29 марта 2024 г.

Дежурный по стране

В экономике вообще-то есть только два предложения...
Азамат Джолдасбеков, президент АО «Казахстанская фондовая биржа»

Мы в соц сетях:



Күдік болса, елбасы мойнымды жұлып алар еді

Күдік болса, елбасы мойнымды жұлып алар еді Соңғы кездері бірнеше даулы істерде аты-жөні аталған мәдениет және спорт министрі Азаттыққа берген сұхбатында «шындық үшін күрескенін» айтты.
Мәдениет және спорт министрі, соңғы кездері бірнеше азамат тарапынан жыныстық бопсалау мен жемқорлыққа қатысты айыпталған Арыстанбек Мұхамедиұлы Азаттыққа сұхбат берді. Видеокамера алдында сөйлесуден бас тартып, әңгіменің тек аудиожазбасы мен мәтінін ғана жариялауға келіскен министр өзіне қатысты дау жайлы айтты.


– Енді мен кеңірек айтсам, адамның көзқарасына, сана-сезіміне киноның әсері ерекше. Оны дүние жүзі біледі. Бір кино арқылы бүкіл бір ұлттың тағдырын шешуге болады. Біз қазақ ұлтының рухани байлығын, жеткен жетістіктерін, дәстүрін бүкіл дүниежүзіне көрсетуге тиіспіз. Осындай мақсаттарды сезінгендіктен, мен бірден кино саласына түбегейлі кірістім.

– Министрлікке келген бетте бірден кино саласымен айналыстыңыз ғой?

– Иә, алдында вице-министр болғанда да араластым. Бірақ мынадай қатты мүмкіншілік болған жоқ. Оның алдында өзің білесің, ректор болдым. Біздегі үлкен факультет кино факультеті болды. Кімнің қандай мүмкіндігі бар екенін білемін. Мен келе сала бірден үлкен жиналыс жасап, айттым: «Жігіттер, бізге бөлінетін ақша ұлттық фильмдерге ғана арналады. Соны ұстануымыз керек. Біз елімізге, ұлтымызға керек, мағынасы бар фильмдерді шығарамыз.

Әркімнің көзқарасындағы, ойындағы фильмдерді шығаруды тоқтатуымыз керек» дедім. Бұған барлығы келісті. Қаржы жағынан жоғары тұрған фильмдерге көңіл аудардық. Оның ішінде «Феникс» фильмі бар. Бюджеті – 3,5 миллион доллар. Үлкен ақша. Оның 80 миллион теңгесі (100 миллион теңге болуы керек, салығына ұстайды), былайша айтқанда 2014 жылғы курспен 500 мың доллар алдын-ала төленген. Содан кейін маған Талғат Мұсабаев «Космонавтар туралы фильм («Феникс» фильмін айтады - ред.) түсірілгелі жатыр. Сен режиссерді қабылдашы» деді. Ішінде Тұңғышбай [Жаманқұлов] ағамыз бар.

– Космонавт Талғат Мұсабаев па?

– Иә, космонавт Талғат Мұсабаев ағамыз. Ол кезде ол кісі «Қазкосмосты» басқарды. Екеуміз үкіметтік жиналыстарда кездесеміз. Тұңғыш рет космонавтар туралы фильм түсірілгелі жатқанына қуанып кеттім. Содан кейін режиссер Талғат Жәнібеков келді. «Режиссер кім?» дедім. «Режиссері – өзім» деді. «Сценарий авторы кім?». «Сценарий авторы – өзім». «Ал, жарайды. Басты рөлді кім ойнайды?» «Өзім». Мен бірден: «Бұған келіспеймін. Мүмкін, жақсы режиссер шығарсың.

Бірақ бұл – үлкен бюджетті фильм. Қасыңа басқа біреуді қосымша режиссер қылып ал, қазіргі уақытта оған мүмкіншілік көп. Ресейден шақырасың ба, Украинадан шақырасың ба» дедім. Ол екінші рет келді де: «Сценарист бір жігітті алдым» деп. Ол да – белгісіз адам. Содан кейін Тұңғышбай ағамызбен кездестік.

– Тұңғышбай Жаманқұловты ұсынған кім?

– Режиссер мен Тұңғышбай Жаманқұловты Талғат Мұсабаев айтты. Тұңғышбай Жаманқұловты бұрыннан білемін. Ол кісі де келді. Мен ол кісілерге бірден: «Өтінішім – қастарыңызға мықты шығармашылық топ алыңыздар» дедім. Одан кейін бір-екі айдан кейін Талғат Мұсабаев маған: «Айналайын, ана сценарийді оқып шықтым. Космосқа ешқандай қатысы жоқ» деді. Содан кейін мен ол сценарийді өзіме алдырдым. Қарасам, космостық фантазия, екі ракета космоста кездеседі...

– Фильмнің сценарийі сценарлық коллегиядан, эксперттік кеңестен өтті ме?

– Оны «Қазақфильм» қабылдаған. 80 миллион теңгені аударып та қойған. Сосын мен мазасыздандым да, сценарийді алып, түбегейлі анықтап қарай бастадым. Ештеңе жоқ, қосымша режиссер да алмаған. «Бәрін өзім жасаймын, бәрі керемет болады» дегендей. Содан кейін мен айттым: «Сіздер мына алған ақшаға не істедіңіздер, соны әкеліп көрсетіңіздер. Ары қарай бөлінетін 3 миллион доллар – өте үлкен ақша. Оған жауап беретін – менмін» деп.

Олар істеген шаруаларының құжаттарын алып келді. Ол құжаттардан олардың ештеңе істемегені бірден көрініп тұрды. Сосын мен бірден Тұңғышбай ағаға: «Тұқа, сіз мына шаруаға араласпай-ақ қойыңызшы. Басқа бір жоба алыңыз. Бұның шикілігі өте көп сияқты» дедім. Бірақ ол кезде Тұңғышбай ағаның «Тұран» фирмасының құрылтайшысы екенін білген жоқпын. «Ол кісінің атақ-даңқы бар, сонысымен әр кабинетке кіреді, жігіттер сол үшін де ол кісіні продюсер қылып алған екен» деп ойлағанмын.

Сосын жігіттерге: «Бұларыңыз жарамайды, сіздер бірінші алған ақшаларыңыздың құжаттарын беріңіздер» дедім. Бір аптадан кейін ол жігіттер қайта келді. Егер біз оларға қалған ақшаны берсек, ресейлік «Алдамиса рус» компаниясы өздеріне тағы да 3 миллион доллар беретінін айтты. Олар: «Иә, біз екі жақтап түсіреміз» деді. Мен: «Ресейліктер ақшаны "Тұран" компаниясына аударсын, «Қазақфильм» ақшаны содан кейін аударады» дедім. Олар келісті.

Сол кезде «Қазақфильмнің» вице-президенті болған Арман Әсенов деген жігіт: «Ареке, олар «ақша аудармаймыз, түсірілім Мәскеуде болғанда сол жақтағы техникамен қамтамасыз етеміз, ақша сол шығынға кетеді» деп айтты» деді. «Оны анықтаңдар» дедім. Біраз уақыт өткеннен кейін бұлар тағы да: «Енді Ресейге түгел ақша аудару керек» деді. Біз құжаттарды алып, қарастыра бастадық.

Сосын бұл кісілер «ол – америкалық компания» (Aldamisa Entertainment LLC компаниясын айтады – ред.) дей бастады. Талғат Жәнібеков бірнеше рет «америкалық компания» деді. Біз ол америкалық компания туралы білсек, ол жұмысын тоқтатқан екен.

Одан кейін министрлік АҚШ-тың Қазақстандағы елшісіне осы айтылған америкалық компания мен ресейлік компанияның қандай қатысы бар екенін анықтап беруін өтініп, хат жаздық. Елшінің хаты бар. АҚШ елшісі жауабында: «К сожалению, нам не удалось подтвердить факт взаимоотношений между данными компаниями» дейді.

Осы кезде бұлардың бәрі: «Біз америкалық компаниямен бірлесіп түсірмек болып едік, министр бізге жол бермеді» деп шулап жатты.

Содан кейін АҚШ-тағы Қазақстанның елшісіне де хат жаздық. Бәрі «Қазақфильм» арқылы ғой. Ол жақтан да жауап келді.

– Сонда Ресейде де, АҚШ-та да мұндай компания жоқ па?

– Ресейдегі – уақытша ашылған компания. Америкада ашылған компания жұмыстарын екі-үш жылдан бері тоқтатқан. Сосын бізге жаңағы Aldamisa Entertainment компаниясынан хат келді. Біз де оларға алдында хат жаздық қой. «Подтверждение беріңіздер, мына компания сіздердікі ме?» деп. Сосын бұлар бізге ашуланып, хат жазған. Қолы мынау. Жалған электронды қолды алып қоя салған. Түпнұсқасын сұрасақ, ол жоқ. Бұлардың бар қоқан-лоқысы – мені қорқытып-үркітіп 3 миллион долларды алып кету. «Мосфильм» болса, бір жөн, «Ленфильм» болса бір жөн – қайдағы біркүндік компанияны ертең біз қай жақтан іздейміз» дедім.

– Сонымен ақша бөлу тоқтатылды деңіз. Ал Тұңғышбай Жаманқұлов «министр менің фильміме бөлінуі керек қаражатты «Қазақ елі» киносына сұрап алды» дейді. Ол кісімен араларыңызда осындай әңгіме болды ма?

– Бір үлкен жиналыс өткізген кезде «Феникске» белгіленген ақшаны басқа жобаларға жұмсаймыз» деген сөзім бар. «Ол жиналыстың протоколына барлығыңыз қол қойыңыздар» дедім. Өйткені ол жиналыста «Қай фильм ары қарай жалғасады, қайсысын біз уақытша тоқтатамыз?» деген шешімді бірге қабылдадық. Мен «Феникстің» құжаттарының дұрыс емес екендігін, тағы да бірнеше фильмдікі бар екенін, «Қазақ елінің» басталғанын айттым.

– «Феникс» фильміне қатысты басталған қаржылық тексеру мен Талғат Жәнібековтің сізді айыптауының арасында қандай байланыс бар?

– Бүкіл қағаздарының бәрі анықтала бастаған соң ол жігіттердің іс-әрекеті ашылып қалды. «Сіздер мұндай іс-әрекеттеріңізбен қалған қаражатты алып кетпек болғандарыңыз анықталып қалды» деген кезімде, ол азаматтар өздері халыққа жария болудан қашып, мені негізсіз айыптауға көшті.

– Бұл – Талғат Жәнібековтің айыптауы. Ал Еңлік Сыдықованың айыптауына не айтасыз? Сыдықова мен Жәнібековтің айыптауларын қалай байланыстырып отырсыз?

– Еңлік Сыдықова бейнежазбасының аяғында: «Я выступаю в поддержку режиссера. Я требую отставку министра» дейді. Байланысы осыдан-ақ көрініп тұр ғой. Еңлік шыққан кезде «Феникс» фильмі төңірегіндегі тексеріс басталған. Мен қаржы полициясына олардың бопсалаумен 3 миллион долларды алып кеткісі келетінін, алдыңғы қаражаттарының құжаттарының дұрыс емес екендігін айттым. Бізде Республикалық Есеп комитеті тексеріс жүргізеді. Олардың міндеті. «Қазақфильмді» тексерген кезде «Феникске» бөлінген 80 миллион теңге қаражаттың қайда жұмсалғаны жөнінде ешқандай құжаты жоқ, таза емес» деп солар айтты.

– Бұл іске қатысты қанша адам айыпталып отыр? Ол істің қазіргі жағдайы қалай?

– Өздеріңіз ақпараттан көріп отырсыздар. Бөлінген 80 миллионның 69 миллионына [қатысты] ешқандай құжаттар жоқ.

– Оны кім алған?

– «Тұран» фирмасы. Ол жерде атқарушы директор Юдина деген қыз болған. Құрылтайшысы – Тұңғышбай ағамыз. Режиссері – Талғат Жәнібеков. Мен оның ішкі нюанстарын нақты білмеймін. Бірақ жаңағы 80 миллионның 69 миллионына құжаттары жоқ. Оның 11 миллионы – айлық еңбекақы. Оның өзі күдікті. Егерде ешқандай жұмыс жүрмесе, кім не үшін айлық алды?

– Осыған байланысты «Қазақфильмнің» қаржы жөніндегі бір қызметкері тергеуде отыр ғой.

– Ол кісіні отырғызғаны былай. Әр мекеме алған қаржыға есеп береді. Егер ол есебі дұрыс болмаса, актімен ол есепті қабылдамауға тиіс. Ол кісі оны қабылдап алған. Онда 35 миллионға мүлдем құжат жоқ. Басқалары әйтеуір жалған бірдеңелерді алып келген. Талғат Жәнібековке «Не істедің?» дегенде, «Тизер түсірдім» деген. Ол тизерді көріп тұрсың, анадан бір, мынадан бір алған да монтаж жасап істеген. Бар бітірген шаруа – осы.

– Тұңғышбай Жаманқұлов мәлімдемесінде өзін сіздің қыспаққа алғаныңызды айтады.

– Мен ол кісіні қалай қыспаққа аламын? Ол – тергеу ісінің жұмысы, мен оған қалай араласа аламын? Мен де бәрін тек ақпараттардан ғана біліп отырмын.

– Тұңғышбай Жаманқұлов әуелі ұсталды, сосын босап шықты. Сіз сол аралықта «Тұңғышбай Жаманқұловтың босап шығуына кепіл беруге де дайынмын» дедіңіз. Ол кісінің босап шығуына сіздің қатысыңыз бар ма?

– Иә, бар. Мен өтініш айтып, сұрадым.

– Кімнен не сұрадыңыз?

– «Бұл кісі - халық әртісі» дедім. Адвокаттары, театр саласында істейтін жігіттер көмектесіп жүрді жанында. Мен Астанада болдым. Ол кісі 5 миллион теңгені мойнына алып отыр. Сол қаражатты құю керек деді. Соған ат салысып, бірнеше азамат 5 миллионды жинап бердік.

– Құпия болмаса, өзіңіз кепілге қанша қаражат бердіңіз?

– Бір жарым миллион теңгедей.

– Енді Еңлік Сыдықованың жайына оралсақ. Сіз Еңліктің бұл іске қатысын «режиссерді қолдаймын» деген сөзімен байланыстырып отырсыз. Басқа дәлелдеріңіз бар ма?

– Мысалы, мен қазір шығып, «Қасым Аманжолды қолдаймын» десем, оған бір себеп болуы керек. Еңлік өзінің айыптауын айтып жатып қалай «режиссерді қолдаймын, министр отставкаға кетсін» дейді. Егер сол кезде мен отставкаға кетсем, кім біледі, басқа министр «Фениксті» аяғына дейін тексере ме, тексермей ме? Менің бұл жердегі кінәм – жаңағы 3 миллион долларды оларға жіберткізбегенім, екінші кінәм – түк жұмыс жасалмай желініп кеткен 80 миллион теңгені қайтартып жатқаным. Оған неге көзімді жұмып отыруым керек?

– Сіз Жүргенов атындағы өнер академиясының бұрынғы студенті Еңлік Сыдықованы танисыз ба? Өмірде онымен бетпе-бет кездесіп көрдіңіз бе?

– Мүмкін, бір емтиханда, тыңдауларда кездескен шығармын. Ал былай нақты екеуміз кездесіп отырғандай бетпе-бет кездескен емеспіз.

– Ол сізбен кездескенін, сіздің одан ақша талап еткеніңізді, ақша бере алмаса басқа да қатынасқа шақырғаныңызды айтады. Ондай болды ма?

– Мен сізге нақты айтайын. Егер қандай да бір қатынас болса, ол қыз көрсетер еді. «Бүгін шілденің мынадай күні мынадай сағатта мынадай адам мені жолықтырды. Оған куә мынадай» дер еді. Ол қыз сол жылы академияға түспеген.

– «Түсе алмағанымның себебі – ректордан осындай талап болды» деді емес пе?

– Жоқ, ол қыз айтып жатыр, «мен түсіп оқыдым» дейді.

– Оқуға түспеген болса, онда қалайша оқуды бітіріп шығады?

– Ол қыз айтып жатыр: «2011 жылы оқуға түстім» деді. «Емтиханға кешігіп қалдым, бірақ ректор маған солай жасады, бірақ оқыдым» деді. Міне, саған құжаттар. Міне, мынау – [режиссер] Болат Атабаевтың қолы. Еңлікті сызып тастаған. Емтиханға бару үшін бәрі допуск алады. Әркім өзінің өнерін көрсетеді. Емтиханға допускіден өткендер барады. Мынау – соған қатысқан 50 адам. Болат Атабаевтың почеркі. Ішінде Еңлік жоқ. Ол қызды Болат Атабаевтың өзі өткізбеген.

– Сонымен бұл нені дәлелдейді?

– Бұл қыздың сол жылы емтиханға өтпегенін дәлелдейді.

– Яғни сіздер кездескен жоқсыздар ма?

– Емтиханның алдында келген. Атабаевтың өзі өткізбеген. Ол құжаттарын алып кетіп қалған. Академиядағы құжаттарда да барлығы бар. ҰБТ сияқты тест болады. Оны білім министрлігінің өзі қабылдайды. Ол жерде де ол қыз жоқ, оқуға түспеген. Ең қызығы, сол жылы Еңлік Қызылордадағы «Болашақ» деген жекеменшік оқу орнына түскен.

– Ол қай жыл?

– 2011 жылы.

– Сол оқу орнына түскенін дәлелдейтін құжат бар ма?

– Иә, бар. Ең бастысы, ол қыз бір жыл Қызылордада оқыған.

– Яғни сіздер Еңлік айтып тұрған жылы кездескен жоқсыздар ма?

– Әрине.

– Еңлік Сыдықова ғана емес, президент оркестрінің бұрынғы бір музыканты да ертедегі оқиғаны еске алып, сізді «тиісті» дейді. Бұған қатысты не айтасыз?

– Одан бері де 18 жыл өтті. Ал неге сен ол қыздың өзін шақырып сұрамайсың? Шақыршы сол қызды. Содан кейін өзің ары қарай бәрін сұрайсың.

– Сізбен сұхбатымыз жария болған соң бұл оқиғаға қатысты аты-жөндері аталған басқа азаматтармен де әңгімелесеміз. Жалпы, мұндай оқиға болды ма, болмады ма?

– Мен саған айтайын. Ондай оқиға болса, ол қыз да сол кезде айтар еді. Осындай күні, осындай сағатта, мынадай куә бар дер еді. Ол қыздың өзінен сұраңыз. Егер Талғат Жәнібеков «Менен 100 мың доллар алды» деп халықтың алдына шығып жатса, Тұңғышбай ағам менің атымнан «бір адам келді, қағазды жыртып тастады» деді. Еңлік шықты «Мен ол кісілерді қолдаймын» деп. Сол сияқты сен біреуге 100 доллар бер қазір, келеді дағы айта салады.

– Сонда бұл айыптаулар арнайы ұйымдастырылған дегіңіз келе ме?

– Әрине. Егер сол қыздардың біреуімен суретке түсіп отырғанымды, би билеп жүргенімді, телефонмен сөйлескенімді алып келсе, жағдай мүлдем басқаша болар еді.

– Режиссер Болат Атабаев «Жүргенов академиясында сабақ беріп жүрген кезімде менің курсыма сол кездегі академия ректоры Арыстанбек Мұхамедиұлы мас күйінде кіріп, сабағыма кедергі келтірді» деп жазды. Мұндай оқиғалар болды ма?

– Болат Атабаев «Еңлік менде 2011 жылдан бастап оқыды» деді. Өзі Еңлікке емтихан тапсыруға рұқсат бермеген. Сонда кімге сенесіз? Болат Атабаев бүкіл халықты «Еңлік менде оқыды» деп алдап жатыр. Мен сол құжатты көрсетіп жатырмын. Ол кісі өз сөзіне өзі қарсы шығып жатыр. Енді маған ыңғайсыз. Мен саған айттым: «Егер шындық айтылса, көп адамдар ұятқа қалады» деп. Сонда сен кімге, неге сенесің?

– Сіз сонымен Еңлік Сыдықованы сотқа бердіңіз.

– Заң бойынша мен бір айдың ішінде сотқа беруім керек. Мен мемлекеттік қызметте болған соң міндетті түрде сотқа беруім керек. Егер оларды сотқа бермесем, жаңағы айыптарды мойындағаным. Бұл – дүниежүзіндегі тәсіл.

– Сонда сіз мәжбүрлі түрде сотқа бердіңіз бе?

– Иә. Бір ай күттім. Тұңғышбай ағамыз «Мені Астанада кездескенде қинады, сөйтті, бүйтті» деді. Мен ол кезде Тұңғышбай ағамызға айттым: «Кешірім сұраңыз. Бірінші, кешірімді халықтан сұраңыз. Екінші, Жүргенов академиясынан сұраңыз. Бүкіл академияның атына кір келтіріп, балағаттадыңыз.

«Академияда сондай, бәрі мұндай» деп. Үшіншіден, театр қоғамынан кешірім сұраңыз. Елдің бәрі кино саласында тек қана ұрлайды деп ойлайтын болды. Содан кейін Еңліктен де кешірім сұраңыз. Сіз неге ол қызды ойлаған жоқсыз. Келешекте ол қыздың өз өмірі бар. Орысша нашар білетін қыз. Оған орысша текст жазып берді. Камера қойып, былай сөйле деп айтты» дедім.

– Оған тексті жазып бергеніне, камера қойып жазғызғанына сіздің дәлеліңіз бар ма?

– Жазғаннан кейін маған бір психолог әйел келді. Мүлдем танымаймын. Мен оны бірінші ретте қабылдаған жоқпын. «Қағазын қалдырып кетсін» дедім. Мүлдем бөлек адам. Жазғанында бәрі бар, қалай адам алдап отырғанда оң қолымен сол құлағын ұстайды, ернін жалайды, сөзінен шатасады. Бәрін. Оқысаң, керемет.

– Яғни сол кісі Еңліктің сіз жайлы жазған видеосына анализ жасады ма?

– Иә, иә. Ол кісі өзінің жазғандарын алып келді. Мен өзім оқып отырып анализ жасай бастадым. Еңліктің тексті оқып отырғаны көрініп тұр. Мен шынымен бір ай күттім. Тұңғышбай ағаммен кездескенде де айттым. Ол кісілер мені бүкіл елге солай айыпты қылып жатыр. «100 мың доллар алды», «Бір адамды маған жіберді, запискамен келді, ақша сұрайды», «Студенттер түскен кезде маған тізімді беріп, осыларды ал деп айтты» деп. Артынан Еңлік шықты: «Маған осылай істеген» деп.

– Әнші Жеңіс Сейдоллаұлына «Еңлікке айт, алдыңғы бейне айыптауын терістеп, басқаша бейнежазба жазсын» деп өтініш еткеніңіз жайлы да сөз тарады.

– Жасыратыным жоқ, Жеңіс Сейдоллаұлы – жақын досым. Бірге өстік. Қызылорданың азаматы. Олар маған алаңдайды. Сенің жақын досыңды бәрі негізсіз айыптап жатса, сен де алаңдайсың ғой. Содан ол айтты: «Қызылордада менің достарым бар. Олар оның әкесін біледі» деді. Мен содан кейін оған айттым: «Жеңіс, оның әкесіне айтшы. Менің бір тәулігім ғана қалды. Бір тәуліктен кейін оны сотқа беруім керек» деп. Бұл мәселеде менің арым таза.

– Әлемдік тәжірибеде шенеуніктер сіз сияқты параға немесе сексуальдық бопсалауға қатысты айыптарға ұрынса, қызметінен кетеді де, содан соң ғана өзінің репутациясын қорғайды. Ал сіз министр қызметіңізде отырып, қарапайым азаматпен соттасып жатырсыз. Репутацияңызды министрлік қызметтен кетіп, содан кейін ғана неге қорғамадыңыз?

– Менде ондай ниет болды.

– Онда неге отставкаға сұранбадыңыз?

– Мен түнімен ұйықтамай уайымдадым «барлық шындық шықсын» деп. Содан соң, жасыратыны жоқ, отырып ақылдастық. Маған барлық құжаттарды алып келді. Ешқандай дәлелсіз айыптау. «Егер қолында записі немесе суреті болса, жағдай басқаша болар еді. Өз сөзіне өзі шатасып отырған қыздың айыбын неге сен мойындауың керек?» деп кеңес берді.

– Соттан соң сіз өз репутацияңызды толық ақтап шыға аламын деп ойлайсыз ба? Жұрт сізді «қызметін пайдаланып сотқа ықпал етті» деп ойлауы мүмкін ғой. Әлде сізге қызметті сақтап қалу маңызды ма?

– Өзің қара, бірінші құжаттарды саған беріп жатырмын «оқымаған» деп. Егер ол қыз шынымен де оқуға түссе, оқыған болса, «мынандай-мынандай кезде кірдім» десе, сол кезде екі жақта бірдей тепе-теңдік болу үшін мен отставкаға кетуім керек. Өз сөзінен өзі шатасып тұрған, оқуға түспеген адам үшін қызметтен кету дұрыс емес. Кім айтты сот оң шешімін бермейді деп? Қасында адвокаты бар, саған көрсетіп жатырмын. Бұндай жағдайда сотқа қандай ықпал болады? Егер жабық сот болса, сен айтар едің «жабық сот» деп. Мен саған бүкіл құжаттарды көрсетіп тұрмын ғой.

– Бұған дейін осы жағдайды ашып айтпай, осынша уақыт ашық сұхбат бермеуіңіздің себебі неде? Неге бұған дейін шықпадыңыз? Сізді журналистер іздеді ғой.

– Жоқ. Мен журналистерге бердім.

– Дәл осылай дәлелдеуге тырыстыңыз ба?

– Менің сен айтқандай кемшілігім бар. Мен басында «халық өзі біледі ғой, ақ-қарасын ажыратып, кімдікі қандай іс екенін анықтайды» деп ойладым. Егер мен өмірімде осы сәтке байланысты дұрыс қадам істемесем, қасымда жүрген жігіттер айтар еді: «Слушайте, вы, оказывается, сволочь. Мен сенімен араласпаймын» деп. Көзі ашық азаматтар айтып жатыр «мұны тоқтату керек» деп.

– Қызметтестеріңіз бен басшылығыңыз бұл оқиғаны қалай қабылдады? Астанадағы жоғарғы билік – Ақорда қалай қабылдады?

– Ол кісілер толығымен зерттеді. Екеумізден көп зерттеді.

– Қандай орган зерттеді? Президент әкімшілігі ме?

– Біз үкіметтің мүшесі болғандықтан ұлттық қауіпсіздік комитеті, ұлттық бюро, ішкі қауіпсіздік қызметі – бәрі тексерді. Олар міндетті түрде тексеру керек. Министрге айып болып жатқан соң ол кісілер міндетті түрде тексереді.

– Тексерген соң не болды?

– Тексерді де «мына айыптаулардың барлығы – еш негізсіз» деп көрсетті.

– Ал тікелей басшыңыз – премьер-министрмен, президент әкімшілігімен кездесу болды ма осы мәселеге байланысты?

– Иә. Барлығы айтып жатыр «шындық үшін аяғына дейін күресу керек» деп.

– Яғни сізді қолдап отыр ма бұл тұрғыда?

– Әрине. Бір кішкентай күдік болса, ол кісілердің өзі айтар еді «Мынауың не? Не масқаралап жатырсың?» деп. Елбасының өзі, былайша айтқанда, мойнымды жұлып алар еді «Мынауың не?» деп.

– Президентпен осы туралы әңгіме болды ма?

– Жоқ.

– Еңлік Сыдықоваға қатысты іс айыптау бағытына бұрылса, оны сотта кешіруге дайынсыз ба?

– Маған үлкен айып тағылған соң, менде жаңағы психологтың қағазы бар, басқа да мамандардың қағазы бар, тиісті органдар оны міндетті түрде тексереді. Ол кісілердің қағаздары бар. Мен ашығын айтайын – егер сот, тергеу аяғына дейін барса, Болат Атабаевтың өтірігі сияқты көптеген өтіріктер ашылады.

– Сот Еңлік Сыдықоваға ауыр жаза кесіп жатса, сіздің әрекетіңіз қалай болады?

– Қандай жаза кесетінін сот өзі шешеді.

– Ал сіз оған қандай жаза сұрап жатырсыз?

– Еңлік менен тек қана кешірім сұрасын.

– Ешқандай моральдық, материалдық шығын талап етпейсіз?

– Жоқ.

– Түрме жазасын сұрамайсыз ба?

– Жоқ, сұрамаймын. Талғат Жәнібековке 1 миллион кесті. Ол – маған емес, үкіметке кететін ақша. Менің адвокатым Талғат Жәнібековтің өзіне сұрағаны әлеуметтік жұмыс болатын. «Елді алдап ақша ұрлағанша, қолына күрек алып жұмыс істесін» деп.

– Еңлік Сыдықовамен болатын сотқа өзіңіз барасыз ба, әлде адвокаттарыңыз қатыса ма?

– Керек болса, сотқа барамын. Оның несі бар? Талғат Жәнібековпен очная ставкаға бардым. Сол сияқты Еңлікпен болатын очная ставкаға да барамын.

– Еңлік осыдан бірнеше күн бұрын жазбалар жариялады. «Менің есігімнің алдына қаржы полициясынан келіп, көліктер торуылдады» деп фотолар жариялады. Бұл туралы не айтасыз? Ондай күштік құрылымдармен байланысыңыз бар ма?

– Мысалы, сен журналиссің ғой. Телефоныңмен машинаның номерін түсіріп, финансовый полицияға «мынандай-мынандай азаматтар, мынандай көліктер жұмыс істей ме» деп өтініш жіберсең болды. Мен арыз бергеннен кейін мені екі рет тергеуге шақырды. Мен сол кезде сұрадым: «Неге сіздің азаматтар барып, Еңліктің есігінің алдында жүр?» деп. Олар таң қалды. «Бірінші сізден тергеу аламыз, екінші академияның ұстаздарынан тергеу аламыз. Содан кейін Еңліктен сұраймыз. Біз Еңлікке әлі жеткен жоқпыз» деді.

– Олар кімдер сонда?

– Мен қайдан білейін. Сен де сөйт. Екі машинаны өз үйінің қасына қойып қой да сосын айт: «Міне, менің артымнан екі адам аңдып жатыр» деп.

– Еңліктің адвокаттары «біздің қолымызда министрді әшкерелейтін көзір бар» деді.

– Ол кісілер көзірлері бар болса, бәлкім, тағы да жала жауып, біреудің бетін жауып шығаратын шығар. Оларда көзір болса, неге біреудің бетін жауып шығарады? Қазір-ақ шығарар еді.

– Сотқа дейін Еңлікпен бетпе-бет кездесуге дайынсыз ба?

– Мен саған тағы да айтайын. Еш керегі жоқ, кездескім де келмейді ондай адамдармен. Егер маған бір параққа терістеу жазып берсе, мен сотқа жазған арызымды артқа қайтаруға дайынмын. Ашыла бастағанда мына қыздың – бірінші өтірігі, екінші өтірігі тағы ашылады. Сонда жағдай мүлдем қиын болады.

– Бұл даудың шығуына басқа да саяси себептер болды ма? Әлде бәрі бір ғана фильмнің аясында туған себептер ме? Сіздің дұшпандарыңыз көп пе?

– Әрине, бар. Жастайымнан қызметке араласқан адаммын. Басшы қызметте істеген соң біреуді жұмыстан шығарасың. Барлығына ұнаймын, жағамын десең, жұмысқа әсерін тигізеді. Кейбір кезде ішкі дүниең қайнап жатады. Бірақ амал жоқ, біреумен қоштасуың керек. Неге десеңіз, қызмет істеген соң оны алға қарай жүргізуің керек болады.

Сен айтшы, мен осы екі жарым жылдан аса министр болдым. Осы «Феникстен» басқа, кинодағы жас режиссерлерге «өз ұлтын масқаралауды тоқтату керек, ондай фильмдерге біз «Қазақфильмнен ақша бергізбейміз» дегенімнен басқа бір нәрсе болды ма? Үлкен шаралар өтіп жатыр, заңдар қабылданып жатыр, менің жұмысымда олқылық болған жоқ.

Театрда дау болып немесе депутаттардың алдына барып заңымды қорғай алмай жатқан кезім болған жоқ. Екі жарым жыл министр болғанда осындай бір жетіспеушілік болды ма? Айтшы. Мысалы, Қазақ хандығының 550 жылдығында «Әй, көке, мына істегенің ұят болды, масқара» дегендей.

– Қазақ хандығының 550 жылдығында дайын болуы керек «Қазақ хандығы» фильмі уақытында шықпай қалмады ма?

– «Қазақ хандығы» 16 желтоқсанда шығады. Сол кезде рахмет айтасыңдар сол фильмді аяғына жеткізіп шығарғанымызға. Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» фильмі шықты, көпшілік рақметін айтып жатыр. «Қазақ хандығы» шығады. «Аманат» шығып жатыр, Әміре Қашаубаев туралы түсіріліп жатыр, Балуан Шолақ жайлы түсіріліп жатыр. Кеше «28 панфиловшы» көрсетілді.

– Жалпы, осы оқиғалардың бәрінен кейін отставкаға кету ойыңыз бар ма? Жоқ болса, неге?

– Сіз маған айтыңызшы «сіз осындай келеңсіз жағдай жасадыңыз, отставкаға кетуіңіз керек» деп. Мен не үшін кетуім керек? Шындық үшін күрескенім үшін бе? Ұрланған ақшаны орнына қайтаруға жұмыс істегенім үшін бе? Не үшін? Өзің айтшы.

– Сұхбатыңызға рахмет.



Азаттық
Просмотров материала: 2 924

Поделиться материалом


10:04 230 миллиардов тенге возвращено государству в рамках дел... 88 630 Просмотров

20:03 Обращение жителей с. Маралды к Президенту РК К.-Ж. Токаеву... 0 Просмотров

12:16 Атырауда мыңнан астам асыл тұқымды еділбай қойы тірідей... 0 Просмотров

11:35 Бұдан былай Алматыда электрлі самокат тек 16 жастан бастап... 0 Просмотров

11:30 Қарағанды облысындағы жол апатынан сегіз адам көз жұмды... 0 Просмотров

11:17 Мұхамедиұлының Ұлттық музейдегі ұрлықтың жаңа эпизодына еш... 88 468 Просмотров

11:01 Биіктен құлап бара жатқан баланы қағып алған оқушыға үш... 88 454 Просмотров

10:47 Қарағандыда тұрғын үй ауласынан шала туылған бала табылды... 88 393 Просмотров

10:25 Ұлттық музей басшылығына қатысты қылмыстық істі... 88 348 Просмотров

18:37 Адвокат Бурхан Жансейтов задержан в Алматы... 6 321 Просмотров

17:38 Объемы производства сахара будут увеличены в семь раз —... 6 109 Просмотров

17:13 Тарифы на комуслуги изменятся в Казахстане... 6 127 Просмотров

16:54 Министр Аймағамбетов балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз... 8 500 Просмотров

16:52 «Қолайлы мектеп». Ұлттық жоба арқылы 582 мектеп бой көтереді... 8 635 Просмотров

16:52 «Суперагенты»: серьезный человек Сека уже ждет вас на IVI... 10 642 Просмотров

16:48 Балабақшаларды лицензиялауды күшейтеміз - министр... 7 222 Просмотров

16:43 Смайылов президенттің үкімет жұмысына қатысты сынына пікір... 5 398 Просмотров

16:42 Хищение средств через платформу АrtSport расследует антикор... 5 314 Просмотров

16:39 Еліміздің басым бөлігінде аптап ыстық болады – ауа райы... 5 149 Просмотров

16:37 Про президентскую критику... 6 229 Просмотров

16:29 Министерство не запрещало показ мультфильма «Базз Лайтер» -... 8 298 Просмотров

16:15 Экология министрлігі киіктердің мекендеу ортасын зерттеуге... 5 119 Просмотров

15:48 Денсаулық сақтау министрлігі аборт жасатуға тыйым салу... 5 381 Просмотров

15:45 Елімізде коммуналдық қызмет тарифтері өзгереді... 5 143 Просмотров

15:41 Капремонт всех роддомов пообещала министр здравоохранения... 5 118 Просмотров

15:27 Благотворительный спортивный зал для детей открыли в... 5 069 Просмотров

15:00 Қазақстан шекарасы қандай жағдайда жабылады... 4 925 Просмотров

14:18 104 мың гектарға қант қызылшасы егілсе, ішкі нарықты 80... 5 132 Просмотров

13:41 Қаңтар оқиғасы кезінде қанша қару тәркіленді – ҰҚК есеп... 5 093 Просмотров

13:15 Алагузова - Нуртасу Адамбай: Богу не нужна твоя помощь... 8 452 Просмотров

13:14 Жауынгер бір жыл ішінде әскери техниканы ғана емес, қолына... 6 802 Просмотров

13:04 Тамызда өршиді: Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус... 4 971 Просмотров

13:02 В отношении руководства ТОО «Казфосфат» начато досудебное... 5 175 Просмотров

12:59 Суицид в Казахстане: 96% случаев самоубийств совершаются... 5 409 Просмотров

12:51 Усовершенствовать военную организацию Казахстана поручил... 4 909 Просмотров

12:49 Закупать уголь заранее призывают казахстанцев... 4 941 Просмотров

12:45 Павлодарда кран жұмысшыны екінші қабаттан итеріп жіберді... 4 993 Просмотров

12:42 Президенттің сынынан кейін ұзаққа созылған жол жөндеу... 4 898 Просмотров

12:38 МӘМС шенеуніктердің жемсауытына айналған – Арман Бейсембаев... 5 137 Просмотров

12:32 Шоу-бизнес өкілдерінің ЛГБТ-ны насихаттайтын «Базз Лайтер»... 5 262 Просмотров





Опрос


«    Март 2024    »
ПнВтСрЧтПтСбВс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031