29 марта 2024 г.

Дежурный по стране

В экономике вообще-то есть только два предложения...
Азамат Джолдасбеков, президент АО «Казахстанская фондовая биржа»

Мы в соц сетях:



"Бізді қазақ жеріне тағдыр айдап келді" дейді үлкен атам Константин Сим

23 май 2018, 19:27
Бұл шығарма – менің үлкен атамның (анамның атасының) кейінгі ұрпағына қалдырған өсиеті. Мен оны атам туралы естелік болсын деп жаздым. Менің әкем - қазақ, анам - кәріс. Бұл мақала бәрімізге ортақ кең байтақ Қазақстан жеріне кезінде еріксіз көшіп келген кәріс халқы туралы. Үлкен атам Константин – мен үшін даналықтың, мейірімділіктің, еңбекшілдіктің, төзімділіктің нағыз үлгісі.

Қиыр Шығыс. Балалық шақ. Тарихқа көз жүгірту

«Мен сезімтал әрі нәзік бала болып өстім. Өзім зерек және ақылды болатынмын. Табиғаттың болсын, не нәрсенің болсын сұлулығына сүйсінуден жалықпайтынмын. Бұл мінезім өмір белестерінде көрген қиындықтарға қарамастан, еш өзгермеді. Өзімнің түп – тамырым туралы шешемнен сұрап білдім.

Менің фамилиям – Сим, ол фамилия кәрістерде жиі кездеспейді екен. Көп кездесетіндері – Ким, Пак, Ли, Цой және т.б. Аталарымның шыққан жері – Солтүстік Корея. Арғы аталарым егін шаруашылығымен айналысқан. Сим – жай шаруалар тегіне жататын фамилия.

Мен 1927 жылдың 2 желтоқсанында Ресей Федерациясының Приморье өлкесінде Уссурийск маңында дүниеге келдім. Біз тұрған ауыл Қызыл Армияның әскери бөліміне жақын болды. Сол бір аш-жалаңаш жылдары әскери бөлімнің арқасында күн көрдік. Кәрістер – тіске басатынның бәрін азық қылатын халық қой.

Көктемде әскери бөлімнен үсіп кеткен картопты шығарып тастайтын. Біз оны үйге әкелетінбіз.. Үсіген картоптан крахмал алып, одан түрлі тағамдар жасайтынбыз. Қыста әскери бөлімнен жылқылардың өлігін шығарып тастайтын. Оны да үйді-үйге алып кететінбіз. Бұл 1930 – 1932 жылдар болатын.

Қиыр Шығыстағы аштықтың себебі – жыл сайын болып тұратын су тасқыны. Кішігірім өзендер арнасынан шығып, бірнеше километр бойы бүкіл егіндікті, үйлерді шайып кететін. Адамдар биігірек жерлерге қашып, жан сақтайтын.

Ресейдің Қиыр Шығысында кәрістер қайдан пайда болғаны туралы айтайын. Корея үшін жер мәселесі қай заманда да өте үлкен мәселе. Жер шаруашылығымен айналысатын кәрістер жердің әр шаршысын бағалайды. Көп ғасырлардан бері Корея, әсіресе Солтүстік Корея азық – түліктен мұқтаждық көрген.

Сөйтіп, халық Ресейдің Приморье өлкесінде өңделмеген әрі бос жатқан, өзен-көлі балыққа бай жерлердің бар екені туралы естиді. Бұл өлке қол жетім жерде екен. ХIХ ғасырдың ортасында кәрістер алғаш рет сол адам аяғы баспаған жерлерге қоныс аударып, өздерінің туыстарын шақыра бастайды. Ресей патшалығының ол жерлерге өз халқын қоныстандыратын ойы болған жоқ.

Оған қоса Ресей мен Кореяның шекаралары күзетсіз болған. Кәрістер жаңа жерде жер шаруашылығымен айналысты. Тумысынан еңбекқор халық жаңа жерді өңдеп, аянбай еңбек етті. Сөйтіп, бірталай уақыт өтті.

1905 жылы Ресей Жапониямен болған соғыста жеңіліске ұшырады. 1910 жылы Корея Жапонияның колониясы болды. Жапондықтар кәрістердің Ресейге кетуіне қатал тыйым салды. Приморье өлкесі жер шаруашылығына аса қолайлы болмады. Кәрістер күнкөрістің басқа да амалдарын тапты. Олар балық аулады, аңшылықпен айналысты, кейбіреулері женьшень жинады, көбісі алтын іздеуші болды.

Патшалы Ресейде орта мектепті бітіріп, жоғары оқу орындарында білім алған кәрістер де аз болған жоқ. 1937 жылға таман Кеңестік Қиыр Шығыста корей интеллигенциясы қалыптасты, корей автономиясы құрылды.

Жапония басқыншылық саясатын тоқтатпады. «Корея – біздің колониямыз. Кәрістерді Қиыр Шығыстан кері қайтарыңдар» деген талап қойды. Жасыратыны жоқ, кәрістердің ішінде жапон барлау қызметінің агенттері де болды. Сондықтан Сталин Приморье өлкесіндегі бүкіл кәрістерді жер аудару туралы үкім шығарды.

Әкемнің аты – Сим Нам Гын болған. Ол – асхана меңгерушісі, дүкенші болып қызмет жасаған адам. Әкемнің ата-анасы үлкен ұлымен Қытайға көшіп кеткен болатын. 1927 жылы менің әкем Қытайға өз әкесін жерлеуге барып келді. Ол үшін әкем шекарадан заңсыз өтті. Бір көршісі арыз жазып, әкемді тұтқындап, 18 жылға Красноярск өлкесіндегі лагерьге жібереді.

Шешем әкеме тұрмысқа 16 жасында шыққан. Ол 13 жылда 9 баланы дүниеге әкелген. Екі рет егіз тапқан. Мен отбасымда үшінші бала болдым. Менің алдымдағы бала 3 жасында қызылшадан қайтыс болған. Шешем мектепте оқымаған, себебі оның әке – шешесі қыз балаға сауат ашудың керегі жоқ деп ойлаған.

Бірақ тұрмыс құрып, бала – шағамен арпалысып жүріп, анам сол кездегі арнайы сауат ашу мектебін оқып шықты. Мен ерте есейдім. Отбасымның тірегі және қамқоршысы боларымды ерте түсіндім. Анам айтқандай, менің денсаулығым мықты, қуатты бала болып өстім. Мектепке 8 жасқа толмай барып, оқуымды жақсы оқыдым.

1937 жылы Кеңес Үкіметінің шешімі бойынша Қиыр Шығыстағы кәрістерді басқа жерлерге көшіретін болды. Қай жерге баратынымызды ешкім айтпады. Тек бір ай жол жүретінімізді және жолға азық-түлік дайындау керек екенін айтты. Киім-кешектен керек нәрселерді ғана алдық.

Әпкем Анна 13 жаста, мен 10 жастамын, егіз қарындастарым Надя мен Ксения 8 жаста, одан кіші қарындасым Вера 5 жаста, ал кенжеміз Нина 2 жаста. Сол жылы әкемізді тамыздың 15-де тұтқындаған болатын. Ал байғұс шешем алты баласымен бірнеше күннен кейін ұшарын жел, қонарын сай білетін халге түсіп, белгісіз мекенге жер аударылды.

Кәрістер басқа жерге көшу туралы хабарды үлкен үреймен қабылдады. Біз – балалар қызықты бір нәрсе күткендей болдық. Ал үлкендер алыс жолға дайындалумен болды. Ол жолдың қай жерге, қай елге апаратынын білмеді, бірақ оңай болмайтынын іштей сезді. Біз көбірек нан кептірдік, ұнды қуырып, қойылтпа жасадық.

Оны ыстық суға салып, сұйық ботқа жасайтынбыз. Бұл күндері ең үлкен ауыртпашылық біздің отбасымызға түсті. Кеше ғана әкемді жұмыста отырған жерінен тұтқынға әкеткен адамдар келіп, үйіміздің іші – сыртын тінтті. Сондағы іздегендері – опиум.

20-30 жылдары бірталай кәрістер Солтүстік Қытайдың опиум өсіретін далаларында жұмыс істеген. Көршіміздің арызында біздің әкеміз Қытайға барып опиум әкелді деп жазылған болу керек. Ешқандай опиум табылған жоқ.

Менің әкем адал және еңбекқор адам болатын. Ол әрдайым отбасының қамын ойлап, ешкімнің ала жібін аттамаған адам. Анам екеуіміз бірнеше рет әкемді көруді үміт қылып, оған киім, азық-түлік апардық. Бірақ онымен кездесе алмадық. Жолға шығар алдында әр отбасындағы ересектерге 300 рубль және балаларға 150 рулбь жәрдемақы беріп жатыр деп естідік.

Анам екеуіміз конторға келіп, тізімнен өз фамилиямызды іздедік. Контор бастығы біздің отбасымызға «халық жауының отбасы» деген атағы үшін ешқандай жәрдемақы берілмейтінін айтты. Содан бері талай жылдар өтті. Бірақ сол сәттер әлі күнге дейін есімнен кетпейді.....

Транссібір темір жолында

Қыркүйектің 10-12-сінде жолға шықтық. Үлкендер әрі үрейленіп, әрі мазасыздануда. Оларды қорқытқан белгісіздік болатын. Қайда барамыз? Қалай болады? Алда не күтіп тұр? Біздің ауыл 30-40 үй болатын. Бір тәуліктің ішінде бір де бір адам қалмады. Бізді 20 тонналық мал таситын вагондарға тиеді. Вагонның іші тар, ауа жоқ.

Пойыз белгісіз жаққа бағыт алды. Күн салқындады. Әсіресе түнде бір – бірімізді жылытып, бір көрпенің астында жатуға тырысамыз. Вагондарда пеш болмады. Әр тоқтаған стансада ер адамдар қолдарына түскен отын – ағаштарды жинап, вагонның ішінде от жақты. Тағы бір қиналдырған жағдай – дәретхананың жоқтығы.

Пойыз сәл тоқтаса, бәрі жапатармағай далаға жүгірумен болды. Қайнаған ыстық су да тапшы болды. Ол қойылтпадан сұйық ботқа жасау үшін керек еді. Үлкен стансаларда қайнаған су сататын. Мен жол бойы басқалардан қалыспай, отбасыма ыстық су әкелумен болдым.

Кейбір тоқтаған жерлерде адамдар далада дем арасында ошақ жасап, қолдарынан келген тағамдарын жасап жататын. Пойыз жүре бастағанда, олар апыл – ғұпыл әлі пісіп үлгермеген тамақтарын алып, вагондарға ұмтылатын. Бұндай кездерде айналаның бәрі у-шу, азан-қазан. Отыз күн Транссібір темір жолында осылай азап көріп, қалай шыдағанымызға әлі күнге дейін таң қаламын.

Жол бойы жұмыс істеп жатқан азып-тозған тұтқындарды көрдік. Олар өткен-кеткен пойыздардан аз да болса азық – түлік дәметіп тұрады екен. Бірақ біздің жағдайымыз олардан артық емес еді. Байкал көлінен өтіп бара жатып, теміржол бойында көп заттардың шашылып жатқанын көрдік.

Мұнда пойыз аударылған екен. Кейін кәрістерді тиеп келе жатқан 2 эшелонның апат болғанын естідік. Қанша адам қаза болып, қанша адамның жарақаттанғанын білмедік. Бұл – жапондық тыңшылардың наразылық білдіріп жасаған қастандығы деп естідік.

Біздің пойызымыз Батысқа қарай жүріп келе жатты. Үлкендер бізді Орталық Азияға қарай апара жатқанын түсінді. Қазақстанның жазық даласы да басталды. Қалалар мен елді мекендер көрінді. Даладағы жайылып жүрген түйелер мен қойларды көрдік.

Стансаларда жемістер мен көкөністер сатып жатыр. Оған қызыққанмен, ақша жоқ. Бізді алда не күтіп тұр? Анам не ойлап келеді екен? Алты бала. Жалғыз өзі. Ешқандай тірегі жоқ. Үлкені 13 жаста, кенжесі екіде. Сол кезде анам 30 жаста болатын.

Қызылордада

Бір күні Қызылордаға да жеттік. Пойыз қаланың шетіне тоқтады. Бұл қазақтардың өздері арып-ашып отырған жылдар болатын. Оларға өз бейнеті аз болғандай, енді кәрістерді алып келді. Біз бұнда кімге керекпіз? Бізді өгізарбаға отырғызып, қаладағы бір контордың алдына әкелді. Сосын қазақтардың үйлеріне орналастырды.

Үкімет тарапынан ешқандай дайындық болмаған. Мал тиеп әкелгенде оған да қора дайындайды ғой. Отбасыларында ер адамдары барларға жеңілдеу болды. Олар бос жерлерді қазып, "землянкалар" жасап алды. Біреулерінің "землянкалары" 2 метр тереңдікте болды. Ал төбесінде терезесі болды.

Жұрт осылай баспана жасап жатыр. Ал біз қайттік? Отбасымызда қолынан іс келетін үш адам - анам, мен және әпкем. Бізде не күрек, не балға, не ара жоқ. Басқалардың құралдары босағанша күтеміз. Бір жерді тауып, қаза бастадық. Бағымызға қарай жер жұмсақ, сазды екен. біз 3 Х 4 метр шұңқыр қаздық. Оны 2 метрге тереңдеттік.

Бұндайда кәрістің бойының аласалығы жақсы екен деген ой келді. Шұңқырды немен жабамыз деп уайымдадық. Көршілерден балға сұрап алып, қарағаштың бұтақтарын кестік. Енді қамыс пен сабан керек. Үшеуіміз балаларды төбесі жабылмаған ашық-шашық шұңқырда қалдырып, қаланың сыртындағы көлге қарай кеттік.

Онда бірталай қамыс құрақ жинадық. Күз мезгілі болғанымен, қамыс әлі қурамаған. Оны көлдің жағасына төсеп кептірдік. Мен оны екі күн күзеттім. Үш күннен соң баспанамыздың төбесін жаптық. Төбе ашық болғанда түнімен аспандағы жұлдыздарды тамашалайтынбыз. Аспан ашық, бұлтсыз болатын.

Ал бұндағы жұлдыздар үлкенірек, жарығырақ болатын. Төбесі жабылған баспанамыздың есігі жоқ. Күздің аяғы. Күн салқындап барады. Есіктің орнына көрпе ілдік. Землянкамыздың іші ылғал болды. Жаңбыр қатты жауғанда, судың бәрі ішке қарай ағатын. Төбемізден де су сорғалады.
Землянкамызды салғанда бірталай жерден қателік жіберіппіз. Күндердің күнінде кішкентай қарындасым Нина ауырып қалды. Көп ұзамай ол қызылшадан қайтыс болды.

Біз қыстың қамына кірістік. Отын жинау керек. Анам, әпкем, мен үшеуіміз арқан, балта, орақ алып, қаланың сыртына 10 километр жерге кетеміз. Анам екі бау, әпкем бір үлкен бау, мен бір кішілеу бау әкелеміз. Бұл отын бір аптаға жетеді. Анам Корей институтының жатақханасына еден жуушы болып жұмысқа тұрды.

Оған қоса қыс бойы сол жатақхананың пешін жақты. Жұмысы өте ауыр болатын. Таң атқаннан кешке дейін тыным таппайды. Бірнеше айдан кейін сол жатақханадан анама бір бөлме берді. Ол бөлме әлі есімде. Қыста қатты суық болатын. Пешті қанша жақсақ та жылымайтын. Мен үнемі анамның қасында болып, оған барынша көмектесетінмін.

Бір жылдан кейін анам бұл жұмыстан шығып кетті. Біз «Шанхайдан» шағын үй сатып алдық. «Шанхай» - жер аударылғандардың тұратын кішігірім ауылы болатын. Үйімізде бір бөлме және суық кіреберіс. Бір ғана терезе. Балалардан бесеуіміз қалдық.

Жаңа үйде 11 жасар Надя ауруға шалдықты. Науқасы өте ауыр болды. Ешқандай ем жоқ. Ол анамыздан үнемі «Мен өлем бе?» деп сұраумен болды. Байғұс анам-ай. Мәпелеп өсірген балапанына айтар сөзі болмай, жүрегі қарсы айырылды-ау... Көп ұзамай Надяны да жерледік.

1939 жыл. Анам жұмысшылар асханасына ыдыс жуушы болып жұмысқа кірді. Менің 12 жасқа қараған жылым. Қазанның бірінде кәріс балаларына оқу жылы басталды. Мен Корей ұлттық мектебінде 4-сыныпта оқып жүрдім.

Бірнеше күннен кейін кәріс мектептерінде оқу орыс тілінде болады деген үкім шықты. Мен орыс тілін мүлдем білмейтінмін. Сондықтан бір сынып төмен оқитын болдым. Елде азық-түлік тапшылығы азайған жоқ. Қызылордада бір кг нан сатып алу үшін ертеден кешке дейін кезекте тұру керек.

1940 жыл. Біздің Қазақстанға келгенімізге үш жыл болды. Әкемізден ешбір хабар жоқ. Ол да біз туралы бейхабар. Біреулердің тұтқыннан босап келгенін естісек, одан бас салып әкеміз туралы сұраймыз. Бірақ ешқандай мәлімет жоқ. Репрессияға ұшыраған корей отбасы өте аз. Қуғын-сүргіннің азабын көрген халықтар – қазақтар мен орыстар. Көбіне жазықсыз жазаланған адамдар.

Балалық шағымдағы достарым – Веня, Алеша, Саша, Коляны жиі есіме аламын. Олардың да әкелері түрмеде болатын. Біз бір мектепте оқып, бірге ойнайтынбыз. Аналарымыз жұмыста, біз футболдамыз. Кейде асық ойнаймыз. Бұл – өте қызық ойын.

Бізге оны қазақ балалар үйреткен. Асық ойыны мергендікке және табандылыққа үйретеді. Қалтамыз асыққа толып жүретін. Оны қазақ балалардан сатып аламыз. Достарымызбен ешқашан араздасып көрмеппіз. Темекі тартпайтынбыз, ұрлық жасамайтынбыз.

Әкеміздің орнын басып, өзімізге үлкен жауапкершілік артып, аналарымыздың үмітін ақтауды мақсат еткен болармыз. Әйтеуір, жақсы азамат болып өсуге тырыстық. Кейін бәріміз өсіп-өніп, оқу оқып, ер жетіп, балалы-шағалы болып, жан-жаққа тарап кеттік. Өкінішке орай қимас достарым бұл дүниеден тым ерте кетті – Алеша Цой 55 жасында, Саша Ким 50 жасында.

Менің бала кезімде жасаған бір жағымсыз қылығым есімнен кетпейді. Қыс мезгілі болатын. Бәріміз коньки тебуге құштармыз. Мен сияқты жағдайы жоқтар бір аяққа ғана байлаған конькимен сырғанайды. Басқаларда қос коньки. Шіркін, не деген бақытты сол балалар! Дүкенде қос коньки 3 рубль тұрады.

Енді менің қол жетпес арманым коньки болды. Ойыма ой келіп, қасымызда тұратын нағашы әжемнен 3 рубль ұрлап алдым. Үйдегілер жабыла төніп, мені олай тергеді, бұлай тергеді, амал жоқ, ұрлығымды мойындадым. Сол сәттегі ұялғанымды өмір бойы ұмытпаспын. Енді ешқашан ешкімнің бір түйір затын алмаймын деп өзіме ант бердім.

Соғыс жылдары

1941 жылы мен 6-сыныпты аяқтадым. Мектебіміз екі қабатты болатын. Оны кәрістер өз балалары үшін салған. Мен озат оқушылар қатарындамын. Әсіресе әдебиет, тарих және география пәндері оңай болатын. 6-10 сынып оқушыларын жазда "сельхозработаға" жіберетін.

Көбіне күрішке. Жұмысқа сынып жетекшімізбен барамыз. Жарытып тамақ бермейді. Таңертең және кешке шай мен шелпек, түсте ет қосқан күріш ботқасы. Жұмыс ауыр. Күнұзағына суда тұрасың. Кешке жұмыс аяқталады, таң атқанға дейін масаға таланамыз.

Бірақ бұндай еңбек бізді төзімділікке, жеген нанның бағасын білуге, жұртпен бірге еңбек етуге үйретті. 7-8 сыныпта бәріміз есейдік, үйдің қамын көп ойлайтын болдық. Колхоз жоғарғы сынып оқушыларын күзде күріш жинауға жіберетін.

Бірде біз 4 бала болып бірігіп, өзіміз бөлек жұмыс істедік. Аянбай еңбектеніп, көп өнім жинадық. Колхоз председателі риза болып, әрқайсымызға 180 килограмнан күріш берді. Отбасыларымыздың қуанышында шек жоқ.

Ұлы Отан соғысы болып жатыр. Көшеде ер адамдар кездеспейді. Бәрі майданда. Жарақаттанған жауынгерлерді әкеле бастады. Кәрістерді әскерге шақырмады – әлі де бізге сенімсіздік бардай. Бәрінің әкелері мен ағалары соғыста жаумен шайқасып жатыр.

Ал біздің ондай мақтанып, ауыз толтырып айтар ешкіміміз жоқ. Нанды карточкамен береді. Біз балық аулап, отбасымызды асырадық. Кәрістер жаз бойы бақша өсіретін. Көбіне жүгері, шалқан, бұршақ егеміз. Картоп онша жақсы өспейді. Есесіне асқабақ өте жақсы өседі. 30 – 40 ірі асқабақты қысқа сақтап қойса, жақсы азық болады.

Соғыс басталғалы екі жылдай уақыт өтті. Солтүстік Кавказдан жер аударылған шешен, ингуштар келе бастады. Оларды «сенімсіз халық» деген атақпен Сталиннің бұйрығы бойынша 12 сағаттың ішінде вагондарға тиеп, Сібірге, Қазақстанға, Орта Азияға жіберген екен.

Қызыл Армия фашистерге қатты соққы бере бастады. Мыңдаған немістер тұтқындалды. Қызылорданың теміржол стансасы арқылы оларды Оңтүстікке алып бара жатқанын көрдік. Азып-тозған немістер «Гитлер капут!» деп айқайлап бара жатты.

1943 жылдан бастап күнкөріс жеңілдеген сияқты. Карточкамен басқа да азық-түліктерді бере бастады. Анамыздың жұмысшылар асханасында істегеніне 3 жылдай болды. Енді оны аспаз қылып тағайындады. Маған асханада бір мезгіл тамақтануға рұқсат етті. Бұл жылы мен 16 жасқа толдым. Ер жеттім. Би кешіне барамын.

Онда біз фокстрот, вальс, танго билейтінбіз. 7-сыныпты бітіріп, авиация училищесіне түспекші болдым. Ондағы ойым – соғысқа сұрану. Училищенің бастығына 2 рет өтініш жаздым. Бірақ ол маған кәрістерді әскерге алуға болмайтынын түсіндірді. Біздің сыныпта оның қызы оқитын.

Сол арқылы да айтып көрдім. Полковниктің жауабы өзгермеді. Сөйтіп, 8-сыныпқа көштім. Жігіттердің бәрін әскерге шақырып жатыр. Тек кәрістерді алмайды. Әбден мазам кетті. Бір күні «кәрістерді де соғысқа жібереді, онда адам жетіспейді екен» дегенді естідік.

Бізден үлкендеу балалар военкоматқа барып, соғысқа сұранды. Олар құжаттарындағы жастарын үлкейтіп көрсетіп, «Еңбек армиясына» тап болды. Олар 3-4 жыл бойы көмір өндіріп, ағаш кесіп өте ауыр жұмыстар жасады. Содан көбісі денсаулығынан айырылды. Менің олармен ілесіп жалған патриотизмге бармағаным дұрыс болды.

1944 жыл келді. Мен 17 жасқа толдым. Соғыс болса да, біз оқуымызды оқып, биге барып, қыздармен танысып, өз өмірімізді көріп жаттық. Мен Оля деген қызбен кездесіп жүргенмін. Бірде анам оған қарсы екенін білдірді. «Сен қыздарыңды қоя тұр! Саған оқу керек. Біз бар үмітімізді тек саған артып отырмыз», - деді.

Жергілікті пединститутта дайындық курстарын ашты. Мен достарыммен сол курстарға қабылдандым. Кәрістерге ел ішінде жүруге рұқсат етілді.
1945 жыл. Бұл жыл әр адамның есінен кетпейтін жыл. Соғыс Ұлы жеңіспен аяқталатыны белгілі.

Біз ендігі өмірімізде жақсы өзгерістер болатынына сендік. 9 мамыр күнін бүкіл халық қуана қарсы алды. Біреулер шулап, әндетіп, біреулер жылап, ал енді біреулері билеп жатыр. Көптеген отбасының туыстары соғыстан қайтпады. Мүгедектер өте көп болды....

Студенттік жылдар

Мен заңгер болуды ұйғардым. Алматыға бара жатып, купеде бір әйелмен әңгімелестім. Ол менің әкемнің тұтқындалғанын естіп, заң факультетіне барудың керегі жоқтығын айтты. Енді не істеймін? Бірнеше күн ойланып, құжаттарымды филология факультетіне журналистика бөліміне тапсырдым.

Алғашқы семестрді жақсы аяқтадым. Стипендиям – 220 рубль. Бұндай ақшаға базарда 800 грамнан екі бөлке нан сатып алуға болады. Күзде керемет дәмді апортқа тоятынбыз. Жігіттер болып жиналып, колхоздарға алма жинауға барамыз. Жұмыстан қайтарда көбірек алма алып келеміз.

Анам мен Анна бір подхозға жұмысқа кірді. Маусым айы болатын. Биге бардым. Онда қарапайым әрі сымбатты бір қызбен таныстым. Аты Лида екен. Жасы 19-ға толмаған. 1948 жылы біз үйлендік. Мен 3-курсты аяқтап, Қызылорданың пединститутына ауыстым.

1948 жылдың қараша айында тұңғышымыз Эдуард дүниеге келді. Мен жұмыс іздей бастадым. Халық ағарту бөліміне келдім. Оның бастығы маған қатты қуанды. Қазақ мектептерінде орыс тілінің мұғалімдері жетіспейді екен.

Маған Қызылорданың жанындағы колхозға жолдама берді. Айлығым да жақсы. Ауылда күн көру қалаға қарағанда жеңілдеу болатын.
1951 жылы қызымыз Лариса дүниеге келді. Тағы бір үлкен жаңалық – әкеміздің қайда екенін білдік. Ол Сібірде екен.

Біз анамызды Сібірге Краснояр өлкесіне жіберетін болдық. Сөйтіп, анам мен әкем 14 жылдан кейін бір-бірімен қауышты. Әкем 46 жаста, анам 44 жаста болатын. Олар Сібірде 5 жыл бірге болды. 1953 жылы Сталин бұл дүниеден кетіп, жазықсыз айдалған адамдарды ақтай бастады.

1955 жылы анам мен әкем Қызылордаға келді. Анам ауыр науқасқа шалдықты. Көп жылдар бойы көрген азаптары босқа кетпеген деп ойлаймын. Ондайды ешкімнің басына бермесін...

Әпкем мен қарындастарым тұрмыс құрды. Лида екеуіміз – ауылдағы сыйлы адамдардың біріміз. Жергілікті қазақтар бізді қонаққа шақырып, төрге отырғызатын. Балаларымыз қазақша сөйлей бастады. Өзіміз де қазақ тілін меңгеріп алдық.

Үлкеніміз мектеп жасына келгенде, Қызылордаға көштік. Қаладан жер алып, үй сала бастадым. Жаз бойы материал жинап, үйімді салып, күзде отбасымды жаңа үйге көшірдім. Қаладағы зауытқа жұмысқа кірдім. Келесі жылдары қызмет бабымен бірнеше рет көтеріліп, Алматыға көшетін болдым.

Еліміздің астанасын да Алматыға ауыстыратын болды. Біз Қызылордада 30 жыл тұрдық. Бұл керемет қаланы және оның тұрғындарын ешқашан ұмытпаймыз. Алматыға көшетініміз балалар үшін аса қуанышты жаңалық болды. Ол кезде Алматының ауасы таза, керемет алма бақтары көп болатын.

Алматыдағы өмір

Бүгінде біздің Алматыға көшкенімізге 40 жыл болды. Әкем мен анамды жерледік. Топырақтары торқа болсын. Жұбайым Лидия екеуіміз зейнеткер болғанымызға 20 жыл болды. Алматыда балаларымыз мектеп, техникум, жоғары оқу орындарын бітірді. Олар үйлі, балалы-шағалы болды.

Қазір Лида екеуіміз – немере, шөбере, шөпшек сүйіп отырған құрметті жандармыз. Өзіміздің абыройлы екенімізге және еңбегіміздің ақталғанына ризамыз. Біз балаларымызды адал, мәдениетті, білімді, әдепті, ақылды қылып өсірдік. Бүгінгі Қазақстан – тәуелсіз мемлекет. Президентіміз Н. Ә. Назарбаевтың ұсынысымен салынған елордамыз Астана қандай тамаша!

Балалар біздің Алтын тойымызды тойлады. Оған да жеттік. Жақында Лидия екеуіміздің Гаухар тойымызды да тойладық. Өткен жылдарға көз тастап, дұрыс өмір сүрдім бе деп ойлаймын кейде.

Біз орасан зор қиындықтарды жеңе білдік. Балаларымызды жақсы азамат қылып өсірдік. Аянбай еңбек еттік. Осындай өміріме, тағдырыма, туыстарыма, жақындарыма, еліме, жеріме мың да бір алғысымды айтып, осымен өзімнің өмірбаянымды аяқтаймын».

Атам мен әжем – өте бақытты адамдар. Олар бұл өмірден үлкен ризашылықпен кетті. Біз әрдайым осындай адамдарды үлгі тұтып, олардың лайықты ұрпағы болуымыз керек.

Адель АҚЖАНОВА
8-сынып оқушысы
№90 лицей
Алматы қаласы
Жетекшісі: Мейрамгүл Төлебаева
Просмотров материала: 2 834

Поделиться материалом


10:04 230 миллиардов тенге возвращено государству в рамках дел... 88 631 Просмотров

20:03 Обращение жителей с. Маралды к Президенту РК К.-Ж. Токаеву... 0 Просмотров

12:16 Атырауда мыңнан астам асыл тұқымды еділбай қойы тірідей... 0 Просмотров

11:35 Бұдан былай Алматыда электрлі самокат тек 16 жастан бастап... 0 Просмотров

11:30 Қарағанды облысындағы жол апатынан сегіз адам көз жұмды... 0 Просмотров

11:17 Мұхамедиұлының Ұлттық музейдегі ұрлықтың жаңа эпизодына еш... 88 469 Просмотров

11:01 Биіктен құлап бара жатқан баланы қағып алған оқушыға үш... 88 455 Просмотров

10:47 Қарағандыда тұрғын үй ауласынан шала туылған бала табылды... 88 394 Просмотров

10:25 Ұлттық музей басшылығына қатысты қылмыстық істі... 88 349 Просмотров

18:37 Адвокат Бурхан Жансейтов задержан в Алматы... 6 321 Просмотров

17:38 Объемы производства сахара будут увеличены в семь раз —... 6 109 Просмотров

17:13 Тарифы на комуслуги изменятся в Казахстане... 6 127 Просмотров

16:54 Министр Аймағамбетов балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз... 8 500 Просмотров

16:52 «Қолайлы мектеп». Ұлттық жоба арқылы 582 мектеп бой көтереді... 8 635 Просмотров

16:52 «Суперагенты»: серьезный человек Сека уже ждет вас на IVI... 10 642 Просмотров

16:48 Балабақшаларды лицензиялауды күшейтеміз - министр... 7 222 Просмотров

16:43 Смайылов президенттің үкімет жұмысына қатысты сынына пікір... 5 398 Просмотров

16:42 Хищение средств через платформу АrtSport расследует антикор... 5 314 Просмотров

16:39 Еліміздің басым бөлігінде аптап ыстық болады – ауа райы... 5 149 Просмотров

16:37 Про президентскую критику... 6 229 Просмотров

16:29 Министерство не запрещало показ мультфильма «Базз Лайтер» -... 8 298 Просмотров

16:15 Экология министрлігі киіктердің мекендеу ортасын зерттеуге... 5 119 Просмотров

15:48 Денсаулық сақтау министрлігі аборт жасатуға тыйым салу... 5 381 Просмотров

15:45 Елімізде коммуналдық қызмет тарифтері өзгереді... 5 143 Просмотров

15:41 Капремонт всех роддомов пообещала министр здравоохранения... 5 118 Просмотров

15:27 Благотворительный спортивный зал для детей открыли в... 5 069 Просмотров

15:00 Қазақстан шекарасы қандай жағдайда жабылады... 4 925 Просмотров

14:18 104 мың гектарға қант қызылшасы егілсе, ішкі нарықты 80... 5 132 Просмотров

13:41 Қаңтар оқиғасы кезінде қанша қару тәркіленді – ҰҚК есеп... 5 093 Просмотров

13:15 Алагузова - Нуртасу Адамбай: Богу не нужна твоя помощь... 8 452 Просмотров

13:14 Жауынгер бір жыл ішінде әскери техниканы ғана емес, қолына... 6 802 Просмотров

13:04 Тамызда өршиді: Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус... 4 971 Просмотров

13:02 В отношении руководства ТОО «Казфосфат» начато досудебное... 5 175 Просмотров

12:59 Суицид в Казахстане: 96% случаев самоубийств совершаются... 5 409 Просмотров

12:51 Усовершенствовать военную организацию Казахстана поручил... 4 909 Просмотров

12:49 Закупать уголь заранее призывают казахстанцев... 4 941 Просмотров

12:45 Павлодарда кран жұмысшыны екінші қабаттан итеріп жіберді... 4 993 Просмотров

12:42 Президенттің сынынан кейін ұзаққа созылған жол жөндеу... 4 898 Просмотров

12:38 МӘМС шенеуніктердің жемсауытына айналған – Арман Бейсембаев... 5 137 Просмотров

12:32 Шоу-бизнес өкілдерінің ЛГБТ-ны насихаттайтын «Базз Лайтер»... 5 262 Просмотров





Опрос


«    Март 2024    »
ПнВтСрЧтПтСбВс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031