29 марта 2024 г.

Дежурный по стране

В экономике вообще-то есть только два предложения...
Азамат Джолдасбеков, президент АО «Казахстанская фондовая биржа»

Мы в соц сетях:



Қазақтың жері Евразия құрлығындағы биотаның және адам өркениетінің бесігі, - Нұғман Аралбай

Үстіміздегі жылдың қазанының 7-8 күндері Шымкент қаласы мен Түлкібас ауданы Жаскешу ауылында «Атырау – Алтай арасы, Қазақтың бай флорасы. Қазақстанның флорасы» энциклопедиялық-анықтамалық құралының концепциясымен таныстыру» атты ғылыми-семинар өтті. Ғылыми семинар Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналды.











Сонымен қатар, биология ғылымдарының докторы профессор Нұғман Күлдәрбекұлы Аралбайдың ботаника ғылымындағы 35-жылдық еңбегінің нәтижесі де атап өтілді. Бұл іс-шара Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің Аграрлық факультеті және Сайрам-Өгем Мемлекеттік Ұлттық табиғи паркінің ұйымдастыруымен өтті. Семинардың жұмысына белгілі қоғам қайраткерлері, биолог-эколог ғалымдар, профессорлық-оқытушылар құрамы, PhD докторанттар, магистранттар, студенттер мен оқушылар қатысып, қызықты пікірлер мен ойлар ортаға салынып, талқыланды.

Қазақтың жері Евразия құрлығындағы биотаның және адам өркениетінің бесігі, - Нұғман Аралбай


Бұл семинарда профессор Н.К. Аралбай кең, көлемді, ауқымды баяндама жасады. Соңғы 2 жылда жарық көрген 5 кітабымен таныстырды. Соның бірі – «Қазақстанның флорасы» энциклопедиялық-анықтамалық құралының концепциясы. Ол жөнінде осы мақаланың соңында кеңірек тоқталармыз. Әзірге конспектілеп алған профессор Н.Аралбайдың баяндамасынан ақпарат берейік.

Жалпы алғанда бұл баяндама бес үлкен бөлімнен тұратындай:
1) Егемендіктің 25 жылдығы туралы, Қазақтың мемлекеттігі туралы ой-толғау;
2) Қазақтың ботаника ғылымының тарихы, оның негізін қалаушысы туралы;
3) Ботаника – өсімдіктер әлемі туралы іргелі (тұғырнамалық) биологиялық ілім;
4) Қазақстан – ботаниктің көзімен;
5) Қазақ тіліндегі «Қазақстан флорасы».



Сонымен бастайық, рет-ретімен, орын-орнымен;

1. Өзінің баяндамасын Нұғман Аралбай былай бастады: «Жер бетінде 2000-нан аса, кейбір деректер бойынша 3000-дай ұлттар мен ұлыстар бар екен. Ал мемлекеттер саны 200-дің төңірегінде. Яғни, ұлттар мен ұлыстардың 10%-ы ғана өз мемлекеттігін құру бақытына ие. Біздің ең басты шүкіршілік ететініміз – біз сол бақыт бұйырған елміз. Әлихан Бөкейханұлы айтқан екен – Мемлекеті жоқ ұлт – жетім ұлт, - деп. Құдайға шүкір, бүгінгі Қазақтың басында ондай жетімдік жоқ.

Егемендікке қол жеткізіп, оны жариялау оңай шаруа емес. Бұл – сөзсіз ұлттың, елдің, Елбасының жемісі. Сол жеңісті ұстап қалу, оны баянды ету – одан да қиын. Ол үшін ұдайы күрес керек. Сондықтан Еліміздің егемендігін қамтамасыз ету үшін күрес Президенттен бастап еңкейген кәрі мен еңбектеген балаға дейінгі бәріміздің парызымыз.

Одан ары қарай Н.Аралбай заманымыздың данагөйі Әбіш Кекілбайдың бір ойынан мынадай цитата келтірді: «Ұлт болуға жетілу ешқашан да, ешкімге де оңай түспеген. Тарих сынағына тек уақыт талабына уақытылы бейімделе алатын аса сергектер мен алған дұрыс бағытынан қайтпайтын асқан табандылар ғана төтеп бере алған. Артымызда біз байқамай өтіп кеткен жұмақ пен пейіш жоқ. Не жақсылық күтсек те, тек алдан күтеміз».

«Болашақтың іргетасы бүгін қаланады», - деп бастады келесі сөзін Н.Аралбай. Осыдан тура 20 жыл бұрын Қазақ ботаниктері Қазақстанның флорасын Қазақ тілінде дайындау туралы бір үлкен Ғылыми Кеңесте ой тастаған еді. Содан бері осы үлкен мақсатқа жету үшін кезең-кезеңмен міндеттер қойылып, жұмыстар жасалынып, нәтижесінде оның концепциясы жасалынып, өздеріңізге ұсынылып отыр. Біз бұны ботаника саласындағы еліміздің, Қазақтың егемендігін баянды ету деп білеміз. «Бақыттың биік шыңы – ұлтты уайымдау» - депті бір данышпан. Бүгінгі ботаник ғалымдарға Қазақ тіліндегі Қазақстан флорасын жазудың уайымы бұйырған екен. Солардың бірі ретінде өзімді бақытты жанмын деп есептеймін – деді Н.Аралбай тағы да.

Философиялық тұрғыдан алғанда – Шексіз өмір-дарияда өзіміздің Егемендік кемемізде сапар шегіп келеміз. Сапарымыз оң болсын. Егемендігіміздің 25 жылдық мерейтойы құтты болсын.

2. Ботаникпін десең – дәрілік өсімдіктермен айналысасың ба? – деп сұрайды. Ботаникалық қортану деген ғылымның саласы бар. Осы ғылымның жүйелеуі бойынша пайдалы өсімдіктердің 33 тобы бар. Дәрілік өсімдіктер соның бір тобы ғана. Қазақстанның флорасындағы олардың үлесі 8% - ғана. Мысалы: тағамдық өсімдіктердің үлесі – 4,5-5%.



Үлесі – салмағы бұдан да үлкен ресурстық топтар бар, мысалыға – жем-шөптік өсімдіктер (17-20%). Бірақ күнделікті өмірде ботаника ғылымымен адамдар тек қана дәрілік өсімдіктерді байланыстырады. Бұл тарихи ақиқат – барлық уақытта да ботаника ғылымына деген қажеттілік медициналық қызметтің дамуына тікелей байланысты болған. Ал кез-келген қоғамда, мемлекетте медициналық қызмет болмай тұрмайды. Сондықтан, ботаника ғылымы биология ғылымының іргетасын қалаушы, бастапқы және ең ежелгі сала.

Ботаника ғылымы өзінің бастауын мемлекет құрылған күннен алады десек қателеспейміз. Мемлекет басшысының, мемлекеттің – емшісі болады, бұл заңдылық, ақиқат дүние. Қазақтың ханы Әз-Жәнібектің сарайында Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы – бабамыз емшілік еткен. Ол кісіден қалған үлкен ғылыми-мәдени мұрасы бар. Ол – оның кітабы «Шипагерлік баян».

Сол замандарда Өтебойдақ бабамыз 2 мыңнан артық рецепт жазып, бір мыңға жуық өсімдіктердің тізімін жасап кеткен. Сол тізімдегі өсімдік атауларының 15-20%-ы әлі күнге дейін қолданыста. Сондықтан Өтейбойдақ Тілеуқабылұлын Қазақ ботаникасының негізін қалаушы – атасы деп, ал Қазақтың ботаника ғылымына да 550 жыл деп айтуға толық негіз бар.

Менің де ботаникаға келуіме негізгі, себеп, мұрындық болған осы дәрілік өсімдіктерге қызығушылығым болды. Менің нағашы атам – Мәшрәпұлы Тәжітай (Тәжиддин) Қаратау мен Алатау түйіскен жерде 40 дәрілік өсімдік жинап, қоспа қайнататын. Ауылдағы ағайын-туыс, көршілер сол кісінің қоспаларымен емделетін. Сол 40 өсімдікті түптеп,танып алғым келді. Сөйтіп, ботаника кафедрасын таңдадым.

3. Ботаниканың негізгі қарастыратын объектісі, нышаны – өсімдік. Сондықтан өсімдіктің тіршілік үшін маңызы туралы айтып кетпесе болмас. Биология – өмір мен тіршілік туралы ғылым болса, өсімдік біздің ғаламшардағы тіршіліктің қайнар көзі. Жер бетіндегі оттегінің 99,99%-ын өсімдік береді; тек өсімдіктерде ғана жүретін фотосинтез процесінің нәтижесінде жыл сайын жер шарының құрлықтарында 450 млрд. тоннадан аса биомасса түзіледі. Сондықтан ботаникаға деген көзқарас өте терең, өте жауапты болуы керек.



Ядролық физикаға, космоновтикаға, тарих пен филологияға, философияға іргелі ғылым ретіндегі көзқарас қандай болса, ботаникаға деген көзқарас та сондай болуы керек деп есептеймін. Өкінішке орай, өсімдіктерге деген, ботаникаға деген бүгінгі көзқарас ешқандай сын көтермейді. Сондықтан, соңғы 17 жылда өткен ХVI және XVII дүниежүзілік ботаниктердің конгрестері Жер шарындағы ұлттар мен ұлыстарға, мемлекет басшылары мен халықаралық ұйымдарға үндеу таратып, өсімдік жамылғысының мүшкіл халі мен ботаника ғылымына қамқорлық жасауға шақырды.

Ғылыми-функционалдық тұрғыдан, философиялық-әдіснамалық тұрғыдан қарастырғанда өсімдіктердің ең басты маңыздылығы сол – ең қарапайым биоценоздан жалпы биосфераға дейінгі барлық құрылымдық жүйелерде Өсімдік барлық тіршілік иелері үшін орта түзуші болып табылады.

Бұл ретте өте маңызды «Өсімдік – ауа» константалық тандемін; «Өсімдік – су»; «Өсімдік – жер»; «Өсімдік – биологиялық қауіпсіздік» константалық ғылыми-әдіснамалық тандемдерді атап өткен орынды. Бұл не деген сөз? Биосферада ауа – атмосфера, су – гидросфера, жер – геосфера деген атаулармен аталатын құрамдас бөліктер.

Бүгінгі күні атмосфераның да, гидросфераның да, геосфераның да түйдектелген мәселелері аз емес. Жоғарыда атап өтілген константалық тандемдерді қабылдау арқылы көз жеткізетініміз – атмосферадағы, гидросферадағы және геосферадағы проблемаларды шешу өсімдіксіз мүмкін емес. Ал енді бұған биологиялық қауіпсіздік мәселелерін де қосыңыз. Тереңірек үңілсек, бұл проблеманы да өсімдіксіз шешу мүмкін емес.

«Ақпарат кімнің қолында болса, дүниенің қожайыны – сол» деген қанатты сөз бар. Ақпарат дегеніміз – ең алдымен тану, білу. Маңызды биологиялық ресурс, тіршіліктің көзі – өсімдіктер туралы не білеміз? Қанша өсімдік танимыз?

Сол себепті де ботаниканы іргелі ғылым деп қарастыруымыз керек. Ол үшін күресуіміз керек-ақ, күн сайын, айлап, жылдап ..., толассыз, тұрақты және жүйелі түрде. Сонда ғана қазақтың өсімдіктері туралы ақпарат қолда болмақ. Хакім Абай – айтқандай: «Дүние де өзі, мал да өзі, Егер ғылым сүйсеңіз». Немесе академик Алферов айтқандай – «Фундаментальная наука выгодна изначально». Қазақ тіліндегі «Қазақстанның флорасы» іргелі ботаника ғылымы үшін, күрестің бір маңызды бөлігі. Оған деген көзқарас осындай болуы керек.

4. Балқаш көлінің оңтүстік-батысында. Бұрынтаудың шығыс баурайында жасы 420-450 млн.жыл болатын құрлықтық өсімдіктердің қазба қалдықтары табылған. Ол өсімдіктерге табылған жер аттарына байланысты Сарытума және Акдалафитон деген атаулар берілген.

Ғылымда бұрыннан белгілі құрлықтық өсімдіктерден қазақстандық «қария-өсімдіктердің» жасы 30 млн. жылдай үлкен, олар табылған геологиялық қатпарлар да өте ежелгі. Осының негізінде Қазақстанды Евразиядағы құрлықтық тіршіліктің бесігі деп мойындауға толық негіз бар. Ал құрлықтық биотаның бесігінде адамзат цивилизациясының қалыптасуы да заңды дүние.

Өткен геологиялық дәуірлердегі құрлықтық биотаның – тіршіліктің бай тарихы мен алуан-түрлілігі болғаны да ғылыми дәлелденген факт. Мысалыға, Қарағанды мен Екібастұздың тас көмірі Палеозойдың Карбон дәуіріндегі тіршіліктің – биологиялық алуан-түрліліктің қалдығы; Жер астындығы газ бен мұнай Мезозойдың юра-триас дәуірлеріндегі тіршілік иелерінің із-қалдықтары.



Адамзат тарихындағы алғашқы қоғамдық құрылыстың тас дәуірі – палеолит пен қола, темір дәуірі – неолит те қазіргі Қазақстан жерінде өз кезінде кеңінен орын алған. Біздің жерімізді мекендеген алғашқы тайпалар жылқыны қолға үйреткен, шалбар ойлап тапқан; мыс, қола, темір балқытқан, бастапқы суару жүйелерін ойлап тауып, пайдаланған, мал баққан, егін еккен. Басқа жердегі тайпалардан әлдеқайда ерте, әлдеқайда бұрын. Сондықтан Қазақстанды адамзат цивилизациясының алтын бесігі деп қарастыруға да толық негіз бар. Ал оның ғылыми-тарихнамалық алғышарты болып табылатыны Бұрынтау мен Балқаш өңірінен табылған ең ежелгі құрлықтық өсімдіктер – Сарытума мен Акдалафитон.

Қазақстанның тау жоталарына шолу жасасақ, географиялық картада олардың бірқатары меридиан бойынша – тігінен, ал кейбіреулері – ендік бойынша – көлденең созылып жатыр. Тігінен созылып жатқандар – маңғышлақ Қаратауы, Доңызтау, Мұғалжар, Ұлытау, Қарқаралы, Шыңғыстау, Қаратау, Бұрынтау және т.б. ірілі-ұсақты таулар мен төбе-шоқылар. Ал көлденең созылып жатқандар – Батыс Тәңіртау; Талас, Қырғыз, Үйсін, Жетісу Алатаулары; Сауыр-Тарбағатай мен Алтай таулары.

Тігінен созылып жатқан таулар – негізінен ежелгі таулар, оларда палеэндемизм басымырақ. Бұл ретте Бетбақдаланы да мүжіліп тегістелген осындай ежелгі тауларға жатқызуға болады. Ал көлденең созылып жатқан таулар – жас таулар, оларға неоэндемизмнің басымдығы тән. Палеоэндемизм айқын басымдық көрсететіндері әсіресе Қаратау, Бетбақдала және Бұрынтау. Мысалыға екі палеоэндемик түрді қарастырайық. Соның бірі – Раушангүлдер тұқымдасына жататын Шренк тобылғытүсті (Spireanthus Schrenkianus).

Орта ғасырлардан қалған дереккөздерге арқа сүйесек бір кездерде Қаратаудың екі беткейінде де осы түрдің қалың орманы болған. «Бабырнамеде» - бұл өсімдікті «қызылтобылғы» деп атайды. Қожаахмет Яссауидың кесенесінің құрылысына да осы «Қызыл тобылғының» көп пайдаланғаны туралы мәліметтер бар.

Тобылғытүс Қаратауда ғана сақталған. Бетбақдалада да табылып қалуы мүмкін деген ғылыми жорамалдар бар. Ғажабы сол – бүткіл құрлықтық Евразияда бұл түрге туыстық жақындығы бар басқа туыс та, түр де жоқ. Шренк Тобылғытүсіне (Spireanthus Schrenkianus) ең жақын өсімдік Мексика шөлдерінде (АҚШ, Колорадо штаты) табылған. Ғалымдардың пайымдауынша бұл екі түр Мезозойдың соңы – палеогендегі ежелгі құрлық Пангеядан қалған экстраархиреликтті палеоэндемдер болып табылады. Сонда Қаратау мен Бетбақдала экстраархиреликттілік пен палеоэндемизмнің географиялық кіндігі болып шығады.

Екіншісі – Жетісулық недзвецкия (Niedzwetzkia semiretchenskaya). Бұл өсімдік тропикалық Бигнониялар тұқымдасының өкілі. Евразия құрлығының шөлдерінде бұл түрмен жақын туыс түр Шығыс Гобиде ғана кездеседі. Тек қана осы түрдің Бұрынтауда өсуі оны палеоэндемизмнің географиялық кіндігі деп мойындауға негіз береді.

Қаратауда да, Бетбақдалада да, Бұрынтауда да басқа палеоэндемиктер аз емес. Қазақстанның картасына қарасақ, Қаратау – Бетбақдала – Бұрынтау тағаның пішініне ұқсайды. Сондықтан шартты түрде болса да біз оны «Қаратау – Бетбақдала – Бұрынтау геологиялық – тарихи тағасы» деп атауды ұсынамыз. Бұл үлкен жер ауқымының құпиясы әлі де көп. Назар аударарлығы – ежелгі өркениеттердің мәдени мұрасы болып табылатын «Тамғалы – тас», Қазақ хандығының мемлекет болып ту тіккен жері де осы «тағаның» шеберінде. Айта кетейік, біз үшін маңызды Аңырақай шайқасы да осындда өткен.




Ежелгі Қазақ жерінің құрлықтық, оның ішінде ыстық, құрғақ аридтік флоралардың пайда болып, ары қарай даму аренасы болғаны туралы ғылыми идеялар айтқан, айтып дәлелдеп кеткен ғалымдар жетерлік. Орта Азия шөлдері өсімдіктерінің бастауы, бесігі Ежелгі қазақ қыраты (Древнее Казахское Нагорье) деген идеяны бірінші айтқан Е.П. Коровин болса, Алтай-Моңғол ботаникалық-географиялық облысын ғылыми негіздеген, Сарыарқаны оның құрамына толық кіргізіп, шекарасын анықтаған Б.А. Быковты да атап өткен өте маңызды. Тәңіртау – Моңғолдық палеогеографиялық провинцияның (Тяньшано-Монгольская палео-географическая провинция) авторы Н. Ерофеевтің де үлесі мол. Мұрад Әжі айтып жүрген «Ежелгі Алтай» идеясы да, М. Жұмабаев, М. Шоқай және Алаш қайраткерлері ту қылып көтерген «Тұтас Түркістан» идеясы да осымен үндес сияқты.

Бүгінгі таңда Қазақстанның флорасында 6200-ге жуық түр тіркелген. Флораның эндемизм деңгейі 12%, яғни біздің еліміздегі әрбір 8-түр тек қана Қазақстанда өсетін эндемик. Бұл ретте Қазақстанның ботаника ғылымына ерекше еңбек сіңірген, шоқтығы биік ғалымдар, тұлғалар туралы айтып өткен дұрыс қой деп ойлаймын.

Павлов Николай Васильевич (1893-1971) – ботаник-ғалым, өсімдіктер систематикасы және ботаникалық география, ботаникалық қортану салаларының ірі маманы. Қазақ ССР Академиясының академигі; Қазақ ССР ғылымының құрметті қайраткері; Сталиндік сыйлықтың (1948 ж.) иегері; Қазақстанның флорасының (І-ІХ т.т.) бас редакторы, авторларының бірі. Қазақстаннан бірнеше ондаған жаңа өсімдік түрлерін ашып сипаттап жазған. Қазақстандық флористика және ботаникалық қортану ғылыми мектептерінің негізін қалаушы.

Быков Борис Александрович (1910-1990) – ғалым – ботаник, геоботаника, фитоценология және флорогенетика салаларының ірі маманы, Қазақ ССР ғылым академиясының академигі; Қазақстан ғылымына еңбек сіңірген қайраткер; Қазақстандық геоботаника ғылыми мектебінің негізін қалаушы;

Байтулин Иса Омарұлы (1928) – ғалым ботаник, ҚР ҰҒА –ның академигі, Қазақстан ғылымына еңбек сіңірген қайраткер. Қазақстанда Ризология ғылыми мектебінің негізін қалаушы; экологиялық морфология саласының маманы; халықаралық деңгейдегі ірі теоретик – биолог, өсімдіктер интродукциясындағы экологиялық-жүйелілік теориясының авторы; ҚР екі экологиялық Ұлттық стратегиясының бас редакторы және бас атқарушысы, орындаушысы.

Голоскоков Виталий Петрович (1913-1999) – ғалым-ботаник; флора және өсімдіктер систематика салаларының маманы; Қазақстанның флорасының құрастырушы авторларының бірі; Қазақстан өсімдіктерінің кескінделген анықтағышы»-ның жауапты редакторы, авторларының бірі; Қазақстаннан 50-ден көп жаңа өсімдік түрлерін ашып, сипаттап жазған. Атақты теоретик-ботаник ғалым, флорогенетика ғылымының негізін қалаған Михаил Григорьевич Поповтың оқушысы.

Мүсілім Ысмайылұлы Байтенов (1926-2001) – ғалым-ботаник, философ; флора, өсімдіктер систематикасы және флорогенетика салаларының көрнекті маманы; «Қазақстанның флорасы» мен «Қазақстан өсімдіктерінің кескінделген анықтағышы»-ның құрастырушы авторларының бірі; Қазақстаннан 37 жаңа өсімдік түрлерін ашты, жәндіктердің 8 туысы мен 100-ге жуық жаңа түрлеріне сипаттама берді.

Мырзақұлов Пернебек Мырзақұлұлы (1933-2015) – ғалым-ботаник; флора және өсімдіктер систематикасы саласының белгілі маманы; Қазақ тіліндегі «Өсімдіктер систематикасы» оқулығының авторы; 25 жаңа түр ашып, сипаттап жазған.

Котухов Юрий Андреевич (1935) – ғалым-ботаник; флористика, өсімдіктер систематикасы, популяциялық биология; интродукция , өсімдіктер морфологиясы мен экологиялық морфогенез, экология және табиғат қорғау салаларының маманы;Алтай ботаникалық бағында жүйелі Гербарий қорын құрған; 60-қа жуық жаңа түр ашып, сипаттап жазған.

5. Баяндамасының соңғы бөлімі Қазақ тіліндегі «Қазақстан флорасына» арналса да, Н.Аралбай оны былай бастады:
«Ең алдымен сөз болған (Сначала было слово)» деген ежелден келе жатқан тәмсіл бар. Яғни ең алдымен бір ой-идея болған. Кез-келген тірліктің бастауы сол идеядан алынады. Сол ой-идея оның тұғырына айналады. Біздің мемлекеттігіміздің тұғыры,ол – Ата заңымыз, Конституциямыз.

Сол ата заңымызда Қазақ тілі – Идеясы бекітілген. Бұл ретте мен заманымыздыңғ көрнекті тарихшысы, қайраткері Мәмбет Қойгелдімен толық келісемін. Ол ағамыз былай дейді: «Қазақ халқы бүгін өзін атамекен жері, ортақ мүддесі, ана тілі, салт-дәстүрі бар ұлт ретінде сезінеді. Қазақты міне осындай жағдайға жеткізген тылсым күш – ол ұлттың біргейлігі (тұтастығы). Яғни өзін атамекен жерімен, мемлекеттілігімен, ана тілі, салт-дәстүрімен, ұлттық тарих, өнерімен және басқада құндылықтарымен тұтастықта, бірлікте сезінуі. Ұлттық бірегейлік рулық, жүздік бірегейліктен басым түскенде ол жеңіске жеткен, ал керсінше, рулық-жүздік мүдделер алға шыққанда ұтылыста қалған. Демек, ұлт өміріндегі бірегейлік мәселесі тарихнама ғылымы үшін ең өзекті, әрі іргелі мәселелер қатарына жатады».

Ұлт өміріндегі бірегейлік (тұтастық) мәселесі басқа ғылымдар үшін де ең өзекті, әрі іргелі мәселе. Тұтастық пен бірегейліктің күнделікті көрінісі – тіл, біз үшін, біздің қоғам үшін – ол қазақ тілі, ал әр түрлі ғылым салаларында ол қазақ тіліндегі ұлттық ғылыми номенклатура. Қазақтың ботаника ғылымындағы қазақ тіліндегі номенклатура да ұлттық бірегейлік пен тұтастықтың көрінісі мен құжаты болмақ.

М. Қойгелді ағамыз «Тұтас Түркістан идеясын» мысалға келтіре отырып, идеяның ауыр тарихи кезеңдерде қорғаныс имунитеті міндетін атқарған аса маңызды фактор болатынын ерекше атайды. Бұл ретте Конституциямыздың 7-бап, 1-тармағы мен 93-бап Қазақ тілінің қорғаныс иммунитеті іспетті. Тереңірек үңілсек, біздің Ата Заңымызды Қазақ идеясының рухани-материалдық бейнесі деуге болатындай.

Назарларыңызға ұсынылып отырған «Қазақстан флорасы» энциклопедиялық-анықтамалық құралының концепциясы, оны дайындау үшін басталып кеткен жұмыстар мен дайындықтар, ол бір топтың бір күнгі, немесе бір айлық, немесе бір жылдық еңбегі емес. Бұл маңызы өте ауқымды, бастауын тарих қойнауынан алатын, Еліміз бен Ұлтымыздың егемендігін, тәуелсіздігін паш ететін келелі дүние.

Тағы да М. Қойгелді ағамызға жүгінсек – «мемлекеттік дербестік сол этностың ұрпақтан ұрпаққа ұласқан рухани ізденісінің, жасампаз игілікті еңбегінің, төккен терінің, тәуелсіздік үшін сан ұрпақ өкілдерінің төгілген қанының логикалық нәтижесі есебінен келмек».

Бұл ретте «Қазақстанның флорасы» - Қазақ ботаникасының дербестігі. Ол ұрпақтар толқынының сабақтастығы. Ол өзінің бастауын Өтебойдақ бабамыздан алып, ХХ ғасырда Ж.М. Күдерин, Т. Мұсақұлов, О. Байтулин, М. Көкенов, Ә. Исамбаев, П. Мырзақұлов, Ә. Әметов, Ә. Бегенов, Н. Мұхитдинов, С. Айдосова, Д. Айдарбаева және де қазіргі ғалымдардың қазақ тіліндегі ботаникалық ғылыми еңбектері мен оқулық, кітаптарының арқасында мүмкін болып отыр.

Ұсынылып отырған флораның концепциясы – таксондар концепциясының, флористикалық аудандаудың, өсімдік түрлерінің таксономиялық, биологиялық және экологиялық номенклатурасының синтезі десек, артық айтқан болмайды. Бұл ретте ерекше атап өтетініміз – таксономиялық номенклатура мәселесі.

Халықаралық бинарлық номенклатураның қазақ тіліндегі алғашқы нұсқасын жасаған С.А. Арыстанғалиев ағамызды бұл ретте, Қазақ тіліндегі ботаникалық номенклатураның негізін қалаушы деп білгеніміз жөн. Бүгінгі күні Қазақстанда 35-40 ботаник-ғалымдар қазақ тілінде еңбектер жазып жүр. Бұл көңілге сенім ұялатады. Енді тек қана білекті түріп іске кірісу керек. Нар тәуекел.

Енді, осы семинарға қатысып, баяндаманы талқылаған азаматтардың пікірін тыңдасақ ...

Мархабат Байғұт – қоғам қайраткері, жазушы-журналист: «Нұғман Аралбайдың осы баяндамасынан өте көп мағлұмат алдым. Талай нәрселерге басқаша көзбен қарау керек екен. Көңілім толып, риза болып отырмын. Баяғыда біздің Пістелі деген ауылымыздың ақсақалдары: «Болмаса да болатындар бар. Болмаса да, болса да болатындар бар. Болмағанда болмайтындар бар. Абай данышпан болмағанда қайран қазақ не болатұғын еді», - деуші еді. Мен қазір ойланып отырмын: «Егер Нұғман болмаса, мына айтылған мәселелердің шешімі қалай болар еді?» -деп.
Сіздерге табыс тілеймін».

Әбдібек Аралбайұлы – ақын, қоғам қайраткері:
Аға тілегі: (Нұғманға)

Қарттық деген өте-өте ауыр сын,
Кәрі де бір түлеп түскен қауырсын...
Біз шаруа бір қазақтың ұрпағы ек,
Жөнің бөлек озық ойлы бауырсың!

Бала кезден оқуға сен құштарсың,
Тағдыр өзі бейімдіге бұрар шын.
Кітабымды ұрлап оқып жүргенде-ақ,
Осы жолға бетті бұрған шығарсың!

Болар адам мәлім бала кезінен.
Өттің талай тағдырдың сын-тезінен,
Тұмсығыңнан қанбай сүйер атаңның –
Әруағы қолдап жүр – деп сезінем...

Нәтижесіз болар тірлік сүймеген,
Көзбояу-ол, сүрлеуі де ирелең...
Табандылық, жігеріңе ризамын –
Білім деген «Құдық қазу инемен»!

Өтті өмірім табиғаттай аяда,
Ерен бейнет еттім қалмай саяда.
Қасиетті ол екінші анамыз,
Аяласаң табиғатты аяла.

Жанашыр аз, бүлдіруші жетеді,
Қолдау күтіп жатыр таулар етегі.
Аллаға емес, қалтасына сиынған –
Топас байлар ойран қылып кетеді...

Ағаш, шөп, аң, су мен кәусәр ауамыз,
Барлығымыз – табиғатқа баламыз!
Жер бетінде бауырласпыз бәріміз,
Әттең саған жете бермес санамыз...

Бұрын мұндай «демалғыштар» болмайтын,
Бүлдіргендер заң алдында сорлайтын.
Бір амалын тапсаңдаршы ғалымдар,
Табиғатты жауыздардан қорғайтын?

Түлкібастан жер сұлуы өтер ме?
«Швейцария» аталмаған бекерге,
Құлбайшоқы төбесінен соңғы рет –
Тоймай қарап қоштассам ғой кетерде...

Жайсаң жақсы жандар екен жолдасың,
Енді алдыңда кедергі – ор болмасын.
Қасиетті Қарт Қаратау күнгейі –
Атамекен бәлелерден қорғасын!

Алла саған ғұмыр берсін зиялы,
Бүгін барлық мақтау саған сияды.
Халқың үшін қаламыңды тербей бер,
Ұмытпа тек өзің ұшқан ұяны ...

Перзенттерің аман болсын, жұбайың!
Мен алыстан тілеулес боп тұрайын,
Игілікті тірліктерің жалғассын.
Жүрегіңе қуат берсін Құдайым!

Ағаң Әбдібек Аралбайұлы
08.10.2016 жыл


Ержан Исаев, ОҚМУ-нің профессоры: «Флораның концепциясы дайын болуы, оның дайындалу барысын жүйеге түсірудің алғышарты деп білемін. АНК-ның акцент жасаған тарихи ақтаңдақтарға, қазақтың ботаника ғылымындағы ақтаңдақтарға берген бағасымен келісемін. Шынында да қазақ ботаникасының 550-жылдық тарихы бар екенін, оның негізін қалаушы Өтебойдақ Тілеуқабылұлы екенін, ал қазіргі уақыттағы қазақ ботаникалық номенклатурасының негізін қалаған С.А. Арыстанғалиев екенін ресми мойындайтын уақыт келді. АНК – ның келтірген дәлелдері толық негізделген деп есептеймін.

Ғылыми – әдіснамалық тұрғыдан АНК ұсынып отырған «Қаратау – Бетбақдала – Бұрынтау геологиялық – тарихи таға» идеясы өте қызықты, перспективалы ғылыми идея сияқты. Осы идеяның аясында бірнеше ондаған ғылыми жобалар жасалынып, іске асады деген үмітім бар.

Әсет Жылқыбаев, ОҚМУ аграрлық факультеттің деканы: «Аграрлық немесе ауыл-шаруашылық ғылымын ботаникасыз, өсімдіктанусыз елестету мүмкін емес. Жасыратыны жоқ, қазақ тіліндегі ғылыми ақпараттың жетіспеушілігі, оқулықтардың аздығы аграрий мамандарды дайындауда елеулі қиындықтар тудыруда. «Қазақстан флорасы» сияқты қазақ тіліндегі энциклопедиялық-анықтамалық құрал ғылыми-ақпараттық айналымға түссе, онда бұл мәселе түбегейлі шешіледі деп ойлаймын.

Жалпы бұл семинардың ғылыми мазмұны өте терең, әлеуметтік маңызы жоғары болды деп есептеймін. Біздің факультеттің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер, магистранттар ынталылық білдіріп, белсенді қатысып отырғаны осыны байқатады. Көңілге сенімділік ұялататыны – профессор Н. Аралбайдың жанында «Қазақстан флорасын» қазақ тілінде дайындап, жаза алатын ғылыми-творчестволық ұжымның қалыптасқандығы. Осы ұжымның бастаған еңбектеріне толайым табыстар тілеймін».

Әмірбек Сихымбаев, СӨМҰТП-і ғылым және инновация бөлімінің басшысы: «АНК-ның баяндамасының ғылымилылығы, онда көтерілген мәселелер, оларды Еліміздің егемендігінің 25 жылдық мерейтойына арналған ұлтымыздың өткені мен бүгінгі жайымен сабақтастыруы ерекше әсер қалдырды. Қазақтың ботаника ғылымының қалыптасып, жүріп өткен тарихи жолын, оған еңбек сіңірген тұлғалардың, ғалымдардың бірқатарын атап өтуі өте сауапты іс деп білемін. Мемлекеттік табиғат қорғау мекемесінің қызметкері ретінде АНК-ның осы баяндамасында тұжырымдалған «Өсімдік – ауа», «Өсімдік – су», «Өсімдік – жер», «Өсімдік – биологиялық қауіпсіздік» константалық тандемдері туралы идеясы үлкен қызығушылық тудырды. Автордың өзі атап өткендей, бұл «ғылыми-әдіснамалық константалық тандемдер» табиғат қорғау саласының теориялық негіздерін нығайта түсетіні және осы бағыттағы ондаған, тіпті жүздеген ғылыми-зерттеу жобаларына мұрындық болатыны даусыз».

Аралбай Нұғман, б.ғ.д., профессор: «2015-2016 жылдары бүгінгі таныстырылған 5 кітапты (3 монография, 2-жинақ) жазып, баспадан шығару үшін ерекше жағдай керек еді. Соңғы жылдары менің ғылыми ізденістеріме қолдау көрсетіп, академиялық-творчестволық жағдай жасағаны үшін ең алдымен Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, Қазақстан Ғылым Академиясының академигі, ардақты ағамыз Серік Жайлауұлы Пірәлиевке ризашылығымды білдіріп, алғыс айтамын.



Осы семинарды ұйымдастырып отырған М.Әуезов атындағы ОҚМУ-басшылығына, әсіресе Аграрлық факультет деканы, б.ғ.к. Жылқыбаев Әсетке және де Сайрам-Өгем мемлекеттік Ұлттық табиғи паркінің ұжымына, атап айтқанда б.ғ.к Сихымбаев Әмірбекке алғысым шексіз. Осы семинар болатынынан хабардар болып, Алматыдағы, Шымкенттегі, ауылдағы бірқатар ағайын-туыс, дос-жаран, құда-жекжаттар де келіп қатысып отырды. Барлығына да көп рахмет.

Ректор ағамыз – С.Ж. Пірәлиев менің 2 кітабыма, соның ішінде «Қазақстан флорасының» концепциясына алғысөз жазып, батасын берді. Бүгінгі қатысушылар да жақсы тілектерін айтып жатыр.

Жалпы, бұл іс-шара алдына қойған мақсатына жетті-ғой деп ойлаймын. Үлкен қызығушылық пен ұмтылыс тудырғандай әсердемін. Сондықтан да елеусіз қалмайды деп сенемін.



Үнтаспаға жазып алған Ә. Сихымбаев
Дайындаған С. Мәмбетов
Просмотров материала: 4 252

Поделиться материалом


10:04 230 миллиардов тенге возвращено государству в рамках дел... 88 550 Просмотров

20:03 Обращение жителей с. Маралды к Президенту РК К.-Ж. Токаеву... 0 Просмотров

12:16 Атырауда мыңнан астам асыл тұқымды еділбай қойы тірідей... 0 Просмотров

11:35 Бұдан былай Алматыда электрлі самокат тек 16 жастан бастап... 0 Просмотров

11:30 Қарағанды облысындағы жол апатынан сегіз адам көз жұмды... 0 Просмотров

11:17 Мұхамедиұлының Ұлттық музейдегі ұрлықтың жаңа эпизодына еш... 88 389 Просмотров

11:01 Биіктен құлап бара жатқан баланы қағып алған оқушыға үш... 88 377 Просмотров

10:47 Қарағандыда тұрғын үй ауласынан шала туылған бала табылды... 88 315 Просмотров

10:25 Ұлттық музей басшылығына қатысты қылмыстық істі... 88 270 Просмотров

18:37 Адвокат Бурхан Жансейтов задержан в Алматы... 6 319 Просмотров

17:38 Объемы производства сахара будут увеличены в семь раз —... 6 107 Просмотров

17:13 Тарифы на комуслуги изменятся в Казахстане... 6 127 Просмотров

16:54 Министр Аймағамбетов балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз... 8 500 Просмотров

16:52 «Қолайлы мектеп». Ұлттық жоба арқылы 582 мектеп бой көтереді... 8 635 Просмотров

16:52 «Суперагенты»: серьезный человек Сека уже ждет вас на IVI... 10 621 Просмотров

16:48 Балабақшаларды лицензиялауды күшейтеміз - министр... 7 220 Просмотров

16:43 Смайылов президенттің үкімет жұмысына қатысты сынына пікір... 5 396 Просмотров

16:42 Хищение средств через платформу АrtSport расследует антикор... 5 312 Просмотров

16:39 Еліміздің басым бөлігінде аптап ыстық болады – ауа райы... 5 149 Просмотров

16:37 Про президентскую критику... 6 222 Просмотров

16:29 Министерство не запрещало показ мультфильма «Базз Лайтер» -... 8 278 Просмотров

16:15 Экология министрлігі киіктердің мекендеу ортасын зерттеуге... 5 119 Просмотров

15:48 Денсаулық сақтау министрлігі аборт жасатуға тыйым салу... 5 379 Просмотров

15:45 Елімізде коммуналдық қызмет тарифтері өзгереді... 5 143 Просмотров

15:41 Капремонт всех роддомов пообещала министр здравоохранения... 5 118 Просмотров

15:27 Благотворительный спортивный зал для детей открыли в... 5 069 Просмотров

15:00 Қазақстан шекарасы қандай жағдайда жабылады... 4 925 Просмотров

14:18 104 мың гектарға қант қызылшасы егілсе, ішкі нарықты 80... 5 132 Просмотров

13:41 Қаңтар оқиғасы кезінде қанша қару тәркіленді – ҰҚК есеп... 5 093 Просмотров

13:15 Алагузова - Нуртасу Адамбай: Богу не нужна твоя помощь... 8 430 Просмотров

13:14 Жауынгер бір жыл ішінде әскери техниканы ғана емес, қолына... 6 802 Просмотров

13:04 Тамызда өршиді: Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус... 4 971 Просмотров

13:02 В отношении руководства ТОО «Казфосфат» начато досудебное... 5 174 Просмотров

12:59 Суицид в Казахстане: 96% случаев самоубийств совершаются... 5 408 Просмотров

12:51 Усовершенствовать военную организацию Казахстана поручил... 4 909 Просмотров

12:49 Закупать уголь заранее призывают казахстанцев... 4 941 Просмотров

12:45 Павлодарда кран жұмысшыны екінші қабаттан итеріп жіберді... 4 993 Просмотров

12:42 Президенттің сынынан кейін ұзаққа созылған жол жөндеу... 4 898 Просмотров

12:38 МӘМС шенеуніктердің жемсауытына айналған – Арман Бейсембаев... 5 137 Просмотров

12:32 Шоу-бизнес өкілдерінің ЛГБТ-ны насихаттайтын «Базз Лайтер»... 5 262 Просмотров





Опрос


«    Март 2024    »
ПнВтСрЧтПтСбВс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031