26 апреля 2024 г.

Дежурный по стране

В экономике вообще-то есть только два предложения...
Азамат Джолдасбеков, президент АО «Казахстанская фондовая биржа»

Мы в соц сетях:



Қазақ Ғылымына ар-ождандық аудит керек

25 март 2022, 19:47
Пассионарлық және патриоттық сезімі бар элита – Егемендіктің белгісі болса керек. Өкінішке орай біздің элитаны коррупциялық шаң-тозаң басқан болып шықты. Ең сорақысы, осы элита біздің Конституциямызды оқымайды, оқымаған соң білмейді, білмеген соң оның тұғырнамалық қағидаларын сезінбейді. Бірақ, сол элита Конституция талаптарын, заң талаптарын мүлтіксіз орындаймыз деп халыққа, Президентке ант береді.

Президентіміз Қ. Тоқаев өзінің Парламентте сөйлеген сөзінде бүгінгі күні бізде Конституция мен заң талаптарының бұзылу механизмдері заңнамалық актілерде «заңдастырылып» қойғанын атап өтті. Кейбір заңдарымыздың Конституциялық қағидалардан ауытқып жататыны да содан болса керек.
Заңдарды қабылдайтын да, заңнамалық актілерді дайындайтын да сол элита. Сонда біздің элита халыққа берген антын бұзып отырған болып тұр-ғой, дейді биология ғылымдарының докторы, профессор Нұғман Аралбай.




- Нұғман Күлдәрбекұлы, бұл сұхбатты қаңтар трагедиясы туралы сұрақтан бастасақ. Тиісті құқық қорғау органдары әр жеке оқиғаларды жіті қарап бағасын береді деген үмітіміз бар. Бірақ, бұл оқиғаларға алып келген, осының себебі болған ар-ождандық, әлеуметтік мәселелер туралы не дейсіз? Сіз кезінде жалған айып тағылып, нахақтан-нахақ қызметтен түсіп, 10 жылдан астам уақыт айтысып-тартысып Үкіметтен, Прокуратурадан және тағы басқа биліктегі органдардан заңдардың, әсіресе Ата-заңымыз Конституцияның мүлтіксіз орындалуын талап етіп келесіз. Басыңыздан осы 10 жылдан аса уақыт өтіп жатқан қым-қиғаш оқиғалардың нәтижесінде «билікке» артатын өкпе-ренішіңіз жоқ па?

- Сізге беретін жауапты сауалыңыздың соңынан бастайын. Ондай өкпе-ренішім бар, оны несіне жасырамын. Бірақ менің өкпе-ренішім ең алдымен өзімнің басымнан өткен сергелдеңге байланысты емес. Ең басты себебі біздің биліктің Ата Заңымыз – Конституцияның тұғырнамалық қағидаларынан едәуір ауытқуында дер едім.

Менің 10 жылдан аса уақытта биліктің барлық тармақтарынан дұрыс шешім емес, дені дұрыс жауап ала алмағаным осының дәлелі. Бұл ащы шындық. Ал шындық дегеніміз жеке адамдардың ойлайтыны, пікір емес - шындық дегеніміз айналаңызда нақты орын алып отырған жағдайлар мен оқиғалар.

Осындай ұзақ уақыт аралығындағы биліктің бір дұрыс жауап бермегені «Қазақстанның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары», деген Конституциялық қағиданың (1-бап) өрескел бұзылуы деп бағалаймын. Ал мен сияқты өзінің өмірі, құқықтары мен бостандықтарына қорған таба алмай жүрген адамдар қаншама десеңізші?

Сондықтан мен билікке ризамын деп айта алмаймын. Егер солай десем, мені ел-жұрт дұрыс түсіне алмайды-ғой деген ойдамын. Әлеуметтік, ар-ождандық тұрғыдан солай болып тұр.

Қаңтар трагедиясынан кейін бірнеше тұжырымдарға келдім, ой түйдім. Олар мыналар:

Біріншіден, неге ұлыстар мен ұлттар өз мемлекеттігін, өз мемлекетін құруға ұмтылады? Осыны бір сәт ойландық па? Ойлана келіп көңілге түйгенім – әрбір жеке адамның құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беретін, қамтамасыз ететін тек қана мемлекет, мемлекеттік құрылымдар екен.

Себебі бір жеке адамның құқықтарына екінші жеке адам кепілдік бере алмайды екен. Ал мемлекеттің төлқұжаты ол – Конституция. Яғни қоғамдағы, мемлекеттегі тәртіпті ұстап тұрған заңдардың түп тамыры, тұғыры Конституция болмақ.

Екіншіден, бізде «қазақстандық патриотизм» болуы керек деп жарияладық та, оның да түп-тамырына үңілген жоқпыз. Ашығын айтар болсақ, «қазақстандық патриотизм» дегеніміз ғылыми терең тұжырымдалмаған, ҚАЗАҚТЫҢ мүддесіне негізделмеген субмәдениет (субкультура) болып қана қалды.

«Қазақстандық патриотизм» ұғымын идеологиялық платформаға айналдырып Қазақстан халқы ассамблеясы деген Конституциялық құрылым жасап алдық; дінаралық татулық орнатамыз деп дүниежүзіндегі діндердің съездерін ұйымдастырдық; біз осындаймыз деп дүниежүзілік медиафорумдар өткіздік; «үштұғырлы тіл концепциясы» деген сандырақ идеяны міндетті орта білімге күштеп тықпалап, орынсыз зорлықпен жаңа ұрпақ тәрбиелеп жатырмыз.

Осының барлығы біздің еліміздің, мемлекетіміздің егемендігі мен тәуелсіздігін нығайтты ма, оның іргетасын бекітті ме екен? Ол туралы біздің билік көп ойлана қойған жоқ. Биліктің өкілдері, мемлекеттік институттардың, мейлі Парламент болсын, мейлі Үкімет болсын, мейлі сот пен прокуратура болсын, мейлі әр деңгейдегі әкім-қаралар болсын, басшылары мен мүшелері өздерін-өдері Ұлттың элитасы деп «тағайындап» алып, ел басқарып келді.

Ең сорақысы, осы элита біздің Конституциямызды оқымайды, оқымаған соң білмейді, білмеген соң оның тұғырнамалық қағидаларын сезінбейді. Бірақ, сол элита Конституция талаптарын, заң талаптарын мүлтіксіз орындаймыз деп халыққа, Президентке ант береді.

Президентіміз Қ. Тоқаев өзінің Парламентте сөйлеген сөзінде бүгінгі күні бізде Конституция мен заң талаптарының бұзылу механизмдері заңнамалық актілерде «заңдастырылып» қойғанын атап өтті. Кейбір заңдарымыздың Конституциялық қағидалардан ауытқып жататыны да содан болса керек.

Заңдарды қабылдайтын да, заңнамалық актілерді дайындайтын да сол элита. Сонда біздің элита халыққа берген антын бұзып отырған болып тұр-ғой. Антын бұзатын, сөзінде тұрмайтын кісіден пассионарлық, жанашырлық, патриоттық ұмтылыстар күтуге бола ма? Конституциялық тұғырнамалық қағидаларды берік ұстануға біздің элитаның шамасы болды ма? Конституциялық тәртіпті өзі мойындамаған соң біздің элита Конституцияны да қорғай алады дегенге сену қиын.

2011 жылы Жаңаөзен оқиғалары, 2016 жылы Жер митингілері мен кешегі қаңтар трагедиясы көрсеткендей Қазақстанның Конституциясын қорғап қалатын, қорғай алатын бұқара халық екені айқын болды. Біздің Контитуциядағы тұғырнамалық қағидалар (фундаментальные принципы) жалпы халықтың жүрегінде, біздің мемлекетіміздің егемендігі мен тәуелсіздігінің кепілі екеніне көзіміз жетіп отыр десек, қателеспейтін сияқтымыз. Бұл дегеніміз, 21 ғасырдың екінші онжылдығында Қазақстан халқы Елдің даму саясатының субъектісіне, яғни саяси субъектіге айналды деген сөз.

Үшіншіден, ар-ождандық, адами психологиялық тұрғыдан Тәуелсіздік пен егемендіктің қадір-қасиетін түсіне алдық па? Егер түсіне алсақ, ол қандай? Біздің ресми идеология өз азаматтарын Қазақстанның байлығымен, керемет инвестициялық жағдай жасағанымен, басқа елдерден кісі щақырып, бірігіп баюға болатынымен мақтануға шақырады. Сонда біздің ресми идеологиядағы негізгі ұстаным ақша жинап, баю ғана ма?

Президентіміз Қ. Тоқаев бұл салада, әсіресе жас ұрпақты тәрбиелеуде, оқу-білім саласында бізге жаңа ұстаным – концепция қажет екеніне баса назар аударды. Менің ойымша «Отан-ана» деген қасиетті ұғымның саяси-қоғамдық синонимі тәуелсіздік пен егемендік болса керек. Кез-келген адам үшін анадан биік, Анадан асқақ, Анадан нәзік, Анадан мейірімді, Анадан қамқор басқа тірі жан жоқ. Ана өз перзентін шексіз сүйеді. Анасының жанында адам шексіз бақытты. Біздің мемлекетіміз – біздің Отан-анамыз.

Сондықтан біздің азаматтарымыздың, халықтың бақытты, бай-қуатты болуы тәуелсіздіктің, егемендіктің басты лейтмотиві болғаны абзал. Бұл тұрғыдан алғанда пассионарлық және патриоттық сезімі бар элита – Егемендіктің белгісі болса керек еді... Бірақ...

Менің билікке өкпе-ренішімнің тағы бір үлкен себебі қазақ тілін мемлекеттік тіл тұғырына әлі күнге дейін толыққанды қондыра алмай келе жатқанымызда. Конституциямыздың 7-бабының 1-тармағы мен 93-бабы біздің билікке қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде өз тұғырына қондыруға толық еркіндік пен мүмкіншілік берген.

Егеменді ел болып жарияланғанымызға 30 жылдан асса да, біздің билік Конституцияның 93 бабын басшылыққа алмай, ескермей отыр. «Тіл – халықтың жаны» - дейді дана халқымыз. Билік тармақтарының мемлекеттік тіл туралы саяси ұстанымының 30 жылда қалыптаспағаны менің жаныма қатты батады, алаңдатады. Осындайда Расул Ғамзатовтың (иманы жолдас болсын) – «Егер менің тілім ертең өледі десе, мен бүгін өлуге дайынмын», - деген патриоттық, әрі пассионарлық сөдері еріксіз ойға оралады.

Бүгінгі күні ҚАЗАҚ тілін ұстап тұрған өнер адамдары, ақын-жазушылар мен халықтың бір бөлігі ғана. Меніңше, әр адамның өзінің ұрпағына қалдыратын аманаты негізгі үш нарсе ғана. Ол – тілі, ділі және жері. Бұл үш анық негізді бір-бірінен ажырату да қиынның қиыны екенін ұмытпауымыз керек.

Осы үш негізгі нәрсе ұлттың басын біріктіретін, біртұтас ететін ұлы күш. Дәл қазір қазақтың басын біріктіретін күш ретінде тіл мен ділге толықтай арқа сүйей алмайтындай жағдайға жеттік пе? – деген көңілімде қауіп бар екенін жасыра алмаймын.

Бүгінгі күні ҚАЗАҚ-тың басын біріктіріп, біртұтас етіп отырған фактор, ол – Жер. Мен сол жылы өткен Жер комиссиясының 4 отырысының да бейне жазбасын толық көрдім. Егер бір сөзбен түйіндесек, халық Жерді сатуға болады деген тұжырымды Заң аясында дәлелдеп беруді талап етті. Бұл дискуссияда билік толық жеңіліс тапты. Биліктің айтқан бір ғана уәжі болды. Ол – «бос жатқан» (??) жерді сатып, пайда көрейік дегенге саяды. Тағы да пайда мен ақша билік үшін алдыңғы орынға шықты.

Ал Конституциямыздың 6-бабының 3-тармағы бойынша «Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар мемлекет меншігінде болады». Сол кезде менің ойыма келгені – біздің элита ақшадан басқаны көрмейтін болыпты, коррупциялық шаң-тозаң басыпты-ғой деген пікір. Менің ол пікірім әлі өзгерген жоқ, тіпті қаңтар трагедиясының бір себебін осыдан көремін.

Сіздің бұл сұрағыңызға қайтарған жауаптарымды қорытындылай келе мынаны айтқым келеді: Ең алдымен, заң мен заңдылықты сақтап қорғау керек. Себебі, тек заңдылық қана бұқара халық пен биліктегі элитаның құқықтарын теңестіре алады, яғни элита мен халықты жақындастырады, олардың арасындағы түсіністікке алып келеді.

Заң мен заңдылықты сақтамау, заң талаптарын орындамау немесе үстіртін қараудың нәтижесінде біздің өміріміздің барлық саласы коррупциялық шаң-тозаңмен былғаныпты.

Бұл тығырықтан шығудың жолдарын іздеуде мынадай 3 қағиданы басшылыққа алуды ұсынамын:

1) Шарль Де Гольдің «Сартр да Франция гой» деген қағидасы;
2) Патриоттық тәрбие мен сезімнің Конституцияға арқа сүйеуі;
3) Біздің азаматтар «Қарын философиясынан» арылып, «тоқтық пен тоқшылықтан» жоғары, биік тұруы керек. Себебі, «Қарын философиясы» біздің азаматтарға еліміздің келешегі мен болашағына көз жүгіртіп ойлауға, салиқалы жоспар құруға тосқауыл болып тұрғандай.

- Президент Қ. Тоқаев қаңтардағы митингілер басталған соң айтарлықтай қатты шаралар қолданды. Қоғамдағы орны мен беделі жоғары емес бірқатар жоғары лауазымды адамдарды орнынан алды. Қоғамда мемлекет басшысының бұл шешімдеріне қолдау білдіргендер де, сұрақ қойып жатқандар да бар. Сіздің осы мәселеге байланысты пікіріңіз қандай?

- Мемлекет тәуелсіз, егемен болған соң оның ақпараттық кеңістігінде де егемендік болуы керек. Менің байқағаным – осы ақпараттық кеңістікте Конституция міндеттейтін біртұтастық жоқ сияқты.

Бұл ретте біз өзінің үйін көршісіне сатып, сатқан үйін сол көршіден жалға алып тұрып жатқан адамға ұқсаймыз. Ойлағанымыз – көрші Ресей не дейді?, көрші Қытай не дейді? Немесе басқа көршілер қалай қарайды? – деген уайым.

Қазір «өтірікті шындай, шынды Құдай ұрғандай» - деп атам – ҚАЗАҚ айтқандай, қаңқу сөз, өсекті, кейбір шошайып көрінген азаматтар мен азаматшалардың жеке пікірмен тұздықтап, ақпарат етіп елге таратып, ақпараттық соғыс болып жатыр. Бұл соғыста әркім өз пікірін жоғары бағалайды және өз позициясын бергісі жоқ сияқты. Бәрінің өзін-өзі ақтап алатын, ақтай алатын, өзінің дұрыстығын дәлелдей алатын бір ғана уәжі бар, ол – демократия. Бірақ біз ойланбаймыз.

Демократия деген тәтті арман. «Көп жесең, тәтті улайды» - деген дана бабаларымыз. Қазір біздің халық сол тәтті арманға уланғандай әсердемін. Әйтпесе, демократиялық централизм деген қағиданың демократия ұғымымен қатар жүретінін де ұмытпауымыз керек.

Қ. Тоқаев жалпы халықтың көпшілік даусымен сайланған Президент. Оның негізгі міндеті Конституциялық тәртіпті сақтау, еліміздің егемендігін нықтау, бекіту. Қаңтардағы дүрбелең кезінде негізгі міндет Конституциялық тәртіпті сақтап, Еліміздегі қалыпты өмірді орнына келтіру болды. Сондықтан, егер біздің Президентіміз қатаң шаралар қолдануға бармаса, халқымыздың аманатына қиянат жасаған болар еді.

Ел басына күн туған сол бір кезеңде Қ.Тоқаев өзінің Конституцияның кепілі екенін досымызға да, дұшпанымызға да көрсетті деп ойлаймын. Қаңтар трагедиясында биліктегі элитаның «жұмсақтық» танытып, шарасыз күйде болғанын ескерсек, Президент Қ.Тоқаевтың бұл қасіретті проблеманы шешетін басқа жолы да болмаған сияқты. Бау-шарбағың өртеніп жатқанда көршім ренжиді екен деп арықтан су тасып өртті сөндірмей отыра алмайсың-ғой.

- Біздің ғылымда да осындай қатаң шаралар қолдану керек деп ойламайсыз ба? Қазақстандағы ғылым мәселесі Сіздің «Майдан шебіңіз» емес пе? Бұл жағдайға не дейсіз?

- Иә, солай екені рас. Еліміздегі жаратылыстану ғылымының мәселелерін билікпен көп жылдар бойы «талқылап» келе жатырмын. Бұл мәселе бойынша Ғылым Комитетіне, Білім және Ғылым Министірлігіне, оның Вице-министрлеріне, Премьер-Министрге, Құқық қорғау органдарына ондаған, тіпті жүздеген хат жазғанмын. Кейбір ойларымды БАҚ-да жарияладым да. Қайран болмады.

2020 жылдың соңғы күндері Президент Қ.Тоқаевқа ғылымның бүгінгі жайы туралы ойларымды баяндап хат жолдағанмын. Өзімнің блогымда «Қасқыр намыс қой мінез ҚАЗАҚ үшін ғылымды жаңғыртуымыз керек» деген атпен жарияладым. Менің біздің ғылым туралы пікірлерім көпшілікке таныс қой деп ойлаймын. Бірақ, халық пен БҒМ-і арасындағы ғылым туралы пікірталастан ешқандай нәтиже шыққан жоқ, итжығыс тірлік болды.

Шынына келсек менің жаным шырылдап, талқылайық, бір түйінге келейік деген ұсыныстарымды Білім мен ғылымдағы біздің билік құлағына да қыстырмады. Сөйтіп «соқыр мен саңыраудың» әңгімесіне ұқсаған тірлік болды. Осы уақыт аралығында биология ғылымдарының құрамында стратегиялық зиянды өзгерістер жүрді.

Ботаника ғылымы ұлттық ғылыми жүйеден алынып тасталды; Адам және жануарлар физиологиясы институты жойылды; Қазақ Ұлттық университеті биологиялық факультетінде классикалық кафедралар жабылып, оқу бағдарламалары нақтылықтан айырылды да, жалпақ шешейлік сипат алды. Жас ұрпаққа беріп жатқан білім шалажансар, шала болып шықты. Өзім жайын білетін биология ғылымын ғана айтып отырмын.

Ғылымның басқа салаларында да жағдай оңып тұрмағаны анық. Себебі бір кездері Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де білікті мамандар дайындаған 130 кафедрадан қазіргі уақытта қалғаны 50-60 ғана. «Етігің аяғыңды қысар болса, не пайда дүниенің кеңдігінен» - деп белгілі ән-жырда айтылғандай, бұл ҚАЗАҚ ғылымының аяғына салынған кісен болып тұр. Оған ғылымды мардымсыз қаржыландыруды қосыңыз.

Бөлінген қаржыны конкурсқа салып, ҚАЗАҚҚА, оның ғылымына қатысы жоқ сарапшылардың пікіріне арқа сүйеп, ырың-жырың, айқай-сүреңге салатын, солай тірліктің берекесін кетіріп отырған қаржыландыру механизмін қосыңыз. Осындай «дұшпан пиғыл» механизмді заңдастырып қойған «Ғылым туралы» Заң мен заңнамалық актілерді қосыңыз. Ең қиыны және жанға бататына – ҚАЗАҚ ғалымдары алған нәтижелердің рейтинг үшін шет ел асып кететінін қосыңыз. Қалыптасқан осындай келеңсіз жағдайдың себебіне үңіліп көрейік.

2010 жылы «Ғылым туралы» жаңа Заң қабылданды да ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуде жаңа тәртіп енгізілді. Содан бері ҚАЗАҚТЫҢ ғалымдары мен ғылымы білім мен ғылымды басқаратын биліктің «өгей баласына» айналды. Содан бері ҚАЗАҚ ғылымының басынан дау арылмай келеді.

Алдыңғы буын ғалым ағаларымыз қалыптастырып кеткен ғылымдағы дәстүрлер мен стандарттар тәрк етіліп, ҚАЗАҚПЕН келісілмей, ақылдаспай жаппай ағылшын-саксон құндылықтарын тықпалау басталды. Бала-бақшадан бастап, мектептерде, ЖОО-нда ағылшын тілі заңнамалық актілермен «заңдастырылып», зорлықпен енгізіді де, Конституцияда белгілінген мемлекеттік ҚАЗАҚ тілі ашық дискриминацияға ұшырады.

Сонымен, бұл «Ғылым туралы» Заң біздің Конституцияның тұғырнамалық қағидаларына қарсы болып шықты. Одан кейінгі заңға енгізілген өзгерістер жеңіл-желпі жөндеу жұмыстары сияқты болды да, түбегейлі өзгерістерге алып келген жоқ. Менің ойымша, осы Заң арқылы Қазақстанның білім және ғылым саласындағы билік білім мен ғылым арқылы мемлекеттің егемендігін нығайтудың орнына сол егемендіктен, ғылым мен білімнің егемендігінен едәуір алшақтады.

Ал енді маған қиянат жасаған адамдар өз орындарында отырғанына келсек... Ақылға салсақ, егер ол адамдар «өз орындарында» болса, сіз айтқандай маған қиянат жасамас еді. Негізінен ол адамдардың барлығы да – Министрден бастап Ғылым комитетінің клерктеріне дейін маған мәлім. Бүгін, мен олардың ешқайсысына қызықпаймын, қызыға алмаймын. Себебі, олардың іс-әрекеттерінде, тірлік-тіршілігінде мен қызығарлық ештеңе көріп тұрғаным жоқ. Қыбыр-жыбыр күйкі тірліктеріне қарап аяныш сезімі орнады көңілімде.

Ұлтаралық татулық біздің егемендігіміздің құндылығы. Мемлекеттік тілдің дискриминацияға, кемсітуге ұшырауы, яғни ҚАЗАҚтарды ашық кемсіту, еліміздегі ұлтаралық татулық кепілі болмаса керек. Сол Конституциямыздың 39 бабы 2 тармағында «Ұлтаралық татулықты бұзатын кез-келген әрекет конституциялық емес деп танылады» деп атап өтілген.

Бұл тұрғыдан алғанда «Ғылым туралы» Заңымыз Конституциялық емес деп танылуға тиіс деп ойлаймын. Себебі, 2010 жылы бұл заңды ұсынған Үкімет те, оны қабылдаған Парламент те, кейінгі атқару кезіндегі Юстиция Министрлігі де бұл жағдайды ескермеген болып шықты. Сондықтан біздің ғылымда да қатаң шаралар қолдану керектігі анық дүние. Бүгінгі билік Қазақстан ғылымының тәуелсіздігі мен егемендігін, яғни ғылымдағы конституциялық тәртіпті орнатуға кірісу керек.

- Сіз осыдан біраз жыл бұрын бірнеше рет біздің қоғамдағы өмірімізге, тіршілігімізге философиялық-әдістемелік аудит жүргізу қажет деп мәлімдегенсіз. Сонда қалай? Президент Қ. Тоқаев ұсынғандай эволюциялық жолмен жүреміз бе, жоқ әлде революциялық жолмен жылдам шешуге бола ма?

- Ғылым мәселесі революциялық жолмен шешілсе, бір керемет, сиқырлы, таңғажайып дүние болар еді. «Ғылым – инемен құдық қазғандай» - деген мақал, нақыл сөз бар. Әрине, құдықты күрекпен қазуға да болады, тіпті экскаватормен қазуға да болады. Бірақ, тек инемен қазылғаны ғана ғылымның құдығы болмақ, тек ғылымның құдығынан су ішкендер ғана дана болмақ.

Сондықтан болар, заманымыздың ойшылы Әдіһәм Шілтерханов ағамыз айтқандай – «Ғылымы жоқ елдің данасы жоқ, данасы жоқ елдің панасы жоқ». Бұл тұрғыдан алғанда, бүгінгі күні ҚАЗАҚ ғылымы мен ҚАЗАҚ ғалымының панасы болмай тұр. Оған пана болатындай даналарының да қатары көп емес екендігі талас тудырмаса керек.

«Күрекпен, экскаватормен құдық қазып, соның суын ішкен», сөйтіп ғылыми атақтар мен дәрежелер алған білім мен ғылымның элитасы болып отырғандар толыққанды «дана» да, пана да бола алмай отыр, ғылым мен ғалымға. Еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейінгі халықтың жартысынан астамын өз шатырының астына жинаған бүгінгі Білім және ғылым министірлігіндегі билік өкілдері «баламен-баладай, данамен-данадай» сөйлесетіндей болуы керек екендігі көзге ұрып тұрған ақиқат.

Баламен-баладай сөйлесетіндері бар шығар, ал данамен данадай (ғалыммен ғалымдай) сөйлесе алатын министр де, басқа да лауазымды шенеуніктерді соңғы 10-12 жылда есімізге түсіре алмаспыз. Бұл дегеніңіз ғылымды басқарып отырған құрылымдар мен ғылымның негізгі субъектісі – ғалымдардың арасындағы байланыс үзілген деуге толық негіз береді.

Ғалым мен ғылымның саяси басқармасының ортасында жүрген Ұлттық Ғылыми Кеңестер, Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы, Салалық Ғылыми кеңестер мен Ғылым Комитеті сияқты құрылымдар Қазақстанның ғылыми тәуелсіздігі мен егемендігін қамтамасыз етіп отыр деп те ешкім айта алмас. Себебі, біздің Үкіметтің еліміздің ғылым саласындағы егемендігі мен еркіндігі жөніндегі пайымдары мен концепциясы жоқ сияқты. Ал халыққа ұсынылып отырған бағдарламалар мен концепцияларындағы мемлекетіміздің егемендігін нығайтудағы ғылымның рөлі туралы ойлары мен ұсыныстарының көмескілігі соншалықты, жоқ десе де болады.

Нәтижесінде ҚАЗАҚ ғалымдары қорғансыз, «гастарбайтерлердің» деңгейінде жүрген, еңсесі езілген адамдар болып отыр. Ғылымның негізгі мақсаты – ақиқат іздеу, кез-келген нәрсенің (зат болсын, оқиға болсын) ақиқатына жету. Әр нәрсенің ақиқатына жету – айтыста және пікірталаста ғана мүмкін болмақ.

Ерекше атап өтейін, ғалымдардың айтысында, үлкен ғылыми дискуссиялар мен пікірталастарда ғана ақиқатқа көз жеткізуге болады. Бүгінгі «Ғылым туралы» заңымызда және оны орындауды реттейтін заңнамалық актілерде мұндай диалогқа орын жоқ. Ғалымдар мен ғылымды басқарып отырған элитаның арасында диалог жоқ, өңшең ғылымдағы «элитаның» монологы.

Нәтижесінде Президентіміз Қ. Тоқаев айтқандай – «Достарымызға – барлығы, басқаларына – Заң аясында (Друзьям – все, остальным – по закону)» деген қағида қалыптасты. Ал ғылымдағы заңдар мен заңнамалық актілердің Конституцияда міндеттелген ар-ождандық қағидалар мен принциптерге қарама-қайшы екенін жоғарыда айттық.

Тоқ етерін айтар болсақ, Қазақстанда ғылымды басқарып отырған элита таразының бір басына «Қазақстанның егемендігін», екінші басына «Ғалымдардың рейтингі» деген ұғымды қойып отыр. Әзірге таразының екінші басының төмен тартып тұрғаны анық.

Шетелдік сарапшылар, Хирш индексі, Импакт-фактор және т.с.с. біздің Ұлттық Ғылыми жүйемізді дамытудың құқықтық кепілі бола ма, оған басымдық бере ме? Жыл сайын өзгеріп, аударылып-төңкеріліп тұратын рейтинг біздің ғылымдағы егемендігімізге тұтқа бола ала ма? Біздің ғылымды басқарып отырған элита оған бас ауыртып отырған жоқ.

ҚАЗАҚ-тың, егемендіктің жайын айтып шырылдаған талай ғалымдар мен зиялы азаматтардың сөзін бұл элита «жерде қалдырды». Өйткені, ресми түрде Заң сол элитаны қолдап, қорғайтын болып шықты. Философиялық-әдіснамалық аудиттің қажеттілігі осының өзінен-ақ көрініп тұр-ғой деп ойлаймын.

Осы ар-ождандық аудитті Қазақстан Республикасының «Ғылым туралы» және «Білім туралы» Заңдарынан бастау керек деген ойдамын. Себебі, Хакім Абай айтқан «Талап, еңбек, терең ойлы» болашақ ұрпақ тәрбиелеудегі, Еліміздің жарқын болашағын қамтамасыз етудегі бұл заңдардың алатын орны ерекше екендігіне ешкімнің де күмәні болмас.

- Бұл аудит ғылымда қандай болуы керек? Ғылым Академиясының мәртебесін қайтару керек пе? Ол үшін қандай ұсыныстар жасар едіңіз? Салалық ғылым академиялары туралы не айтасыз?

- «Ғылым туралы» ҚР Заңы 1 бабының 4 тармағында Ғылым туралы ұлттық баяндама жөнінде айтылған. Бұл жыл сайын Үкіметке берілетін есеп. Ұлттық баяндамада халықаралық және ұлттық ғылымның жағдайы мен даму тенденциясы сараланып, еліміздің ғылыми потенциалын жетілдіріп-дамыту туралы ұсыныс дайындап, ғылым дамуының басым бағыттары анықталып көрсетіледі екен.

Біздің практикамызда Ғылым туралы ұлттық баяндаманы Ұлттық Ғылым Академиясы дайындайды да, жыл сайын Үкіметке тапсырады. Бірақ, Ғылым туралы Заңда Ұлттық Ғылым Академиясы Ұлттық Ғылым жүйесінің субъектісі ретінде қарастырылмайды. Сонда қалай болғаны? Жыл сайын Ұлттық Ғылым Академиясы дайындаған ұлттық баяндаманың заңсыз болғаны ма? Біздің Білім және ғылым министрлігі өткізіп жатқан конкурстардағы жарияланған басым бағыттар қайдан алынғаны белгісіз.

Ол басым бағыттар ұлттық баяндамадан алынды ма екен? Ал егер ол басым бағыттар ұлттық баяндамадан алынбаса, оларды кім қалыптастырды екен? Егер олай болса, бұл басым бағыттарды кім бекітіп заңдастырды екен? Бұл «Ғылым туралы» Заңның бір тармағынан туындаған мәселелер. Көріп тұрғанымыздай, жауаптан гөрі сауал-сұрақтар көп болып тұр. Сондықтан ғылымдағы аудитті «Ғылым туралы» Заңды Конституция талаптарына сәйкестендіруден және Ұлттық Ғылым академиясының мәртебесін қайтарудан бастау керек.

Салалық ғылым академиялары туралы сөз қозғағанда олардың ҚАЗАҚ ғылымын жаңғыртудағы маңызды ерекше екенін атап өткім келеді. 2010 жылы қабылданған «Ғылым туралы» Заң біздің үлкен ғылымдағы қалыптасқан академиялық дәстүріміз бен мінез-құлықтарымызды, құндылықтарымызды күресінге тастап, ағылшын-саксондық, бөтен, ҚАЗАҚ-қа жат «құндылықтарды» қабылдауға мәжбүрлеп отыр деуге болады.

Салалық ғылым академияларын да бұрынғы академиялық ортадан шыққан, сол ортаның тәрбиесін көрген, дәстүрін сақтаған ғалымдар шоғырланған. Бұл қоғамдық ғылым академияларының сол саладағы министрліктердің стратегиялары мен концепцияларының, тіпті қысқа мерзімді тактикалық іс-әрекеттерінің ғылыми, ғылыми-технологиялық негізін жасауға, тиісті сараптамалар жасауға, жоспар құруға толық мүмкіндігі болды, әлі де бар.

Бірақ, салалық ғылым академиялары болсын, қоғамдық ғылыми ұйымдар болсын, соңғы 10-15 жылда Үкімет оларға көңіл аудармады да. Президент Қ. Тоқаевтың Парламентте, кәсіпкерлермен кездескенде, Үкімет отырысында сөйлеген сөздерінен байқағаным – біздің министрліктердегі стратегиялық жоспарлардың басым бөлігі өзінің діттеген мақсатына жетпей жатқан сияқты. Оның негізгі себебін сол министрліктердің саланың даму стратегиясын дайындаған кезде оның ғылыми негізін қалыптастыра алмауында деп білемін.

«Шала білім шатастырады» - дейді Әдіһәм Шілтерханов ағамыз. Министрліктердегі стратегия дайындаған «клерктердің» білімі мен тәжірибесі дәстүрлі академиялық ортада қалыптасып, тәрбиеленген ғалымға қарағанда шала, жарымжан екені айтпаса да түсінікті. Бірақ, біздің министрлерге «Өзің білме, білгеннің тілін алма», - деген қарғыс тигендей.

Ең өкініштісі – осы салалық ғылым академияларының басын қосатын «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» ұйымдастыратын үйлестіруші орган болмай тұр. Ақылға салсақ, осындай үйлестіруші орган Ұлттық Ғылым Академиясы болғаны өте орынды болар еді. Ал егер, Ұлттық Ғылым Академиясының мертебесі «Ғылым туралы» Заңда бекітілген болса, онда салалық Ғылым академиялары Ұлттық Ғылым Академисының ірі-ірі ғылыми бағыттарға жауапты бөлімдері болатыны түсінікті.

Ал әзірге, салалық ғылым академиялары ҚАЗАҚ ғалымдарының Хирш индексінің, Импакт-факторының және т.с.с. «Халықаралық салпыншақтарының» бар-жоғына қарамай ғылыми жетістіктерін бағалайтын, сөйтіп үміт сыйлайтын орындар болып тұр.

Бүгінгі күні біздің Білім және ғылым министрлігі осындай «салпыншақтары» болмаса, ғалымды ғалым деп мойындамайтын күйде. Бұл тұрғыдан алғанда қоғамдық ғылым академиялары БҒМ-нің ұстанымына альтернатива болып тұрғаны анық. Менің салалық ғылым академияларының ҚАЗАҚ ғылымын жаңғыртудағы рөлі ерекше дейтінім осыдан. «Орны бар - оңалар» деген мақал бар емес пе?

- Егер, Ұлттық Ғылым Академиясын ұлттық ғылым жүйесіне қайтара алсақ, ғалымдар мен мемлекет арасындағы қарым-қатынас қандай болмақ? Бір кездерде Сіз іргелі ғылымға мемлекеттік монополия болуы керек деп едіңіз. Осыған түсініктеме бере кетсеңіз?!

- Мемлекеттің барлық ресурстарын (табиғи, гуманитарлық, қоғамдық, әлеуметтік, техникалық, технологиялық, және т.с.с.) түптеп-түгендеу сол мемлекет ғылымының басты мақсаты мен міндеті. Қазақстан жер аумағы бойынша әлемде 9-шы орында. Осындай үлкен елдің ресурстарын түгелдеп, игеру үшін ғылым керек екендігіне ешкімнің күмәні болмаса керек. Ал біртұтас үлкен ғылым тек қана мемлекеттік болуы түсінікті жайт. Басқаша айтқанда, Еліміздің егемендігі берік, әрі нық болуы үшін ғылымға мемлекеттік монополия болуы керек.

«Ақпарат кімнің қолында болса, дүниенің қожасы сол» деген тезисті естен шығармағанымыз абзал.
Ал Конституциямыздың 6 бабы 3 тармағы бойынша елдің барлық табиғи ресурстары мемлекет меншігінде болады. Мемлекет меншігіндегі ресурстарды түгелдеп, игеру де мемлекеттік ғылымға тиесілі болса керек.

Ғалымдар мен мемлекет арасындағы қарым-қатынасқа келсек, Ұлттық Ғылым Академиясы өз мәртебесіне қайта оралса болғаны. Сіздің бұл сұрағаныңызды соңғы 10-15 жылда БҒМ-і мен ғалымдардың арасындағы түсініспеушіліктің салдары деп санауымыз керек сияқты. Ғалымдар мен биліктің арасында байланыс орнататын Ұлттық Ғылым Кеңестер (ННС) өз міндетін толық атқара алмаған, орын алған қарама-қайшылықтарды жоя алмаған деген сөз.

- Өзімді мазалап жүрген тағы бір сұраққа жауап бере аласыз ба? Бұл біздің шенеуніктер көп арқа сүйейтін халықаралық стандарттар туралы. Осы халықаралық стандарттар кейде біздің мемлекеттік мүддемізге қарсы келіп жата ма деген қауіп бар.

- Біздің шенеуніктер көп қайталайтын «халықаралық стандарт» деген ұғым да саяси сағым (политический мираж) болып табылады. «Халықаралық стандарт» дегеніңіз халықаралық құқықтық құжаттарда белгіленген ұғым-категория болуы керек. Халықаралық құқықтық құжаттар Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында қабылданады. Яғни халықаралық деңгейде «ойын ережесі» мен тұрақты принциптер бар. Бұл тәртіп барлық халықаралық құжаттарда сақталынады, яғни ақылға сиятын, түсінікті жайт.

Осындай халықаралық құжаттың бірі – «Биологиялық алуан-түрлілік жөніндегі Конвенция». Бұл құжаттың алғышартының 4-пунктінде: «мемлекеттердің өз биологиялық ресурстарына егемендік құқытары бар екенін толық мойындай отырып» - делінген. Яғни «Халықаралық стандарттарда» мемлекеттердің егемендік құқықтары толық мойындалады деген сөз. Сонда сағымдай болып көрінетін халықаралық стандарттар біздің шенеуніктерге өзіміздің заң талаптарын айналып өтуге болатын амал болып шықты.

Екінші жағынан, Президент пен Халыққа берген – «Конституция мен заң талаптарын мүлтіксіз орындаймын», - деп берген анттарын ұмытуға да «халықаралық стандарттар» қолайлы болып тұр. Қазір біздің ғалымдардың өмірінің мәніне айналған «халықаралық рейтинг» деген категория да осындай саяси сағым-елес болып табылады. Еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігінің нығаюына зияны болмаса пайдасы жоқ бұл категорияларды да құқықтық тұрғыдан терең зерттеп, зерделеу қажеттігін 2020 жылы күзде Президент Қ. Тоқаевтың атап өткенін ұмытпауымыз керек.

Осы «халықаралық стандарт» туралы айқай-сүрен ғылым мен білім саласында ағылшын-саксондық нормаларды тықпалап, өзіміздің қалыптасқан дәстүрлі әдіс-тәсілдерді сындыра бастаған 2011 жылдардан басталды. Егер нақты айтатын болсақ, 2012 жылғы ҚР Білім және ғылым министрінің ағылшын тілін балалар бақшасынан бастап орта мектепке күштеп енгізу туралы бұйрығынан басталған бұл үрдісті саяси-әлеуметтік тұрғыдан ақтап алу үшін қолданылып отырған какафония осы «халықаралық стандарт» деген әңгіме.

Сол кездегі Министр Б. Жұмағұловтың бұл бұйрығы ел ішінде үлкен дүрбелең туғызды. Осы дүрбелеңнің дауысын басу үшін «халықаралық стандарт» деген какафония күшейе түсті. Бұл какафония Е. Сағадиев «Үштұғырлы тіл концепциясы» деген бағдарлама қабылдап, бас-көзге қарамай төпелеп іске асыра бастағанда күшейе түсті. Е. Сағадиевтен кейінгі Білім және ғылым Министрлері осы күмәнді «сара жолмен» келе жатыр.

Кешегі қаңтар қасіреті кезінде біздің саяси-әлеуметтік өмірімізде мемлекетке жасалған опасыздық деген сөз тіркесі пайда болды. Елге жасаған опасыздық Конституция талаптарын орындамаудан басталатынын өмірдің өзі көрсетті.

Халықаралық биология алуан-түрлілік Конвенциясынан алынған мысал кез-келген «халықаралық стандарттарда» мемлекеттің егемендігі толықтай мойындалатынын, елдің, мемлекеттің, ұлттың талап-тілегі ең басты дүние екенінің айғағы. Сонда білім мен ғылым саласындағы бұл үрдістер елге, жұртқа, мемлекетке, ҚАЗАҚқа жасалынған опасыздық емес пе екен?

ҰҚК-нің жайы белгілі, оны сөз қылудың өзі артық. Кешегі қаңтар трагедиясы «халықаралық стандарттар» да, «Хирш индексі» де, «Импакт-фактор» да, шетелдік сарапшылар да, «Үш тұғырлы тіл концепциясы» да, «Діндер татуластығы бағыты» да, ҚАЗАҚты қинап ағылшын тілін тықпалау да және т.с.с. саяси салпыншақ-аксессуарлар біздің егемендігіміз бен тәуелсіздігіміздің кепілі бола алмайтынын көрсетті. Мен мұны тағы да ерекше қайталап, атап өтемін. Сіздің қаупіңіз орынды-ғой деп ойлаймын.

- Сіз білім саласы, жоғары білім мен ғылымның өзара қарым-қатынасы туралы мәселе көтеріп көп жаздыңыз. Бір кездері Сіздің ЖОО-ның, әсіресе әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің мемлекеттік білім беру стандарттарын қатаң сақтауын талап еткеніңіз есімізде.

- Иә! Шырылдап жатқаным рас. Мені әсіресе қатты мазалайтыны – біздегі жоғарғы білімнің сапасы. Қолында дипломы бар мамандардың біліктілік деңгейі; қазақ тілінде білім алған мамандардың ЖОО-ын бітіргеннен соң кәсіби біліктілігін сақтап, дамытуы.

Менің алаңдаушылығымның себебі біреу-ақ. Ол – ЖОО-ындағы қазақ тілінің материалдық базасының әлсіздігі және Конституция 93-бабының ашық орындалмауы. Біздегі жүргізілген реформалардың нәтижесінде білім беру саласын құқықтық қамтамасыз ететін инфрақұрылым қалыптасқан. Бұл инфрақұрылым қалтықсыз жұмыс істеп тұр. Бірақ ЖОО-ндағы білім беру процесін ғылыми қамтамасыз етудің деңгейі төмен екендігін мойындамауға болмайды.

Сіз есіңізге түсірген Қазақ ұлттық университетінде орын алған олқылықтардың ең басты себебі де оқу процесінің ғылыми қамтамасыз етілмей отырғанынан деп ойлаймын. Десек те, сол ҚазҰУ-інде оқу процесінің құқықтық қамтамасыз етілуі ең жоғарғы дәрежеде екеніне күмәніңіз болмасын.

Бірақ осындай құқықтық тәртібі қалтқысыз жұмыс істеп тұрған университеттің биология және биотехнология факультетінде мемлекеттік білім беру стандарттары 10-12 жыл бойы сақталмай, заң бұзушылық орын алған. Биология факультетінде «Геоботаника» мамандығы бойынша 10-12 жыл бойы магистрлер мен философия докторлары дайындалып, диплом алып келген. Ал «геоботаника» мамандығы бойынша бакалавриат ашылғанына 1-2 жыл ғана болды. Яғни, үш сатылы білім беру мемлекеттік стандарты факультетте «төңкеріліп» орындалған.

Яғни, 10-12 жыл бойы «геоботаника» мамандығына басқа мамандықтардың бакалаврларын қабылдап, магистрлер мен PhD докторларының дипломын «сыйлап» отырған.

Ең өкініштісі – сол магистрлер мен PhD докторлардың көпшілігінің нағыз геоботаник бола алмағаны. Бұдан шығатын қорытынды біреу ғана – ЖОО-ындарында білім беру процесін алдымен ғылыми, содан кейін құқықтық тұрғыдан қамтамасыз етіп, тиісті инфрақұрылымдарды қалыптастыру керек.

- Ендігі жерде биология ғылымымен не болмақ? Соңғы жылдары биологиядан бірдеңе қалды ма екен? Миллиондаған гектар жеріміздің топырағы мен өсімдік жамылғысы соңғы 20 жылда зерттеліп-зерделенбеген болып шықты. Жыл сайын біздің ЖОО-ын ондаған, тіпті жүздеген биотехнологтар бітіріп шығады, ал бізде биотехнология ғылымы мен индустриясы бар ма, жоқ па – ешкім білмейді. Тауларымыздың, далаларымыздың, шөлдеріміздің, көлдеріміздің жағдайы туралы ақпарат ұлттық қауіпсіздіктің бір бөлігі екені күмәнсіз. Кейде, біздің Үкіметке осындай ақпараттар жетпей жатқан сияқты. Сіз не дер едіңіз?

- Менің хаттарыма келген жалтарма жауаптарға қарағанда біздің Үкіметке көп ақпарат жетпей жатқан сияқты. Дұрысын айтсақ, Үкіметке жеткен ақпараттың ғылыми негізі сұйықтау ма, қалай? Ал биология ғылымына келсек, талқылайтын дүние көп.

Бүгінгі күні Қазақстан биология ғылымының мақтанышы Отардағы «Биологиялық қауіпсіздік» ҒЗИ-ы болып тұр. Бұл ақылға қонатын ақиқат. Себебі бұл ҒЗИ-ның тиісті инфрақұрылымы, кадрлық құрамы, ұстанған нақты бағыты сақталған. Сондықтан коронавирусқа қарсы вакцина дайындағаны, дайындай алғаны біздің отандық вирусология ғылымында тарихи сабақтастық пен дәстүрлер сақталғанының айғағы деп санауымыз керек.

Әйтпесе, елімізде осындай вакцина және т.б. дәрі-дәрмек дайындай алатын ғылыми ұйымдар жоқ емес. Бұлар, ең алдымен Микробиология және вирусология институты, «Инфекциялық препараттар» Ғылыми-зерттеу орталығы, Ұлттық биотехнологиялық орталық және т.б. Мемлекеттің, қоғамның қауіпсіздігі тұрғысынан келсек, бұл аталған мекемелер биологиялық қауіпсіздікке жауапты сияқты. Коронавирус алқымнан алып жатқанда олардың қандай көмегі болды екен?

Биологиялық қауіпсіздік стратегиялық бағыт екені айтпаса да түсінікті. Маған түсініксізі – осындай стратегиялық бағыттағы Микробиология және вирусология институтының мемлекеттік меншіктен жеке қолға өткені. Еліміздің ғылыми жүйесінде өзіндік тарихи орны бар институтты жеке қолға берер кезде біздің Үкімет ұлттық қауіпсіздік мәселесін қалай ұмытты екен? Мүмкін бұл мәселеге ҰҚК-і араласты ма екен? Білмедім! Бірақ, бұл шындық, факт.

Сонымен, стратегиялық маңызды биологиялық қауіпсіздік мәселесінің микробиологиялық және вирусологиялық тағдыры жеке адамның қолында болып шықты. Жалпы алғанда бүгінгі Қазақстанның биология ғылымында микробиология мен вирусология алдыңғы орында. Биологияның басқа бағыттары мен салаларында ауыз толтырып айтатындай дүние жоқтың қасы.

Менің соңғы 10-12 жылда Білім және ғылым министрлігімен жүргізілген пікірталастарым мен хат алмасудың нәтижесінде көңілге түйгенім – Біздің Министрлік елдің биология ғылымын құрап тұрған инфрақұрылымын жүйелі түрде шашып жатқанға ұқсайды. Мысалыға, Ботаника және фитоинтродукция институтын 3 филиалымен бірге басқа министрлікке ауыстырды. Ал Адам және жануарлар физиологиясы институтын мүлдем таратып жіберді.

Білім және ғылым Министрінің биология ғылымына жаны ашымайтынының дәлелі ретінде ботаника ғылымының бас мекемесі мен адам және жануарлар физиологиясы институтын, микробиология және вирусология институтын ұлттық ғылыми жүйеден шығарып тастағанын айтуымыз керек.

2016 жылдың соңында Бас прокуратура Ботаника және фитоинтродукция институтында 100 млн. теңгеден көп бюджеттік қаржы жымқырылғанын анықтады, қылмыстық іс қозғалды. Білім және ғылым министрлігі, тіпті министр Сағадиев өзі, институт басшылығының қылмысын жасырып, жауапкершіліктен арашалаумен айналысты. Соңында басқа министрлікке ауыстырып құтылғандай болып көрінді. Бірақ Қазақстанның ботаника ғылымын бассыз қалдырып, ұлттық ғылыми жүйеден аластап отыр.

Ғылымның басқа салаларында бәлкім жағдай дұрыс болар. Ал біздің биология ғылымындағы қалыптасқан жағдай осындай.

Ең өкініштісі – министрлер мен министрліктің Конституция мен Заң талаптарын орындауға ниеті болмағаны, ұзақ жылдар бойы әрекетсіз отырғаны. Нәтижесінде соңғы 20 жылда еліміздің өсімдік және топырақ жамылғысы зерттелмеген, бағаланбаған болып шықты.

Жалпы мемлекетіміздің барлық ресурстары туралы толық ақпарат жүйеленбеген, ғылыми тұрғыдан сарапталмаған. Бұл дегеніңіз біздің Үкімет «Неге?» - деген сұраққа жауап бере алмайтындай сүріншек халде деген сөз. Себебі, оның ғылымға монополиясы жеткіліксіз болып тұр.

- Сіз ұсынып отырған «Қазақстан флорасы» жобасы осыған байланысты болса керек?

- Тікелей байланысты. Қазақстан Республикасы Конституциясының 93 бабы былай дейді: «Конституцияның 7 бабын жүзеге асыру мақсатында Үкімет, жергілікті өкілді және атқарушы органдар арнаулы заңға сәйкес Қазақстан Республикасының барлық азаматтары мемлекеттік тілді еркін әрі тегін меңгеруі үшін қажетті ұйымдастырушылық, материалдық және техникалық жағдайдың бәрін жасауға міндетті».

Ойланып көрейік. Осы 93-баптың талаптары бойынша ҚР Білім және ғылым министрлігі Министрліктің жүйесінде жұмыс істейтін Қазақстан азаматтарының мемлекеттік тілді еркін, әрі тегін меңгеруі үшін қажетті ұйымдастырушылық, материалдық және техникалық жағдайдың бәрін жасауға міндетті. Ботаника саласында бұл бағытта жетістіктерге жету үшін Білім және Ғылым министрлігі мемлекеттік – ҚАЗАҚ тілінде Қазақстан өсімдіктері туралы энциклопедиялық-анықтамалық дайындауға тапсырыс беруі керек еді.

Еліміздің бір топ ғалым-ботаниктері 1996 жылдан бері «Қазақстан флорасы» көп томдық энциклопедиялық-анықтамалығын дайындау туралы бастама көтеріп, осы бағытта ғылыми-әдістемелік жұмыстар мен ізденістер жасап келді.

Нәтижесінде осы энциклопедиялық-анықтамалық дайындайтын ғылыми-творчестволық ұжым қалыптасты, концепция жасалынды, Қазақстанның жаңа флористикалық аудандау жобасы дайындалды, Қазақстан өсімдіктерінің заманауи номенклатурасы жасалынып, жарық көрді. Тіпті 3-4 рет мақсатты ғылыми-техникалық бағдарлама ретінде конкурсқа да қатысты.

Өкінішке орай, Білім және ғылым министрлігі тапсырма бермек түгілі, конкурсқа қатысқан бағдарламаны 3-4 рет қолдамады. Яғни, Ата Заңымыздың 93-бабы талаптарын қасақана, әдейі орындамай отыр деген сөз. Кейінгі 15-20 жылда ҚАЗАҚ тілінде орындалуы тиіс ондаған ғылыми бағдарламалар мен жобалардың жолы осылай қиылды.

Қазақтың өмірлік философиясында: «Дүниеге бір бала келсе, оның несібесіне бір қозы артық туады, ол қозының несібесіне бір түп жусан артық бітеді», - деген ұғым бар. Біздің табиғи, әлеуметтік, тарихи, ар-ождандық ресурстарымыз болашақ ұрпақтың несібесі десем, артық айтқан болмас. Ал ғылымың болмаса, сол несібеңді танымай өтуің мүмкін бұл өмірден, ұрлатып алуың мүмкін несібеңді; жоғалтып алуың да ғажап емес.

Конституциямыздың 93-бап талаптарының орындалмауы еліміздің биологиялық-нәсілдік қорларының, яғни ҚАЗАҚқа тиесілі несібенің азып-тозуына көп әсерін тигізуде. Мысалыға, Қазақстанның өсімдік дүниесін құрайтын 13-14 мың биологиялық түр тіркелген. Бүгінгі күні баға жетпес құндылығы бар осы нәсілдік қор туралы қазақ тіліндегі ғылыми ақпарат өте аз, там-тұмдап қана белгілі. Ал қазіргі білім алушылардың 95% қазақ тілінде оқиды.

Мемлекеттік-қазақ тіліндегі ғылыми ақпарат жеткіліксіз болып тұрғанда сапалы оқулық туралы сөз қозғаудың өзі артық. Біздің келешек зиялы қауымымыз болатын дипломды жастар ҚАЗАҚ-тың несібесін танымайтын халде деуге болады. Ал танымайтын нәрсені сақтап-қорғау да, жаратып-ұқсату да қиын, тіпті мүмкін емес. Себебі, танымайсың.

Биологиялық нәсілдік қордың құндылығы өте жоғары екені сөзсіз. Мысал ретінде айта кетсек – Мемлекеттік статистика комитетінің деректері бойынша 2010-2015 жылдары 90 мың тоннаға жуық қызыл мияның тамыры қазылып, шетел асқан. Шикізат ретіндегі құны 69-70 млн. АҚШ доллары болыпты. Ал дәрі-дәрмек шикізаты ретіндегі нарықтық құны аталған сомадан 5-7 есе артық. Бұл тек қана бір түрдің нәсілдік қорынан көрініп тұрған экономикалық пайда.

Ал Қазақстанда 1500 өсімдік түрінің дәрі-дәрмектік, шипалық; 600-ге жуық түрдің азық-түліктік, тағамдық; 1100-1200 түрдің малазықтық, жемшөптік пайдалы қасиеттері бар. Жалпы алғанда Қазақстан флорасындағы әрбір 8-түр Жер бетінде тек бізде кездесетін эндемик, ҚАЗАҚ эндемигі. Түр құрамының 12%-ы болатын осы эндемиктер алма мен қазғалдақ сияқты біздің ҰЛТТЫҚ КОДЫМЫЗДЫҢ ботаникалық келбеті деп толық айта аламыз. Осындай маңызды ақпаратты ҚАЗАҚ білуі тиіс.

Сонымен, «Қазақстан флорасы» бағдарламасы ботаник-ғалымдар тарапынан Конституцияның 7 және 93 баптарын мүлтіксіз орындауға ұмтылыс болып табылады. Ал Министрлер мен министрліктер болса..., нәтижесін көріп отырсыздар.

- Сұхбатыңызға рахмет, Нұғман Күлдәрбекұлы!

Серік Мәмбетов, Матрица.kz
Просмотров материала: 3 978

Поделиться материалом


10:04 230 миллиардов тенге возвращено государству в рамках дел... 92 342 Просмотров

20:03 Обращение жителей с. Маралды к Президенту РК К.-Ж. Токаеву... 0 Просмотров

12:16 Атырауда мыңнан астам асыл тұқымды еділбай қойы тірідей... 0 Просмотров

11:35 Бұдан былай Алматыда электрлі самокат тек 16 жастан бастап... 0 Просмотров

11:30 Қарағанды облысындағы жол апатынан сегіз адам көз жұмды... 0 Просмотров

11:17 Мұхамедиұлының Ұлттық музейдегі ұрлықтың жаңа эпизодына еш... 92 163 Просмотров

11:01 Биіктен құлап бара жатқан баланы қағып алған оқушыға үш... 92 134 Просмотров

10:47 Қарағандыда тұрғын үй ауласынан шала туылған бала табылды... 92 076 Просмотров

10:25 Ұлттық музей басшылығына қатысты қылмыстық істі... 92 062 Просмотров

18:37 Адвокат Бурхан Жансейтов задержан в Алматы... 6 496 Просмотров

17:38 Объемы производства сахара будут увеличены в семь раз —... 6 252 Просмотров

17:13 Тарифы на комуслуги изменятся в Казахстане... 6 276 Просмотров

16:54 Министр Аймағамбетов балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз... 8 741 Просмотров

16:52 «Қолайлы мектеп». Ұлттық жоба арқылы 582 мектеп бой көтереді... 8 874 Просмотров

16:52 «Суперагенты»: серьезный человек Сека уже ждет вас на IVI... 12 084 Просмотров

16:48 Балабақшаларды лицензиялауды күшейтеміз - министр... 7 319 Просмотров

16:43 Смайылов президенттің үкімет жұмысына қатысты сынына пікір... 5 487 Просмотров

16:42 Хищение средств через платформу АrtSport расследует антикор... 5 395 Просмотров

16:39 Еліміздің басым бөлігінде аптап ыстық болады – ауа райы... 5 165 Просмотров

16:37 Про президентскую критику... 6 319 Просмотров

16:29 Министерство не запрещало показ мультфильма «Базз Лайтер» -... 9 602 Просмотров

16:15 Экология министрлігі киіктердің мекендеу ортасын зерттеуге... 5 140 Просмотров

15:48 Денсаулық сақтау министрлігі аборт жасатуға тыйым салу... 5 465 Просмотров

15:45 Елімізде коммуналдық қызмет тарифтері өзгереді... 5 171 Просмотров

15:41 Капремонт всех роддомов пообещала министр здравоохранения... 5 144 Просмотров

15:27 Благотворительный спортивный зал для детей открыли в... 5 089 Просмотров

15:00 Қазақстан шекарасы қандай жағдайда жабылады... 4 943 Просмотров

14:18 104 мың гектарға қант қызылшасы егілсе, ішкі нарықты 80... 5 152 Просмотров

13:41 Қаңтар оқиғасы кезінде қанша қару тәркіленді – ҰҚК есеп... 5 116 Просмотров

13:15 Алагузова - Нуртасу Адамбай: Богу не нужна твоя помощь... 9 750 Просмотров

13:14 Жауынгер бір жыл ішінде әскери техниканы ғана емес, қолына... 6 836 Просмотров

13:04 Тамызда өршиді: Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус... 4 984 Просмотров

13:02 В отношении руководства ТОО «Казфосфат» начато досудебное... 5 195 Просмотров

12:59 Суицид в Казахстане: 96% случаев самоубийств совершаются... 5 432 Просмотров

12:51 Усовершенствовать военную организацию Казахстана поручил... 4 925 Просмотров

12:49 Закупать уголь заранее призывают казахстанцев... 4 962 Просмотров

12:45 Павлодарда кран жұмысшыны екінші қабаттан итеріп жіберді... 5 013 Просмотров

12:42 Президенттің сынынан кейін ұзаққа созылған жол жөндеу... 4 914 Просмотров

12:38 МӘМС шенеуніктердің жемсауытына айналған – Арман Бейсембаев... 5 149 Просмотров

12:32 Шоу-бизнес өкілдерінің ЛГБТ-ны насихаттайтын «Базз Лайтер»... 5 278 Просмотров





Опрос


«    Апрель 2024    »
ПнВтСрЧтПтСбВс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930