқы жеміс алма болған деуге толық негіз бар. Қазақ тіліндегі алма атауы бұйрық райдағы етістік ретінде қарастырылса – «ұстама, тиме» деген мағына береді. Яғни, тыйым салынған жеміс дегенді білдіреді.

Бәлкім, діни кітаптардағы «Жұмақтың бау-бақшалары» дегеніміз осы алғашқы, бастапқы жеміс ормандары болған шығар. Олай болса, жұмақтың бау-бақшаларындағы «Тыйым салынған» жеміс – алма болып шығады. Бұл тек қазақ тіліне ғана емес, барлық түркі тілдері үшін ортақ ұғым. Сонымен, бұл идеялардың арқасында институт «Рухани жаңғыру» ұлттық бағдарламасына қатысуға мүмкіндік алып отыр.

Академик И.О.Байтулиннің оқушысы, шәкірті ретінде профессор Н.К.Аралбай өзінің ғылыми - зерттеулерінде экологиялық – жүйелілік қағидасын ұстанады. Бұл ретте ол жаратылыстану бағытндағы ғылыми – зерттеу жұмыстарын биоалуантүрлілікті кадастрлық бағалаудан бастауды ұсынады. Басқаша айтқанда, академик А.Ж.Жаңғалиев айтқандай іргелі – фундаментальді түптеп-түгендеу ұстанымын басшылыққа алады. Ерекше атап өтетін бір жай бар – академик А.Ж.Жаңғалиев өз өмірін жабайы алманың түр ішілік алуан-түрлілігін түптен-түгендеуге арнады. Нәтижесінде жабайы алманың 1253 қыл-пішіні (формасы) анықталып, сипаттама алды. Осы ғылыми дәйекті мәліметтер біздің елімізді, академик А.Ж.Жаңғалиевті дүниежүзіне танымал етті, әлемге паш етті.

Жемістер мен көкөніс шаруашылығын өсімдіктер қортануындағы тағамдық-азықтық өсімдіктер тобының бір тармағы деп қарастыруға болады. Дәстүрлі агродақылдардың – дәнді дақылдар, жеміс-жидектер және көкөністердің генетикалық ішкі құрылымы ғасырлар бойы сұрыпталып алғашқыда генетикалық эрозияға, ал кейінірек толық генетикалық өзгеріске ұшырады. Ал генетикалық өзгеріске ұшыраған ағзалар мен нысандар(ГМО-ГӨН) азық-түлік ретінде адам өміріне қауіпті болып шықты. Сондықтан ГӨН-ГМО биологиялық қауіпсіздік мәселесінің өзегіне айналды. Соңғы жылдары профессор Н.К.Аралбайдың жетекшілігімен бір топ ізденушілер Қазақстанның табиғи флорасындағы азықтық-тағамдық өсімдіктерді зерттеумен айналысуда. Бұл тағамдық өсімдіктерді дәстүрлі аграрлық дақылдарға балама ретінде қарастыруға болады. Биологиялық қауіпсіздік тұрғысынан қарастырсақ, бұл бағыттағы ізденістер мен зерттеулер жеміс және көкөніс шаруашылығы ғылымы үшін өзекті, әрі маңызды және жаңа мүмкіншіліктер мен көкжиектер ашатынына күмән жоқ. Себебі, табиғи флораның құрамында агродақылдардың таңқурай, қарақат, пияз, сарымсақ, алма, өрік, жүзім, алхоры сияқты жақын туыстары,сонымен қатар жеміс-жидектерге, крахмалды, майлы, салат-шпинатты, көкөніс дақылдарына балама өсімдіктер де бар.

Бүгінгі күні профессор Н.К.Аралбайдың белгілі публицист-ғалым екендігін айтпай өтуге болмайды.Ол БАҚ-дағы қоғамдағы күнделікті өмірдің өзекті мәселелері мен оқиғаларға арналған 100-ге жуық мақалалардың,интервьюлердің,комментарийлердің авторы,оның ішінде ондаған мақалалар мен интервьюлер аграрлық ғылымның мәселелері мен оның стратегиялық дамуына арналған «Аграрная наука нуждается в перезагрузке», «Письмо в земельную комиссию», «Пустующие земли –гарантия биологической безопасности», «Қазақстанның ауыл-шаруашылығы министріне өткен кездесуде не айтылмады?» сияқты. Өзінің 60 жылдық мерейтойын профессор Н.К.Аралбай келелі ғылыми жетістіктермен қарсы алып отыр.Оның ҚаЗМУ биология факультетінің үшінші курсынан бастау алатын ғылыми ізденістермен айналысқанына да биыл 40 жыл болып отыр.Осы 40 жыл ішінде профессор Н.К.Аралбай 200-ден аса ғылыми еңбек жариялапты,оның ішінде 21 кітап –монографиялар ,анықтамалықтар,оқулық құралдар бар;30-ға жуық ғылыми кадрлер-ғылым кандидаттары мен магистрлер дайындап шығарды.

«Әркімнің өз шындығы бар,ал ақиқат біреу ғана және барлық уақытта жақын маңда жүреді»-деген қанатты сөз бар.Көпшіліктің ақиқатқа жақын шындықты ғана қабылдайтыны және мойындайтыны түсінікті. Профессор Н.К.Аралбайдың шындығын біздің қоғамда көп адам түсінеді және қолдайды.Бұл-факт,оны жоққа шығаруға болмайды».

- ҚР Президенті Қ.Тоқаевқа жолдаған ашық хатыңызда «Қазақстанның Флорасы маңызды биологиялық және гуманитарлық ресурс»-депсіз. Биологиялық ресурс дегеніңіз түсінікті. Ал енді өсімдіктерді гуманитарлық ресурс дегенді кеңірек түсіндіріп өтсеңіз.

- Өсімдіктер әлемі Жер бетіндегі барлық тіршілік иелерінің өмір сүру ортасы,тіршіліктің тірегі.Жер шарындағы құрлықтардың өсімдік жамылғысы фотосинтездің арқасында жыл сайын 4650 миллиард тонна органикалық зат түзеді және атмосферадағы оттегінің 99,99%-ін береді.

Яғни өсімдіктер жамылғысы Жер бетіндегі бүкіл адамзатты,әрбір адамның тіршілігіне қажет ауамен, тамақпен, киім-кешекпен,керекті басқа да ресурстармен қаматамасыз етеді. Сондықтан өсімдіктер, флораны гуманитарлық ресурс деп айтуға толық негіз бар.

Жер бетіндегі биосфераның жүздеген миллион жылдардағы эволюциялық үрдісінің нәтижелері нәсілдік-гендік материалда шоғырланған. Сирек гендер мен гендердің сирек комбинациялары өсімдік болсын, жануар-жәндік болсын,оларға ерекше сипат пен қасиет береді.

Флористикада дифференциалды таксондар деп аталатын эндемиктер мен роликтер осындай ерекше сипаты бар,қасиетті түрлерге жатады. Қазақстан флорасындағы әрбір 8 түр Жер бетінде басқа жерде кездеспейтін эндемик. Түр құрамының 12% болатын осы эндемиктер алма мен қызғалдақ сияқты біздің ұлттық кодымыздың ботаникалық төлқұжаты деуге болады. Бұл тұрғыдан алғанда өсімдіктерді гуманитарлық,рухани ресурс ретінде қарастырған абзал.

- Жалпы ботаника ғылымына қалай келдіңіз?Ғылыми өмірбаяныңызды қысқаша айтып өтсеңіз.Ғылыми жетістіктеріңіз бар ма?Олар туралы не айтар едіңіз?

- Адамзаттың тарихында ботаникаға деген сұраныс ең алдымен медицинаның дамуымен тығыз байланысты боған. Менің ботаникаға келуім де осылай болды. Менің нағашы атам Тәжітай (Тәжиддин) Машрапұлы Қаратау мен Алатау түйіскен Түркібасы (Түлкібас) жерінде өсімдіктің 40 түрін танитын, одан дәрілік қоспа дайындайтын.

Ауылдың үлкен кісілері нағашы атамның «дәрілерін» алып ішіп жүретін. Мен сол 40 өсімдікті танып білгім келді. Сөйтіп 2 курстан соң ботаника кафедрасын таңдадым. Бірақ нағашы атамнан ештеңе үйреніп үлгермедім,сол жылы нағашы атам дүниеден озды.

Жалпы биология саласында жұмыс істеймін деп 14 жасымда шешіп қойғанмын. Мектепте биология пәнінің мұғалімі Кеңес ағай (Кеңес Жылқыбаев) өз пәнін жан-тәнімен сүйетін, еңбекқор адам еді. Сол ағайымыз биологиядан факультативтік қосымша сабақ өтетін.

Ол факультативтік сабақтары «формальный» емес, өте мәнді, әрі қызықты болатын. Осы факультативті сабақтардан мен фотосинтез бен генетиканың мән-мазмұнын шамам келгенше түсініп шықтым десе де болады.

Бала кезімде түсімде ұдайы ақ халат киіп жүгерінің басындағы шашақтың тозаңын алып собықтың шашағына сеуіп жүретінмін. Қазақ мемлекеттік университетінің биология факультетіне оқуға түскенде генетик боламын деп ойлайтынмын. 1 курстан кейінгі далалық практикадан кейін ботаникамен айналысуға белді бекем будым.

Жалпы мені ботаникаға, оның ішінде флористикаға жетектеп әкелген белгілі ботаник, ғалым-системик Пернебек Мырзақұлов ағай болатын. Менің кәсіби ботаник болып қалыптасуыма көп себеп болған Пернебек ағайдан басқа Людмила Михайловна Грузинскаяны, Юрий Андреевич Котуховты ерекше атап өтуім керек.

Аспирантураға Иса Омарұлы Байтулинге Зайсан ойпатының флорасы проблемасымен түстім. И.О.Байтулин менің кандидаттық та, докторлық та диссертацияларыма ғылыми жетекшілік жасады.

29 жасымда кандидаттық, 37 жасымда докторлық диссертациялар қорғадым. 40 жасымда доцент, 41 жасымда биология профессоры атандым. Ғылыми өмірбаяным қысқаша қайырғанда осындай.

Менің ғылыми жетістіктерім туралы өзімнің айтқаным ыңғайсыз болар. Ол енді уақыттың еншісіндегі дүние. 2016 жылы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің «Ұлағат» баспасынан шыққан «Атырау Алтай арасы – Қазақтың бай флорасы» атты ғылыми еңбектер жинағының алғысөзіне біршама толық ақпарат бар. Бұл сұрағыңызға жауапты сол жерден іздеңіз. Басқа қосып-аларым жоқ.

- Бүгінгі күнгі жалпы адамзаттың ғылыми іс-әрекеттерінде Сізді мазалайтын дүниелер бар ма? Нендей ғылыми жетістіктер мен бағыттар сізді қуантады?

- Сіздің сұрағыңызға сұрақпен жауап беруді жөн көріп отырмын. «Қасиет-көпшілік алдындағы құндылық» деген ұғым-түсінік бар. Жалпы бүгінгі күні ғылымда қасиет қалды ма, егер қалса қаншалықты қалды?

Халықтардың алдында ғылым қаншалықты құнды? Короновирус індетінен кейінгі әлемде болып жатқан оқиғалар осындай ойларға жетелейді. Ғылым мен техника ғаламат дамыған осы уақытта, адамзаттың мінезі де өзгергендей әсердемін. Бүгінгі күні барлық салада асығыстыққа жол берген сияқтымыз.

Ал «асыққан шайтанның ісі» - дейді дана халқымыз. Сол дана халқымыз «Адам асыққанмен құдай асықпайды» және «Ғылым инемен құдық қазғандай» деген нақыл сөз қалдырған. Сондықтан, ойлау бар да, ойлану кемшін.

Ойлану үшін сабырлылық керек. Ойлану үшін асығыстыққа орын жоқ. Тек инемен құдық қазғанда ғана ойланасың, өзіңнің зерттеу объектіңді толығымен түсінесің, артық-кемін бағалайсың, ғылыми негізделген тұжырым жасайсың, ұсыныс жасайсың.

Ал бүгінгі күні көпшілігі ғылымның құдығын күрекпен, күрек емес-ау экскаватормен қазып жүр. Сондықтан диссертация қорғап, ғалым атанып жүргендердің көпшілігі өзінің зерттеу объектісін, өз саласының проблемасын түсініп жүр деп айта алмаймын.

Ең қиыны осындай шала білімді ғылыми атағы бар мамандар ЖОО-ында адам оқытып, маман тәрбиелеп жүр. Қазақстанның заманауи ойшылы Әдіхам Шілтерханов ағамыз айтқандай - «Шала білім шатастырады»

Бүгінгі күні мені қатты мазалайтыны осылар. Жалпы алғанда – айту бар да, тыңдау бар; тыңдау бар да, есіту бар; есіту бар да, түсіну бар; түсіну бар да, түйсіну бар.

Түйсінгенде ғана ол ой-пікір жүрекке жетпек; жүрекке жеткен ой ғана материалдық сипат алып, күшке айналады, құдіретті, қасиетті сипат алмақ. Яғни кез-келген ойдың идеяға, идеологияға айналуы осындай ірі-ірі төрт кезеңнен, сатыдан өтуі керек.

Айтыла салып, тыңдала салып үлкен идеяға айналған ой-пікір шала-жансар, қауқарсыз болмақ, өтірікке жол салмақ. Жаппай асығыстық жайлаған мына заманда осындай ірі-ірі төрт кезеңді бұзбай, ілгері жылжу оңай болып тұрған жоқ.

- Мысалы?!

- Бүгінгі күні Колорад қоңызынан қорғау үшін трансгенді картоптың сұрыптарын шығарған. Бұл сөзсіз қолдан сұрыпаудағы, гендік инженериядағы үлкен жетістік. Сондағы жетістік – картоптың геніне сарышаянның (скорпион) генін жапсырып ендіру.

Табиғатта картоп пен сарышаян туыс емес. Бірақ, колорад қоңызынан қорғайтын генді зерттеуші-ғалымдар сарышаяннан тауып, бөліп алған, оны басқа гендерге енгізіп – жамау әдістерін жасаған. Сөйтіп картоптың ГӨН-ГМО сұрыптары шығарылған.

ГМО сұрыптар болса адам ағзасына қауіп төндіретін нысан болып табылады және халықаралық деңгейдегі биологиялық қауіпсіздіктік мәселесінің өзегі болып тұрғаны белгілі. Біз білетін картоп Алқалар тұқымдасына (Solanaceae) жатады. Сол алқалар тұқымдасының басқа өкілдеріне колорад қоңызының ешқандай зияны жоқ. Бәріне белгілі өте улы меңдуана осы картоптың туысы.

Табиғатта туысаралық будандар көптеп кездеседі. Бәлкім, зерттеуші-ғалымдарға колорад қоңызынан қорғайтын генді осы меңдуанадан іздеп табу керек пе еді? Бірақ, асығыстық өз ісін істеді, сөйтіп бүкіл адамзатқа проблема тауып берді десе де болады.

Сіздің сауалыңыздың екінші бөліміне не деп жауап қайтарарымды да білмей тұрмын. Дегенмен де табиғат қорғауға, экологиялық проблемаларды шешуге арналған ғылыми зерттеулер жүргізіліп, айтарлықтай нәтижелер алынуда.

Осы бағыттағы жұмыстардың барлығына шүкіршілік етемін. Ал мені шын қуантатыны соңғы жылдары қарқын алып келе жатқан өзіміздің төл тарихымызға және бауырлас түркі халықтарының, жалпы түркі әлемінің тарихына деген ғылыми көзқарастың жаңа бағыттары. Бұл ғылыми көзқарастар отаршылықтың пиғылынан таза, алдымен өзіміздің – ҚАЗАҚТЫҢ мүддесіне сай келеді деген сенімдемін.

Қазақстандағы флоралардың эволюциясын зерттеуші ретінде осы жаңа бағыттарға менің де қосарым бар. Ең алдымен, Қазақтың этноботаникасына тереңірек үңіліп, дамытуымыз керек-ақ.

Бүгінгі таңда қазіргі Қазақстанның жер аумағы Евразия құрлығындағы биотаның (тіршіліктің) және алғашқы адамзат өркениетінің (цивилизацияның) алтын бесігі, ең алғашқы пайда болған орны деген пайым-тұжырым да жан-жақты дәлелденген факт.

Қазақстандағы табиғи ресурстардың айтарлықтай сақталғаны да менің көңіліме көп қуаныш әкеледі. Еліміздегі биологиялық табиғи ресурстар бұл ҚАЗАҚТЫҢ болашағына сенім беретін несібесі, азық-түліктік, тағамдық, тұптеп келгенде биологиялық және экологиялық қауіпсіздігі, ҚАЗАҚТЫҢ ұлттық денсаулығының кепілі.

Осы мәселелердің стратегиясын және тактикасын ғылыми тұжырымдап, табиғи экожүйелерді (жабайы табиғатты) бұзбай, бастапқы қалпында сақтаудың ғылыми негіздерін қалыптастыру, өзінің табиғи ресурстарына иелік ету, оны қорғап, сақтау – біз үшін келешек ұрпағымыз бен жалпы адамзат алдындағы міндетіміз бен борышымыз, деп ойлаймын.

- Соңғы берген сұхбат-интервьюіңізде бүгінгі Қазақ ғылымына материалдық, рухани, ар-ождандық, идеялық-теориялық және стратегиялық-әдіснамалық, жұпынылық тән депсіз.

- Менің ол интервью-сұхбатым орыс тілінде болатын. Ол жерде «нищета науки» деген тіркес қолданылған. Сіз оны жұпынылық деп жұмсартыпсыз. Солай-ақ болсын, Ойшыл, данагөй ботаник-ғалым, профессор Мүсілім Ысмайылұлы Бәйтенов айтатын: «Ғылымда қарапайым болуға болады,бірақ жадағай, жұпыны, тұрпайы болуға болмайды»-деп.

Бүгінгі таңдағы Қазақ ғылымы сіңірі шыққан кедейдің күйін кешіп отырғаны ешкімге жасырын емес. Ол туралы барлық деңгейде айтылып жүр. Айту жағынан кемшілік жоқ. Бірақ іс оңалып кете қойды деуге ертерек.

Министрлерді, Ғылым комитетінің басшылығын жиі-жиі ауыстырса да болмай жатыр. Яғни «гәп» басқада. Бүгінгі ғылымды ұйымдастыруда, ғылыми кадрларды топтастыруда және т.б.істерде жүйесіздік орын алып отырғанын мойындауымыз керек.

Осының себеп-салдарын талдап көрейік. Ең алдымен көзге түсетіні Қазақстандағы ғалымдардың (ғылымдағы басты субъект) әлеуметтік статусының күрт төмендеуі. Белгілі, беделді, аузы дуалы ғалымдарды шетелдік ғалымдармен,Назарбаев университетінің түлектерімен «батыл» алмастыру үрдісі жүріп жатқандай.

Бір ұрпақтың орнына екінші жас ұрпақтың келуі табиғи үрдіс екені заңды дүние. Бірақ, қазіргі «батыл» алмастыруды ғылымдағы ұрпақтар сабақтастығы деуге келмейді? Сөйтіп, айрандай ұйығаннан гөрі, іркіттей ірігенге көбірек ұқсаймыз. Ар-ождандық тұрғыдан алсақ, шынын айтқанда ұяттау тірлік болып тұр.

Қазақстанның ұлттық ғылыми жүйесін Қ.Сәтбаевтан бастау алатын алдыңғы аға буын ғалым аталарымыздан қалған аманат деп мойындауымыз керек. Олай болған жағдайда бүгінгі ғылымның айналасындағы тірліктер «аманатқа қиянат» сияқты болып көрінеді маған.

Ал аманатқа қиянат жасауға болмайтыны – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Сол алыптардан қалған ар-ождандық, рухани тұрғыдан қалыптасқан, материалдық тұрғыдан қамтамасыз етілген ұлттық ғылыми жүйе бүгін сіз айтқандай жұпынылыққа душар болып отыр.

Менің түсінігімше, Ғылым – білім мен мінездің тұздығы. Бұл тұрғыдан алғанда ғалымдарымыздың айрандай ұйымай отырғанын, осындай қауіпті үрдіске тосқауыл қоя алмай отырғанын да жоққа шығара алмаспыз. Білімі жетсе, мінезі жетпей, мінезі жетсе білімі жетпеген шығар. Алған айлығын шайлығына жеткізе алмай жүрген ғалымдарды ол үшін кінәлау орынсыз да болар.

«Ораза, намаз – тоқтықта» деген бар ғой. Десек те, білімі жетіп тұрса да, мінезі жетпей жатуы ғалымдардың арасында көнбістік, жалтақтық психология қалыптастырды. Ал көнбістікті, жалтақтықты көркем мінезге жатқызуға болмас.

Қазақстан ғылымының жаңа тарихында плагиат деген індетті толық мойындап, көнбістік танытып отырғанымыз біздің ғылымның рухани, ар-ождандық жұпынылықты бастан кешіп отырғанының көрінісі болса керек.

Кезінде білім және ғылым министрі мен Ұлттық университеттің ректоры бірін-бірі плагиат жасады деп айыптап, ол халыққа жария болып, ұят тірлік болды. ҰҒА-ның мерейтойында Елбасы Н.Ә.Назарбаев ғылымдағы плагиат мәселесін көтеріп, осы мәселені шешу үшін ҰҒА-сына арнайы комиссия құруды ұсынып, тапсырған болатын.

Осындай комиссияны құрып, жұмысын жүргізу міндеттелген ҰҒА-ның беделді мүшесі БАҚ-на берген бір интервью-сұхбатында: «Қазақстандағы ғылымның дамуына плагиат проблемасы бөгет болып тұрған жоқ» - деген мәлімдеме жасады.

Жарықтық Шер-ағаң, Шерхан Мұртаза: «Ашынған қарның тойынар! Жыртылған киімің бүтінделер! Одан әрі не істейсің?» - деп еді өзінің бір сөзінде. Қазір билік ғылымға бөлінетін қаржыны алдыңғы 2-3 жылда 7-8 есе көбейтеміз деген ниет танытып отыр. Бұл іске асса, Қазақстанның ғылымы материалдық жұпынылықтан құтылар күн алыс емес сияқты. Тек, Шер-ағаңның өсиетін ұмытпасақ екен.

Әзірге, ғылымдағы материалдық, рухани, ар-ождандық жұпынылықты мойындамасқа болмайды. Бұл жағдайда идеялық-теориялық, стратегиялық-әдіснамалық жетістіктер туралы сөз қозғаудың өзі артық.

Жарықтық Қадыр-аға Мырза-Әлінің: «Абыройға жетуден гөрі, оны алып жүру ауырырақ» - деген тәмсіл сөзі бар. Алдымыздағы алыптар алып берген Қазақстан ғылымының абыройын алып жүру, көтеру жауапкершілігі бүгінгі ғалымдардың мойнында. Мен тіпті: «Бүгінгі ғалымдардың азаматтық борышы!» - дер едім.

Ұлттық ғылымға қызмет ету үшін «Хирш индексі» сияқты халықаралық деп аталатын түсініксіз рейтингтің болуы басты шарт емес. Ол «Халықаралық рейтингтер» бізді жоғарыда атап өткен жұпынылықтардан құтқармақ емес. Мен оған толық сенімдімін.


- Ендігі жерде Сіздің публицистикалық,блогерлік істеріңізге тоқталсақ. Қалай блогер болдыңыз, оған не себеп болды?

- Сіздің бұл сұрағыңызға жауап берердің алдында бұрыннан қалған бір аңыз әңгіме есіме түсіп тұр. Баяғыда қатты қартайған, аузында тісі қалмаған бір қариядан алыстан жолаушылап келген ағайын-жекжаттары хал-жағдайын сұраған екен. Сонда әлгі қария - «Тоқсан деген келейін деген жасым ба еді, быламық деген ішейін деген асым ба еді?» - деген екен. Сол аңыздағы қария айтпақшы, мен де қайбір жетіскенімнен блогер болды дейсіз?

«Бөтен елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» - деген бар. Егер өз еліңдегі «сұлтандардың» дені дұрыс, ақыл-есі бүтін болса «ұлтан» болуға болады. Бірақ,ешбір ата-ана өмірге ұрпақ әкелгенде менің балам «ұлтан» болсын деп тілемейді.Сондықтан «Ұлтан» бол деп тәрбиелемейді. «Ұлтан» болғың келмесе, амалсыздан блогер боласың.

Біздің атамыз Аралбай Қуандықұлының біздерге - өзінің ұрпағына қалдырған өсиет сөзі мынадай: «Еңкейгенге еңкей...,шалқайғанға шалқай...». Анамыздың атасы, біздің үлкен нағашымыз Машрап бабамыздан қалған өсиет сөз де менің өмірдегі ар-ождандық бағдаршамым. Ол кісінің - «Біреуді ұрып саймен жүргенше, таяқ жеп қырмен жүр», «Жайылған алақан да болма, жұмылған жұдырық та болма, уыс бол» және «Зарым бар, зорым жоқ» деген сөздері ұрпағына «Ұлтан» бол деген сөз болмаса керек.

Біздің бүгінгі тіршілігімізде, қоғамда қарама-қайшылықтар жетерлік. Сол қарама-қайшылықтар ҚАЗАҚтың тұнығын лайлап, сол лай суда әркім өз «балығын» ұстап жүрген сияқты көрінеді маған. Қарама-қайшылықтардың қоғам өмірінде орын алуының себебі мынада – бүгінгі күні біз «Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады»; «Семіз сөйлеп арық шықпа, арық сөйлеп семіз шық»; «Саудың асын ішіп, аурудың сөзін айтпа»; «Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» деген сияқты принциптерді түбегейлі ұмытқандаймыз.

Қарама-қайшылықтар жайлаған қойыртпақ заманда, әркім өз «балығын» ұстап жүрген заманда, кейбір жекелеген адамдардың жәбір көруі түсінікті. Әдетте жәбір көретіндер «Ұлтан» болғысы келмейтіндер. Олардың әділдік іздеп құқық қорғау органдарына, билікке, мемлекеттік басқа органдарға шағынып, жүгінуі де түсінікті жайт. Бірақ, қарама-қайшылықтар жайлаған заманда әділдік пен шындықтың үлкен дефицит болатыны ешкімге де құпия емес. Жәбір көрген, «Ұлтан» болғысы келмеген кісіге не істемек керек?

«Жыртық үйдің де құдайы бар» - дейді дана халқымыз. «Құдайдың, Алланың бір аты – халық» - деген де бар. «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» - дейді біздің Ата заңымыз – Конституциямыз (3-бап, 1-тармақ).

Сондай «Ұлтан» болғысы келмейтіндердің біреуі менмін. Арқа сүйейтінім де, қорғаушым да, еркелетушім де, жөнге салушым да – халық. Бүгінгі халықпен байланыста болудың ең дұрыс жолы, заңды жолы – блогер болу. Блогерлік істерімде де қатаң принципім бар.

Хакім Абай айтқандай – «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін, жоқ-барды, ертегіні термек үшін...» және «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос».

- Сіздің әлеуметтік желілердегі мақалаларыңыздың тақырыбы әдетте 4 бағытта өрбиді. Олар-қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде түғырға қону мәселесі; Қоғамда орын алып отырған мәселелерге қатысты ой-пікірлер; Ата-заңымыз-Конститутция туралы және бүгінгі қазақтың жаратылыстану ғылымының, әсіресе ботаника ғылымының тағдыры туралы. Осы бағыттардың әрқайсысына жеке тоқталсақ.Сонымен, неден бастаймыз?

- Әрине, Конституциядан бастаған дұрыс. Жыл сайын Конституция күні жақындаған кезде қоғамда Ата заңымыз туралы пікір екі айырылады. Бірі-Конституция бізге тірек болып тұр, ол керек десе, екінші жағы Конституция жұмыс істемейді, сондықтан бұл Конститутция керек емес, жаңа Конституция қабылдау керек деген пікір айтады. Ал Сіз Конституцияны оқыдыңыз ба? Қаншалықты білесіз? Осы жағын ойланып көрдік пе?

Бір уақыт тереңірек ойлансақ тек мемлекеттік қана, мемлекет қана адам құқығын қорғай алады. Адам құқығы деген проблеманы мемлекетсіз көз алдыңызға елестете аласыз ба? Ал Конституция-мемлекеттің төлқұжаты, елдің рухани тірегі.

2016 жылғы орын алған жер мәселесіне қатысты митингілер, шынымды айтсам, менің көңілімде үлкен үрей тудырды. Сол кезде табан тірейтін тұғырды мен Конституциядан таптым. Содан бері қарай Конституция менің жұмыс столымда тұрақты орын алды.

Конституцияның тұғырнамалық қағидалары (фундаментальные принципы) тамаша, түсінген кісіге күш-қуат, болашаққа сенімділік береді. Бірақ, менің ойымша, әттеген-ай дейтін жерлері де жоқ емес. Мен билік органдарымен соңғы 10-12 жыл бойы хат жазысып, хат алмасып тұрамын. Әдетте өзім жазған хаттарымда көтерген мәселелерді Ата заңымыздың баптарына сілтеме жасап, негіздеймін.

Осы жылдары мемлекеттік органдардан алған жауаптардың бір де біреуінде и Конституцияға арқа сүйеп негізделген ой-пікір жоқ. Мен бұған қатты қынжыламын. Ол жауап-хаттарды оқып отырып,біздің биліктегі шенеуніктер Конститутцияны білмейді екен деген ойға қаламын. Тіпті өзімнің осындай ойларымнан өзім шошимын.

Сол түсініксіз жауапты дайындаған, оған қол қойған шенеуніктерге деген аяныш сезім орнайды көңілімде. Конститутцияны білмей, оның тұғырнамалық қағидаларын түсініп-түсінбей билікке бару - «көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлаумен бірдей.

Мен заңгер немесе құқықтанушы емеспін. Дегенмен де байқағаным - Конститутция біздің заңдардың ішінде ҚАЗАҚ-тың мүддесін қорғайтын жалғыз заң. Өзім жиі оқитын бір-екі заңнан және сол заңдарды іске асыруға бағытталған заңнамалық актілермен танысқанда байқағаным осы.

Біздегі қарама-қайшылықтардың ең бастысы да осы ғой деп ойлаймын. Осындайда жарықтық Баукеңнің-Бауыржан Момышұлы атамыздың-«Ақылсыз командир солдаттың соры» - деген нақыл сөзі есіме келеді.

Шынтуайтын айтсақ, Конституция ҚАЗАҚ қоғамының, мемлекетінің ақылы, ар-ожданы, ұяты мен намысы, рухани тірегі. Биліктегі шенеуніктер Конституцияны білмейді деген тезис мәселенің бір ұшы. Ал егер Конституцияны білгісі келмейді деген ойға қалай қарайсыз? Меніңше, мұндай тезисті де есептен шығаруға болмайды. Оның себебін анықтау керек-ақ.

Ең басты себебі біздің мемлекеттік органдарымыздың ішінде Конституциямызда қорғайтын институт жоқ. Көптеген мемлекеттерде ондай институт бар, олар-Конституциялық Соттар. Ал бізде ондай институт жоқ. Яғни, Конституцияны білмегенің үшін жауапқа тартылмайсың деген сөз. Көп шенеуніктің Конститутцияны білгісі де келмейтіні осыдан шығар, бәлкім Конституциямызды қорғайтын мемлекеттік құзырлы институт құру қажеттілігі-көзге ұрып тұрған ақиқат.

- Енді Қазақ тілінің мәселесіне деген көзқарастарыңызбен бөліссеңіз

- Бұл тақырыпқа арналған біраз ой-пікірлерім блогымда жарияланған. Қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде бекіткен Заң қабылданғанда мен 28-де едім. Содан бері 32 жыл өтіпті. Әлі күнге дейін ана тілімізді мемлекеттік тіл тұғырына толық орната алған жоқпыз.

Конституцияның 7-бабының 1-тармағы мен 93-бабының талаптарын отыз жылдан артық уақытта орындамай келеміз. Ал Конституция қазақ тілін қоғамның барлық салаларында білуге және толыққанды қолдануға міндеттейді. Бір ғана заңға бағынатын унитарлы мемлекетпіз.

Егер олай болса, міндетті орта білім беретін мектептердегі оқу процесі тек ғана қазақ тілінде жүруі керек еді және оқу, білім беру стандарттары да тек ғана қазақ тілінде болуы шарт еді. Бірақ, қос тілділік, үш тұғырлы тіл деген сияқты жалған концепцияларды ту қылып, балалар бақшасынан бастап қазақ тілі емес, басқа тілдерді тықпалап әлекпіз.

Қазақ тілінің формасы мен мазмұнын шұбарлап жатырмыз десе де болады. Осы отыз жыл ішінде қазақ тілін толыққанды мемлекеттік тілге айналдыруға бағытталған ұлттық бағдарлама жасалынбады, ҚАЗАҚ ғылымына ондай тапсырма берілмеді де, міндеттелмеді де. Яғни,мемлекеттік тілді дамытудың ғылыми негізі жасалған жоқ деген сөз.

Бұл қазақ тілі құрып бара жатыр деген сөз емес, әрине. Шүкіршілік қолдан келгенінше азаматтар қызмет етіп жатыр. Бірақ, өмір көрсеткендей, қазақ тілі ұлтаралық қатынас құралы болмайынша, мемлекеттік тіл тұғырына толыққанды орныға алмайды. Яғни, біздің қоғамда еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін ҚАЗАҚ тілі басты байланыс құралы, әрі мемлекеттік құндылық болуы керек-ақ. Әзірге олай болмай тұр.

Парламент пен Үкіметтен бастап,басқа ұлттар мен ұлыстар бұл мәселеде «Балапан басымен,тұрымтай тұсымен»дегендей болып тұр. Білім беру саласында, ғылымда қазақ тіліне басымдық берілген жоқ. Білім ордаларында өңшең қазақты үшке бөліп-қазақ,орыс,ағылшын тілінде оқытатын жасанды оқу топтарын құрастырып орыс,ағылшын тілдерін зорлап,тықпалап оқытып жатырмыз. Оны ешкім түсінбейді де,түсіндіре алмайды да.Осындай қойыртпақ.

- Қазақ тілін мемлекеттік тіл тұғырына қондырудың төте жолы бар ма? Бар болса, ол қандай?

- Оның төте жолы бар. Мысалы, кез келген ауылдың, ауданның, облыстың әкімі қасына ішкі саясат бөлімінің басшысын, прокуратураның өкілін, полицияның басшысын немесе өкілін ертіп өзінің құзырына қарайтын аумақтардағы дәмханалар мен мейрамханаларды аралап, оларға бас сұғып, бір шыны шай ішіп, сол мекемелердегі ас мәзірі-менюді бір қарап шықса, мемлекеттік тілдің мәселесі өзінен өзі бадырайып көзге түседі.

Сол дәмхананың немесе мейрамхананың қожайынына әкім бастаған «мемлекеттік делегация» - «Қазақстандағы мейрамхананың ас мәзірі неге қазақ тілінде емес?» - деп сұрақ қойса, содан соң Конституция талаптарын орындамағаны үшін әкімшілік жаза қолдансын деп хаттама толытырылса болды.

Ол мейрамханалардың иелері - «менің әкімшіліктегі қолдаушы көкем» Конституцияны мойындамаушы еді - деп айта алмайды. Тағы да қайталап айтамын - қазақ тілі құрып бара жатқан жоқ. Оның мемлекеттік тіл ретінде мемлекетіміздегі Конституция белгілеген тұғырына қондырудың саяси, ұйымдастырушылық қарқыны тым баяу.

Қатардағы қарапайым халық сезіну үшін мемлекеттік және құқық қорғау органдары қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде осындай заңсыздықтардан, кемсітулерден, берекесіздіктерден қорғауы керек. Өздерінің осы бағыттағы жұмыстарының нәтежиелерін жариялап тұрса болғаны.

Ал әкімнің қасында прокурор мен полицияның болуы міндетті. Себебі халық пен мейрамхананың иесі әкімді жақын танымауы мүмкін, ал прокурор мен полицияны танымайтын адам кем де кем. Конституциядағы унитарлық қағида да билік тармақтарының мемлекеттік тілдің мәртебесін өсіру жұмыстарын бірігіп қолға алуды міндеттейді.

- Мерейлі жасқа толу қарсаңында екі ғылым академиясының толық мүшесі болыпсыз, құтты болсын. Неге еліміздің Ұлттық ғылым академиясының мүшелігіне ұмтылмадыңыз? Жалпы біздің Ұлттық ғылым академиясына деген көзқарасыңыз қалай?

- Рахмет! Былтырғы, 2020 жылы, Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиямсының және Монғол Ұлттық Ғылым академиясының мүшелігіне қабылдандым. Осы уақытқа дейін менің ғылыми жетекшілігіммен 15 диссертациялық еңбек дайындалып, оның 13-і қорғалды және 15 магистрлік диссертация қорғалды; 200-ден аса ғылыми еңбектерім жарияланды,оның ішінде 21 кітап бар, қолжазба түрінде 4 кітап пен 2-3 ірі мақалаларым да бар.

Екі экологиялық ұлттық стратегияны дайындаған авторлар ұжымының мүшесімін. Сол ұлттық стратегиялардың аясында алғашқы рет Қазақстанның өсімдіктер әлемінің түр байлығына сандық сипаттама берген, шөлдену үрдісіндегі флоралардың трансформациясы туралы концепсияның авторымын.

Жабайы алма мен өріктен тұратын жеміс ормандарын сақтау туралы халықаралық ғылыми-практикалық жобаны іске асыруда генетикалық ресурс жөніндегі ұлттық сарапшы болдым. Осы жобаның аясында дайындалған «Таулық жеміс ормандарын сақтау мен таулық бау-бақша өндірісін үйлестіру» концепциясының авторымын.

«Алтай-Саян экологиялық аумағының биоалуантүрлілігін сақтау мәселелері» бойынша бірнеше рет ғылыми форумдарға ҚР ҰҒА президентінің жеке өкілі ретінде, Қазақстанның Ұлттық сарапшысы болып қатыстым.

«Қазақстанның флорасы» энциклопедиялық-анықтамалығының концепциясын, Қазақстан өсімдіктерінің заманауи номенклатурасын дайындаған зерттеуші топтың жетекшісімін. Осының барлығын ескеріп, әріптестерімнің ұсынысымен педагогикалық ғылымдар Академиясы өз мүшелігіне қабылдады.

Мен диссертация қорғаған Зайсан ойпатының өсімдіктер дүниесінің Монғолиядағы Гоби шөлдерінің өсімдіктерімен тығыз байланысы мен сабақтастығы бар. Бір кездерде Монғолияның Қобда қаласында өткен халықаралық ғылыми конференцияда мен бұл туралы көлемді баяндама жасағанмын. Мүмкін сондықтан болар, Монғол Ұлттық ғылым академиясы да мені өз мүшелігіне лайықты деп шешіпті.

Өзге мемлекеттің болса да Ұлттық ғылым академиясының мүшесі болу мен үшін үлкен құрмет, жалпы ҚАЗАҚ ғылымының, әсіресе ботаниканың абыройы мен беделі деп білемін.

Ал енді, сіздің сұрағыңыздың екінші бөлігіне келсек, ұлттық ғылым академиясының мүшелігіне, дәлірек айтсам, корреспондент-мүшелігіне өтуге екі рет талпындым. Бірақ, жоғарыда аталған менің ғылыми жетістіктерім ҰҒА-сы мүшелерінің көзіне қораш көрінді ме, әлде басқа себептері бар ма, әйтеуір тиісті дауыс жинай алмадым.

Бірақ оған өкінбеймін. Өтпедім екен деп ҰҒА-на деген көзқарасым өзгере қойған жоқ. ҚАЗАҚ ғылымының іргетасы, алтын бесігі Ұлттық Ғылым Академиясы екеніне ешкім таласа қоймас, жоққа шығармас деп ойлаймын. 2010 бергі жылдан магистрлер мен философия докторлары болмаса, қазіргі ғалымдардың барлығы дерлік ҰҒА-ның түлектері деуге болады.

Бүгін біздің бәріміздің ҰҒА-сын көтеруге, ұлықтауға «мінезіміз» жетпей жатқанын мойындамасқа болмайды. Әсіресе, ҰҒА-на мүше болып жатқан кейінгі буын ғалымдарға осындай «мінез» керек-ақ.

Осыдан отыз жыл бұрын Қазақстанның «Тәуелсіздік декларациясының» ғылыми негізін тұжырымдаған ҰҒА-сы мен оның мүшелері болатын. Бұған да ешкімнің күманы болмаса керек. Тәуелсіздік декларациясын тұжырымдауға ҚАЗАҚ ешкімнен ақыл сұраған жоқ, шеттен ешкімді шақырған жоқ. ҰҒА-ның арқасында осы абыройлы істі қоғам өзі атқарып, тындырды.

Өзінің инаугурациялық сөзінде Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың «Біз саяси мәдениетіміз бар ұлт екенімізді әлемге паш еттік»-дегені де осыдан болса керек. Әрине, осы жылдар ішінде көп өзгерістер болды, ҰҒА-сы да, оның құрамы да өзгерді.

Қазір Гер-ағаның, марқұм Герольд Белгердің, біздің екі классик-жазушыларымыз туралы айтқан ойлары менің есіме түсіп тұр. «Қазақ-Совет әдебиетіне оның біріншісі еңбекшілер (труженник) қатарынан келіп еді, әдебиетте де еңбекші болып қалды. Екіншісі батырақтар (батрак) қатарынан келіп еді, әдебиетте де батырақ болып-әдебиеттің батырағы болып қалды,»-деп еді, жарықтық.

Бүгінгі ҰҒА мүшелерінің құрамы осындай «еңбекшілер» мен «батырақтардан» тұратын сияқты болып көрінеді маған. Олардың арасындағы тепе-теңдік бұзылмаса екен, шынын айтсам, «батырақтардың» үлес-салмағы артып кетпесе екен деп уайымдайтыным рас.

Қалай болғанда отыз жылдан кейін ҰҒА-ның «Тәуелсіздік декларациясын» жариялаған кездегі статусын, мемлекеттегі және қоғамдық өмірдегі орнын қалпына келтіру керек сияқты. Себебі, ғылымның қадір-қасиетін түсініп-түйсінетін қоғамдық ұйым тек осы ҰҒА-сы екенін өмірдің өзі көрсетіп отыр.

- Соңғы 10 жылда ботаникалық ғылыми зерттеу институттарының басшылығына жарияланған конкурстарға 6 рет қатысыпсыз. Барлығы да сіз үшін сәтсіз өтіпті. Бір-екі рет өтпегеннен соң қоя салмадыңыз ба? Себебін түсіндірсеңіз.

- Қоғамдағы әділдік деген сөзді қалай түсінесіз? Меніңше, ол адамдар мен мемлекеттік органдардың заң аясындағы қарым-қатынасы. Логикаға салсақ, сол ғылыми-зерттеу институттарының шаруасы дөңгеленіп тұрса, оның басшысының орнына конкурс жариялап не керек?

Бірақ, министрлік конкурс жариялайды. Яғни, сол ҒЗИ-ның басшылығына қоятын кінараты бар деген сөз. Сол логикаға салсақ, менің конкурсқа қатысуым маман-профессионал ретінде көмек қолын созғаным болып шығады. Бірақ, Министрлік сол өзі риза болмай отырған кісіні қайта-қайта конкурстан өткізіп, тағайындап отырды.

Бұл енді ақылға қонбайтын парадокс. Мен бала емеспін-ғой. Сондықтан, заң аясында Министрліктен түсіндіріп беруін сұраймын. Түсіндіріп беруге ешкімнің ниеті жоқ. Ақылға қонбайтын парадоксты түсіндіру мүмкін де емес. Сондықтан, ол конкурстар мен үшін емес, сол институттар үшін, түптеп келгенде Қазақстанның ботаника ғылымы үшін сәтсіз болды деп есептеймін.

Оның үстіне ботаникалық, тіпті биологиялық ғылыми қауымдастық бір емес, үш рет Министрге, Үкімет басшысына, Комитет басшылығына ұжымдық хат жолдап менің ұстанымымды қолдайтынын ресми түрде жариялады. Бұл жағдайды ескермеуге болмады.

Сондықтан, биологиялық-ботаникалық ғылыми қауымдастықтың үмітін ақтайын дедім. Оған өкінбеймін. «Бақыттың биік шыңы ұлттың жайын уайымдау» - деген екен бір ойшыл-данышпан. Мен ҚАЗАҚ ботаникасының осы тарихи кезеңдегі уайымдаушысы болғаныма бақыттымын. Егер конкурстың бірінен өткенде, ҚАЗАҚ ботаникасының уайымдаушысы және сұраушысы болар едім...

- Белгілі болғандай, сіздің ғылдымдағы 40 жылдық еңбек жолыңыз еліміздің тәуелсіздігінің 30 жылды мерекесімен сезіммен қарсы алып отырсыз? Осыны қорыта айтып өтсеңіз!

- Ең бастысы өз мемлекеті бар бақытты ұлттардың қатарындамыз. Өз мемлекетін құру бақыты жер шарындағы ұлттар мен ұлыстардың 10%-іне ғана бұйырғанын ұмытуға болмайды. Сондықтан, 30 жыл бойы егеміндігіміздіа алғанымды өзіме үлкен бақыт санаймын, шүкіршілік етемін.

Елімізге, халқымызға барлық жақсылықтар мен бейбіт өмір, тыныштық тілеймін. Менің түсінігім бойынша кез-келген даму үрдісінің «Шіркін-ай» және «әттеген-ай» дейтін сәттерінің болатыны диалектикалық заңдылық.

Сондықтан, Қазақстанның тәуелсіздігіне 30 жыл толған мерекеде біздің азаматтарымызды мемлекетшіл болуға, ұлтжанды-ұлтшыл болуға, еліміздің болашағы жас ұрпағы мемлекетшіл, ұятшыл етіп тәрбиелеуге шақырамын.

Еліміздің бұдан ары қарай дамуында «әттеген-ай» дегеннен гөрі «шіркін-ай» басым көп болғанын тілеймін. Әсіресе, ҚР БҒМ-нің ғылым мен білімсаласындағы тірлігіне қызықсам ба деп армандаймын. Бірақ, қызыға алмаймын. Себебі, ол министрліктің тірлік-тіршілігінде қызығатындай ештеңе көре алмай келемін. Әсіресе, соңғы 10-15 жылда атқарылып жатқан іс-әрекеттерді ҚАЗАҚТЫҢ мүддесіне сай емес деп білемін.

Қазіргі менің көңілімдегі ең үлкен «Әттеген-ай» осы. «Орны бар оңалар» - дейді дана халқымыз. Сондықтан ҚАЗАҚТЫҢ мүддесі үшін ғылым мен білім саласында талай қызметтер атқарылар деген сенімім және үмітім бар. Ботаника саласында оның алғышарттарын әріптестерім мен оқушыларыммен бірігіп тынбай, арпалысып жасап келе жатқанымызда ерекше атап өткеніміз жөн.

Бүгінгі күні «Қазақстан флорасы» энциклопедиялық – анықтамалығын концепциясы жасалынып, оның орындалу жоспары дайындалды. 14 кітап болатын осы энциклопедиялық – анықтамалықты құрастырып-дайындайтын ғылыми мектеп қалыптасты. «Қазақстан өсімдіктерінің анықтағышы» - анықтамалығын 1-томы, «Асыл ағаш, асыл шөп» оқулық құралдар сериясының 1-томы баспадан шыға алмай сөреде жатқанына 3 жыл болды.

Мақсатты ғылыми бағдарлама ретінде «Қазақстанның флорасы» 4 рет Министрлік жариалаған конкурстарға ресми қатысып та көрді. Шетелдік сарапшылардың теріс бағалауына байланысты ол конкурстар біз үшін сәтсіз болды.

Ерекше атап өтейін – 4 рет! Бұл дегеніңіз «Халыққа, елге ҚАЗАҚ-қа біз – ғалымдар бере алмай отырған жоқпыз. ҚР БҒМ-гі алып бере алмай отыр» - деген сөз. Ғылымдағы 40 жылда осы саладан бірде-бір рет ауытқыған емеспін. Қазақтың биология ғылымының, әсіресе ботаникасының «Ыстығына күйіп, суығына тоңып, аштық-тоқтығының» барлығын да көріп келемін.

Осы уақыт алмасуға мүмкіншілігім болғанын, ұстаздарым – Пернебек-ағай Мырзақуловтың, Юрий Андреевич Котуховтың, Иса Омарұлы Байтулиннің ғылыми мектебінде тәрбиеленгенімді, Қазақстанның ботаника ғылымының өзіндік келбетін қалыптастырған академиктер Б.А.Быковпен, А.Ж.Жаңғалиевпен, Ә.М.Мелдебековпен профессорлар М.С.Байтеновпен, П.В.Шилинмен, Е.В. Рачковскаямен, Л.Я. Курочкинамен, М.Қ. Көкеновпен, Р.Ә. Мырзадіновпен, Б.М. Махатовпен және тағы басқа Қазақстанның жаратылыстану және биология ғылымының әр-қилы мәселелерінің шешімін табу жолдарын іздегенде әріптес болғанымды мақтаныш ететінімді жасыра алмаймын.

Соңғы 10-12 жылда ҚР БҒМ-мен ботаника ғылымының тағдыры мен болашағы үшін пікірталастар мен дисскуссияларда менің ұстанымымда тұрақты қолдаған әріптестеріме деген ризашылығым ерекше. Менің осындай дәрежеге жетуіме ең басты үлес қосқан менің жанұям: Жұбайым – Майра, ұлым – Алтай, қыздарым – Арайлым мен Айдана.

Оған қоса шын тілектес болған туыстарым мен ағайындарым, нағашыларым, құда-жекжаттарым, немере-жиендерім, дос-жарандарым да бар. Табысы да, әлеуметтік маңызы да жоғары емес ғылым саласында еңбек етіп жүрген маған менің отбасымның түсіністікпен қарауы – мен үшін ең басты көмек, арқа сүйер тірек деп білемін.

Осының барлығын да ұмытуға болмас. Өйткені, оны ұмыту ғалым ретіндегі, ер-азамат ретіндегі өзімнің ішкі дүниемнің маңызды ауқымды бөлігін түсінбегенім болар еді. Осындайда, ақын Иран Ғайыптың: «Абай, Абай болар ма еді, егер Құнанбай болмаса»,– деген шұмақтары еріксіз ойға оралады. Сондықтан, ол кісілердің барлығына амандық-саулық тілеп, шексіз алғысымды білдіремін.

- Әңгімеңізге рахмет!

Әмір Әлімжан, Матрица.kz
Просмотров материала: 2 394

Поделиться материалом


09:16 Шығыс Қазақстан облысында 4 демалыс үйін шарпыған өрт... 33 Просмотров

08:43 Атырауда қатты жел перзентхананың шатырын ұшырып кетті... 19 Просмотров

08:25 5 шілдеде ел аумағының басым бөлігінде күн жаңбырлы болады... 29 Просмотров

08:03 Елордада сауда үйлерінің бірінде қарулы ер адам әйелін... 45 Просмотров

07:48 Павлодар облысында өзіне қарамай қойған қыздың ата-анасын... 120 Просмотров

07:26 Мамандар денсаулыққа білдірмей зиян тигізетін үш әдеттің... 49 Просмотров

07:01 Елге кіре алмай шекарада жатқан отандастарымыз видео үндеу... 56 Просмотров

18:01 В Акмолинской области открылся первый инклюзивный... 238 Просмотров

17:44 Е.Тугжанов: Госорганы должны постоянно анализировать риски... 292 Просмотров

17:29 Алматы в "желтой" зоне: Главный санврач города подписал... 321 Просмотров

17:17 Проект Европейского Союза и МТЦ Ready4Trade запустил... 333 Просмотров

16:58 Летние каникулы с IVI... 315 Просмотров

16:39 Реабилитацию «особенных» детей проводит Центр раннего... 295 Просмотров

16:01 Төрт гарнизонда 825 млн теңгенің мүлкі мен қорғаныс... 317 Просмотров

15:48 Құрбан шалу рәсімін қашықтан өткізуге арналған сайт ашылды... 386 Просмотров

15:39 Походы в магазин облегчают кошелек казахстанцев за месяц на... 300 Просмотров

15:29 Қазақстанда жыл басынан бері 9,5 мың интернет-алаяқтық... 334 Просмотров

15:25 Қорғаныс министрі Жаркент гарнизонында болды... 330 Просмотров

15:20 Токаев поговорил по телефону с президентов Узбекистана... 328 Просмотров

15:10 Елімізде былтыр 50 мыңға жуық отбасы ажырасып кетті –... 374 Просмотров

15:05 21 нарколабораторию ликвидировали в Казахстане... 314 Просмотров

14:57 Ерлан Қошанов: Бізге тұрақты, әділ және болжамды салық... 321 Просмотров

14:37 Нүкістегі тәртіпсіздіктер салдарынан 18 адам көз жұмды –... 194 Просмотров

14:21 Қарағандыда қатты желдің салдарынан тұтанған өртті сөндіру... 250 Просмотров

14:09 Елімізде адам саудасына қатысты қылмыстар 19% азайған... 170 Просмотров

12:56 Тоғжанов балаларды мектепке дайындау туралы: Бағаның өсуіне... 361 Просмотров

12:42 Тоқаевқа заңсыз берілген жерлерді мемлекетке қайтару... 219 Просмотров

12:34 Бетперде тағуды бастауымыз қажет - Тоғжанов... 474 Просмотров

12:30 4 шілдеде Жер Күннен алыстайды... 203 Просмотров

12:10 Алматыдағы ірі сауда орталығына тағы бомба қойылды... 221 Просмотров

11:55 Павлодарда темекі бермеген ер адамды жасөспірімдер ұрып... 231 Просмотров

11:51 Елімізде бір жылда 2,4 млн тонна ластаушы заттар шығарылды... 209 Просмотров

11:46 Қарақалпақстандағы наразылықтар – Нүкіс әуежайында... 233 Просмотров

11:20 Жыл басынан бері қанша этникалық қазақ қандас мәртебесін... 247 Просмотров

11:09 Алматылық азамат таксиде белгісіз жағдайда қайтыс болды... 252 Просмотров

10:48 + 38 градус. Алматы облысында ескерту жасалды... 207 Просмотров

10:30 Нұр-Сұлтан әкімдігі Махамбет Әбжанға «дұрыс жазбалары» үшін... 229 Просмотров

10:27 Абайлаңыз! Шымкентте алаяқтықтың жаңа түрі анықталды... 198 Просмотров

10:18 Талдықорғанда жаңа туған сәбидің денесі қоқыстан табылды... 382 Просмотров

10:11 От этого не застрахован никто: 10 основных причин мужской... 321 Просмотров





Опрос


«    Июль 2022    »
ПнВтСрЧтПтСбВс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031